• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Маусым, 2022

Таптай берсең, түк қалмайды...

1916 рет
көрсетілді

Қарақат та бүлдірген сияқты, шілде­нің ыстығымен толысып, дөңгеленіп, тамыздың басында піседі де, сол уа­қытта термесең, ағып түседі. Бүл­дір­ген тіпті ерте, көктемде толысып, жаз­дың алғашқы ыстықтарында ағып кетеді. Біздің көргеніміз қой қарақат, аю қарақат екені белгісіз, әйтеуір Сарысу өзенін қиып, Нұраға бет алған теміржол бойындағы майда талдарда жыпырлап өсетінін білеміз. Екі ауылды тойдыратын: Өспенді де, Жарықты да. Екі ауыл ел боп теретін тамыздың басында. Осыдан жиыр­ма жыл бұрын сондай еді.

Қазір ол жердегі қарақат қараң қа­лыпты. Құруға айналған. Кейінгі буын қара­қат тереміз деп талдарын сындырған, жа­пырған, жұлған, қысқасы бұта, талына қарамай бырт-бырт үзген бе, әйтеуір құрып кетудің алдына апарған. Және тамыз тумай шілденің белор­тасында, піспей тұрып тып-типыл қылып кететін көрінеді. Мүмкін содан тұқым шашып үлгермей ме екен, беймәлім. Осыған қарап табиғатпен үйлесе алмайтын, санасы ішіп-жеуді, молырақ қамтып қалуды ғана білетін ашкөз ұрпақ келді ме деп шошисың. Әйтпесе не көрінді?

Кезінде қарақатқа тұнып тұратын ол жерлер. Жапырақтары да бірыңғай жасыл емес, қызғылт, күреңге келіңкірейтін. Үлкендер теміржол бойындағы ағаштардың көбін Карлаг тұтқындары отырғызған дейтін. Жанды сөз. Тұтқындар жеміс ағаш­тарымен қоса егін, жүгері, тағы басқа дәнді дақылдардың неше атасын еккен. Небір агроном, бағбандар былай тұрсын, қай са­ланың болмасын жілігін шағып, майын ішкен ғалымдар отырған тұтқында. Екін­ші жағы – тегін жұмыс күші. Оның үстіне біз қарақат теретін Сарысу өзенінен әрі 20 шақырымдай жердегі Бұрма ауылы Карлаг-тың бір нүктесі болғаны айтылады. Маңайын­дағы жазық жердің бәрі терек пен тал, егістікке қар тоқтату үшін отырғызса керек.   

Қарақатты тамыздың басында ыстықта теретінбіз. Қошқыл-қара, қызыл түсті, теру де оңай емес. Итшілеген еңбек. Өн­бейді, күшке көнбейді. Бұта-бұтаның ара­сында ептеп отырғаның. Күн болса ыстық. Мөлдіреген жемісті қатты қысып жіберсең езіледі, түбінен жұлқысаң бұта­сын сындырып аласың, жапырағын жұл­мау керек дегендей. Олай етпеудің бәрін үлкендерден үйрендік. Сындырып, жапы­рағын үзіп алмау­ды. Бертініректе ешкім айтпайтын болғаны да, шамасы. Таң ата кіріскенде кешке дейін орта не бір шелек тересің-ау. Әлгіндей ептеп, талын қиратпай тергендіктен ол да. Әйтпесе жұлмалап, сауып-сауып алу кімнің қолынан келмесін? Ал енді сол жабайы қарақаттың тосабы бар ғой, бойға қан жүгіртіп, жан береді кеу­деге. Иісі бұрқырап, кеудені ашады. Дәмінен әлдебір асаулық па, мінез байқалатын. Одан кейін тосаптың неше атасын таттық қаладан. Тәтті болғанымен, әлгіндей бір ерекшелік байқала қоймайды. Соны отап, таптап жоқ қылуға айналған жұртқа не деуге болады? Біреулердің қарақаттай мөлдір балалығы қалған сол жерде. Ол қарақат баяғыдай сыңсып тұрса, қаншама буынды қуаттандырар еді. Қаншама жанның түрлі ауруларына ем болары тағы бар. Қасиеті көп қой, көп.

«Тарта жесең тай қалар» деген қазақ. Тап­тай берсең, түк қалмасы осыдан байқалады.