Күні кеше Абай жұрты әкімнің тағайындалуын тағатсыздана күтті. «Іскер әкім келсе екен» деп тіледі. Себебі Семейдің серпілуі, Абай облысының алға басуы – бірінші басшыға тікелей байланысты. Сөйтіп, облыстық мәслихаттың ашық дауыс беруімен Абай облысы әкімінің лауазымына Нұрлан Ұранхаев тағайындалды.
Семейге жұмыс сапарымен келген Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу өңірдің барлық деңгейдегі мәслихаттарының жиынына қатысып, Абай облысының әкімі лауазымына Ұранхаев Нұрлан Телманұлы мен Смайылов Асхат Сайдахметұлының кандидатураларын ұсыну туралы Мемлекет басшысының хатын оқып берді.
Нәтижесінде, 25 депутат А.Смайыловты қолдаса, 89 депутат Н.Ұранхаевты қолдаған. Көпшіліктің қолдауымен 11 маусым күні Нұрлан Телманұлы Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Тиісті Жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Абай облысының тұңғыш әкімі Нұрлан Ұранхаев 1987 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында инженер-механик, 2001 жылы Қазақ қаржы-экономикалық институтында экономист-менеджер, 2006 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейінгі жылдары Семей қаласының «Казпромтехмонтаж» кәсіпорнында мастер, прораб болып жұмыс істеген. Әр жылдары Семей қаласындағы «Сары-Арқа» АӨК басшысы, «Казиркутсклес» АОЗТ бас директоры, Шығыс Қазақстан облысы энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және көлік басқармасының басшысы, Шығыс Қазақстан облысы күрделі құрылыс басқармасының бастығы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Астана қаласының ТЖМ мемлекеттік материалдық резерві комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, «Ертіс» ӘКК басқарма басшысының орынбасары, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Семей қаласы гуманитарлық заң университеті президенті кеңесшісі, Қазақстан Республикасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары, Ұлттық экономика министрлігінің «ҚазҚСҒЗЖИ» АҚ бас директоры, Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болып қызмет атқарған.
Абай облысы