АСТАНА. 23 сәуір. Қазақстандық еркін күрес шебері Руслан Қалиев бүгін Астанада басталған Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы egemeni.kz тілшісі хабарлады.
Құрлық біріншілігінде Руслан Қалиев 57 килоға дейінгі салмақта кілемге шықты. Ол финалда өзі секілді жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері болып табылатын моңғол Дамдирбазар Сонгбахтырмен кездесті. Белдесу алғашқы минуттардан тартысты басталды. Қазақ палуаны өзінің алғашқы шабуылдарының бірінде қарсы әдіске түсіп қалды - 0:2. Бұдан әрі Руслан 1 ұпай ала алды. Бірақ қарсыласы да қарап қалмады. Сөйтіп, есеп бірінші кезеңде 3:1 болып тоқтады.
Үзілістен кейін біздің палуан белсенділікті арттыра түсті. Соның нәтижесінде ол есепті теңестіріп қоя салмай, одан да ары кетті – 5:3. Бұдан әрі Қалиев басымдығын ұлғайта отырып, соңғы сәтте 10:4 деген есепке қол жеткізді.
Еске сала кетейік, Азия чемпионатын Астанада бүгін, 23 сәуір күні басталды. Жалпы, 5 күннің ішінде мұнда еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресі шеберлері 24 медальдар жиынтығын сарапқа салады.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemeni..kz.
Фото: vesti.kz.