Азалы желтоқсанда жүрекке ауа жетпеді. 1986 жылдың қысы ақ жамылған айналаны қанды түске бояп, қызыл қарды құшқан қаншама боздақтарымыз ажал құшты. Табанынан сыз өткен, суықтан жаны қалтыраған жастар небір дертке шалдықты. Әйтсе де олардың рухы мәңгілік биікке көтерілді, балбал тасқа айналды. Біз мысалға алған картина сол қасіретті еске салады.
Бұл ешқандай миф емес, символдық сипаты да жоқ, қоғамда белең алған қанды оқиғаның желісімен жазылған шығарма. «Миокард инфаркті». Созылмалы сырқаттың атауымен аталған туынды драмалық сипатқа ие. Авторы – мифошығармалардың жанкүйері, суретші Бақыт Бәпішов.
Бақсаңыз, кенеп бетінде тік форматта тас балбал көлденеңінен сұлап жатыр. 1986 жылғы қайғылы жағдай суретшінің жүрегінен осылай өтеді. Балбал фонында шығыстық мәнерде өсімдік тектес оюлармен өрнектелген кілем ілінген. Кілем қызғыш сары түстен күрең қызыл түске дейін құбылады. Қауіпті науқас балбалтас пішінде тұспалданып берілген. Алайда күңіреніп түйген қабағы оқырманға айқын көрінеді. Балбал баба тастан жаралған жүрек тұсын құшақтап қырынан жатыр. Оның үстіне кептерге ұқсас құс қонақтаған. Құстың көлеңкесі ерекше айшықталып қою қара түсте кілем бетіне түскен. Ол да бұлыңғыр.
Алдыңғы шепке құстың өзінен бұрын көлеңкесі басымдық таныта шығып тұр. Бұл көлеңке шығарманың драмалық күшін одан бетер күшейте түседі. Құлап түскен балбалдың көлеңкесі жоқ, бұл оның дүниеден жырақ екенін аңдатады. Композиция аяқсыз қалғандай әсер береді. Өйткені кенепте бейнеленген кілем форматтың сол жақ тұсында бітпей қалып шорт кесілген болса, сұлап жатқан балбал тас кенептің оң жақ тұсында жамбасынан төмен қарай шорт кесіліп аяқсыз қалған.
Қылқалам шебері драмаға толы қайғылы кезеңге себепші болған оқиғаға қатерлі аурудың диагнозын қойып, оны балбалмен бейнелей отырып, бүгінгі қоғамның баба мұрасынан тамырымен ажырап бара жатқанын баяндайды. Сол арқылы 1986 жылы ұлтым деп қан төккен боздақтардың рухы ұлтсыздардың табанында тапталғанына наздана көңіл айтады. Суреткер қасіретті шақтың кескінін осылай бағамдайды.