Ат туризмін қолдаушы шабандоздар Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының киелі жерлеріне саяхатқа шықты, деп жазады Egemen.kz.
Жеті күндік экспедицияның мақсаты – Бозоқ қалашығы мен Ботай мәдениеті сынды жалпыұлттық маңызы бар археологиялық ескерткішін танымал ету, сондай-ақ Қазақстан аумағында экологиялық туризмді ілгерілету.
«Бозоқтан Ботайға дейін» экспедициясының басталуына арналған іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, ғалымдар, At-trаvel клубының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
«Осы далада адамзат алғаш рет атты қолға үйретті. Ботай мәдениеті – сол ұлы өркениеттің бастауы. Бозоқ қалашығы – еңселі елордамыздың алтын тамыры. Бұл жерде ұлттық парк құру арқылы біз көне тарихымызды жас ұрпаққа насихаттаймыз. Мәдениет және спорт министрлігі ашық аспан астындағы ұлттық музей құрылысын кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздейді. Алдағы уақытта да «Бозоқ» музей-қорығының жұмысы жандана береді. Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының арасын атпен жүріп өтетін экспедицияның мәні ерекше. Осындай іс-шаралар арқылы атқа мінуді насихаттаймыз, тарихымызбен танысамыз, эко-туризмді дамытамыз. Экспедицияны ұйымдастыруға үлес қосқан баршаңызға алғыс айтамын», – деді Дәурен Абаев.
Біздің анықтама:
Бозоқ – Қазақстанның қазіргі астанасы аумағында орналасқан, 1250 жылдық тарихы бар көне қалашық. Кезінде Бозоқ арқылы Ұлы Жібек жолының сауда тармақтары өткен.
Ботай әлемдегі – ертедегі Еуразия жылқы өсірушілерінің бірегей қонысы. Бұл мәдениеттің өмір сүру уақыты б.ғ.д. V-IV ғасырларда өтті. Онда жүргізілген зерттеулердің тарихи маңызы- жылқыларды қолға үйретудің жер жүзіндегі бірден бір орталығы Қазақстан екенін дәлелдейді.