Қазалы ауданындағы Қ.Пірімов ауылында 2009-2010, 2011-2012 жылдары туылған жасөспірімдер арасында бокстан аудандық ашық турнир өтті. Даңқты қолбасшы Жалаңтөс батыр жүлдесі үшін «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылған жарыста 180 оқушы шаршы алаңға шықты.
Бес күнге жалғасқан турнирдің негізгі ұйымдастырушысы №18 Қазалы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болды. Атаулы жыл аясындағы сайысты өткізуге аудандық спорт, ішкі саясат бөлімдері, Жастар ресурстық орталығы мамандары, Жалаңтөс баһадүр ұрпақтары да үлкен үлес қосыпты.
Аты аудандық болғанмен бұл жолғы жарыстың ауқымы кең. Турнирге қатысушылар арасында облыс аудандарынан бөлек көршілес Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасынан келген жас спортшылар болды.
Қазалы – түрлі спорт түрінен алда жүрген аудандардың бірі. Бұл жарыста да ауылдардағы балғын спортшылардың бағы жанды. Ж.Баһадүр, Қ.Пірімов ауылдарының спортшылары бірінші тұғырдан көрінді. Өзге аудандар мен Түркістан облысынан, Өзбекстан Республикасынан келген боксшылар да жеңімпаз атанды.
Қызылорда