• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Маусым, 2022

Қаламнан клавиатураға дейін

254 рет
көрсетілді

Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында дүниежізілік көлемде ақырын, тыныш атмосферада бір төңкеріс жүзеге асты: әлемдік баспасөз дүрмегіне ілесіп қазақ жорналшылық саласы да мәшіңкелерден компьютерлерге көшті.

Бұл өзгерісті көрсе де көп адам мән берген жоқ, артынан интернет келді, жазу мәнері өзгерді, екі буын арасындағы дәстүр үзілді, лексикалық қор байыды, қимыл-қарекет басқа атаулар тапты.

Ешкім ештеңе аңғарып үлгерген жоқ, жаңа заман орнады да қалды. Бүгінгі баспасөзден, жалпы, БАҚ-тан шұрайлы тіл кетті. Сарашылар құнарлы мәтін көрсе, жау көргендей әлемтапырақ болады. Технология бізден уақытымызды тартып алып жатыр. Күніміз смартфонға қарап қалды. Тікелей тілдесу жойылды. Әлеужелілерді ашсаң, күні-түні бітпейтін бір карнавал.  Шоу.  Ойын-той.

Бірақ көзсіз батырлар да бар екен. Бү­гінгі заманның ақкөңіл, адал жүректі дон-кихоттары да бар болып шықты. Ағыс­­қа қарсы жүзетін жүрек жұтқандар да бар екен. Мен Болат Шарахымбай бойын­­­дағы, қаламының ұшындағы шы­найы­лықты, адалдықты аса жоғары бағалаймын.

Қазір сенетін автор жоқ, бәрі басқа бір қулық-сұмдықтармен ауыз жаласып жатыр.

Жазғанының жартысы өтірік. «Жалған сопы судың соры» дегендей, Мәшһүр Жүсіп. Мәтіннен шынайылық кетті. Тех­никалық талаптарды меңгерген, стиль­дерді игерген кәсіби де кәнігі қалам­дас әріптестер бір шоғыр.

Саяси ойындар әдеби ойындарға дейінгі диапазонды қамтыды. Күшейді. Ма­рапат та ойын, махаббат та ойын, қыз­мет те ойын. Сәйкесінше, қос тарапта – толған ойыншылар. Болат – нағыз, таза көсемсөзші. Ол қоғам алдына өткір мә­се­ле қоя біледі. Жариялаған дүниелері тал­қыға түсіп жатады. Және бәрі шынайы, жасандылық жоқ. Шын деген сөз қолданылмай кеткелі қашан, адамдар мазмұны мен мағынасын ұмытып қалған тәрізді. Өйткені шыныңды айтсаң, біздің қоғам күледі. Сондықтан бір-біріңе жалған сөйлесең, көлгірсісең әлдеқайда тиімдірек. Кітабы шын ниет, ақ тілекпен жазылғаны көрініп тұр. Терең мағыналы мақалаларға толы. Маңызы зор. Ұлттық мәселелер, елдік тақырыптар, автордың позициясы ашық, ештеңе жасырмайды, нақты, нық, ол – еліне, ұлтына ешқашан өтірік айта алмайды.

 

Дидар АМАНТАЙ