СОФИЯ. 23 сәуір. Болгарияның астанасы – София қаласында өтіп жатқан бокстан жас жігіттер мен қыздар арасындағы әлем чемпионаты соңғы кезеңіне қадам басты. Бүгін мұнда жартылай финалдық шайқастар болып өтіп, онда күш сынасқан 4 жігітіміз түгел жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Алдымен шаршы алаңға қыздар шықты. Астана уақытымен 15:00 сағатта басталған таңертеңгі сессияда 51 килоға дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова армян құрбысы Ануш Григорянға есе жіберіп қойып, қола медальды қанағат тұтты.
Содан кейін жігіттердің кезегі келді. Сағат 17:00-де керуен керген күндізгі сессияны 49 килодағы Шалқар Айқынбай үндістандық Шиям Какарамен ұрыспен ашып, 2:1 есебімен ұтысқа ие болды. Мұның соңынан рингке көтерілген 56 килодағы Сұлтан Зәуірбек ағылшын Петер МакГрейлмен жекпе-жекті де осылай бітірді.
Кешкі сессия 20:00 сағатта жалау желбіретті. Оның басында 60 килодағы Абылайхан Жүсіпов (суретте) өзбек Икболжон Холдаровты 3:0 етіп ұтып шықты. Ал 81 килодағы Вадим Казаков норвег Вегар Трегранды 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал финал – ертең!
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz,
Фото: ВКонтакте.