Әскери ант қабылдау – Қарулы Күштердің қатарына қосылған әрбір жас сарбаздың басынан өткеретін рәсімі. Көпшілік алдында ел қорғауға әзір екендерін салтанатты түрде мәлімдеудің жауапкершілігі жоғары екені белгілі. Ендеше, халық алдында уәде берудің тарихы қайдан бастау алады? Әскери борышын өтеушілердің анты елімізде қалай жазылды? Тәуелсіз еліміздегі әскери ант қабылдау міндеті қалай қайта жүргізілді?
Тарихтан белгілі, посткеңестік мемлекеттердің барлығында өз Қарулы Күштері құрылған соң әскери қызметшілерге Әскери ант қабылдау міндеттелді. Бұл мәселені Қазақстан басшылары ақылдаса келе әскери қызметті атқарып жүргендер үшін қайтадан әскери ант берудің қажеті жоқ деген шешім қабылдады. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің қатарына жаңадан қабылданғандар ғана әскери анттың жаңа нұсқасы бойынша қызметке кірісетін болды. Аталған мәселенің оң шешілуіне Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов көп еңбек сіңірді. Армия генералы осы мәселені көтеріп ел басшылығының атына бірнеше рет хат жазды. 1992 жылдың бастапқы кезеңінде жазылған хатында Халық Қаһарманы: «Соңғы күндері түрлі себептерден, оның ішінде жан-жақты ойластырылған заңнамалық актілерді дайындау мен қабылдануын күтпестен асығыс қабылданған бірнеше шешімнің салдарынан әскери антты қабылдау мәселесіне маңызды тосқауылдар туындатып отыр» деп атап көрсетіп, өзінің ой-пікірін нақты білдірді. №5 қордың 640-ісіндегі хатында: «Әскери қызмет халық алдындағы уәде болып табылатын әскери ант беруден басталатыны белгілі. Маршал немесе сарбаз болсын әскери адам ретінде анттың талаптарын орындауды қасиетті борыш деп санауға тиіс. Оған адалдығын өмірінің соңына дейін сақтауы қажет», деп жазады ол.
«Қазіргі таңда Қарулы Күштерде қызмет атқарып жүрген генералдар, офицерлер және солдаттар бір рет әскери ант қабылдайды. Бірақ Кеңес Одағы жоқ болғандықтан, алғашында «ешкімге де қызмет атқармаймыз» деген мәселенің алдында тұрмыз. Менің ойымша, бұл қате түсінік, қате пікір. Әскери анттың мәтінінде «Мен әскери істі қастерлеп зерделеуге, әскери және халық мүлкін жан-жақты сақтауға және соңғы демім біткенше өз халқыма адал болуға ант беремін ...» деген сөздер бар. Қазіргі таңда осы сөздер өзектілігін жоғалтты ма? Жоқ деп ойлаймын. Халыққа қызмет ету – әскери анттың негізгі маңызы» дей отырып, Сағадат Нұрмағамбетов бірнеше ұсыныс жасайды. Олардың қатарында ресейлік, украиндық немесе басқа да бір елдің бүкіл жеке құрамы «жаңа» ант қабылдаудан бас тартуы қажет; жаңа толықтыру арқылы келген шақырылушы контингент ТМД елдерінің Біріккен Қарулы Күштерінің қатарына алынатын болса, осы елдердің басшыларының арнаулы келісімімен мақұлданған әскери ант мәтіні бойынша қабылдануы мүмкін; ТМД елдерінің қатарына енген республикада өз Қарулы Күші құрылған жағдайда, сол елдің өзінің заң шығарушы органы дайындап, бекіткен антты қабылдау керегі жайында айтылған. Төртінші ұсынысында армия генералы «Іс жүзіндегі Қарулы Күштердің жеке құрамын жедел түрде өңірлік әскери ант қабылдатқызу асығыс, қате және үстірт, сонымен қатар біріккен Қарулы Күштердің құлауына әкеп соқтыратын шешім» деп атап көрсеткен. Ол әскери проблемаларға қатысты күрмеулі мәселелер абайлап, мұқият және асығыстыққа салынбай шешу қажетін атап өтеді.
Әскери ант дегеніміз – әрбір азамат мемлекеттің Қарулы Күштеріндегі әскери қызметке қабылданған (шақырылған) кезіндегі салтанатты ант беру рәсімі. Дербес, егеменді ел құрған жаңа мемлекет ретінде Қазақстан әскерінің анты қандай үлгіде болуы қажет деген тақырыпта түрлі ұсыныстың болғаны да рас. Мысалы, бұған дейінгі КСРО әскери анты (1947-1991) кеңестік әскери қызметшілердің алғашқы ресми уәдесі болды.
Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетов Президенттің атына жаңа әскери анттың мәтінін 1992 жылы 17 маусымда хатпен ұсынған. Хатқа қойылған қарарлардың белгілісі: 1992 жылы 22 маусымда ел басшысы Жоғарғы Кеңеспен, басқа да мүдделі органдармен келісу туралы тапсырма береді. Осы хатында С.Нұрмағамбетов әскери анттың Республикалық Ұланның әскери қызметшілеріне, Республикалық Ұланнан басқа әскери қызметшілерге арналған нұсқаларын да бірге ұсынған.
Осылайша, Жоғарғы Кеңестің ескертулері есепке алына отырып, егемен еліміздің Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне арналған әскери анттың мәтіні бекітіледі.
Әскери қызметшінің алғашқы еңбек жолындағы тұңғыш қадамы әскери ант қабылдаудан басталатыны белгілі. Ал армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов жас жауынгердің алғашқы қадамындағы құнды құжаттың қабылдануына қажырлы еңбек сіңірді. Нормативтік-құқықтық сипаттағы құжаттың қабылдануы Қазақстан Қарулы Күштерінің жаңа бағытын, сипатын айқындап берді. Тәуелсіз ел армиясының алғышарттарының бірі – әскери ант беру тарихы осылайша жасақталды.
Әлия СҮЛЕЙМЕНОВА,
Президент Архивінің аға сарапшысы