• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Маусым, 2022

Ең қауіпсіз көлік қайсы?

727 рет
көрсетілді

Ең қауіпсіз көлік қайсы десе, жұртшылықтың есіне бір­ден пойыз түсері анық. Шын­туайтында, олай емес. Ең қауіпсіз болып саналатыны – аспан көлігі, яғни ұшақ. Одан кейінгі орында – құрлық көліктері, содан кейін ғана пойыз. Ал жеңіл автокөліктер­дің ішінде қауіпсізі қайсы? Мамандардың зерттеулеріне үңіліп көрейік.

Жалпы, әр үшінші қазақстандық тізгін­деген «темір тұлпар» ең қауіп­ті қозғалыс көлігіне жатады екен. Жол сақшыларының айтуынша, көлік апатының көбі қарапайым жол ере­желерін сақтамаудан болады. «Көлік сияқ­ты қауіпті механизм асығып-аптығуды кешірмейді. Кез келген іс, мейлі ол қандай маңызды болса да, өзі­ңізге аманаттап берілген өміріңізге таты­майтынын ешқашан есіңізден шығар­маңыз. Ешкім де біреудің өмірін өксі­туге құқы жоқ. Ол үшін көлік рөлінде отыр­ған әрбір жүргізуші жол жүру ережесін сақтауға міндетті», дейді мамандар.

Екінші, автокөліктердің сенімді әрі қауіпсіздігі де өміріңізді сақтандыруға кепілдік береді. Көліктердің қауіпсіздік деңгейіне арнайы зерттеулер жүр­гізген Freedom Finance Insurance сақ­тан­дыру компаниясының маман­дары автомобильдердің танымал модель­дерінің бәрі сенімді және қауіпсіз бола бермейтінін айтады. «Қазақстанда Hyundai Accent, Kia Rio моделдері өте танымал. Бұл – ел тұрғындарының ең көп сатып алатын көліктері. Бірақ олардың қауіпсіздігі тиісті талаптарға сай емес. Мысалы, Euro NCAP агент­тігінің зерттеулеріне сүйенсек, Kia Rio моделін иеленген жүргізушінің қауіпсіздігі – 85%, ал оның қасындағы жолаушының қауіпсіздігі 62% деңгейінде ғана бағаланған. Hyundai Accent автомобиліне жүргізілген краш-тестің нәтижесі жүргізушінің қауіпсіздігі бар болғаны – 9%, машина ішіндегі балалардікі – 11% ғана екенін көрсеткен», дейді сақтандыру компаниясының мамандары.

Өкінішке қарай, қазақстан­дық­тар­дың көбі көліктің қауіпсіздігіне емес, оның бағасына, үнемділігі мен жүру төзімділігіне көңіл аударады екен.

Сонымен елімізде жүрген көлік­тер­дің ішінде ең сенімдісі қайсы? Казақстандық автобизнес қауымдас­тығының мәліметтеріне сәйкес 2022 жылғы сатылымы жоғары автомобильдер қатарында Hyundai, Chevrolet, Kia, Lada және Toyota танылған. Бірақ бұл көліктер қазақстандық нарықта танымал және сұранысқа ие болғанымен, олардың сенімділігі жоғары деңгейде емес. Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясының мамандары жүргізген сауалдамаға сәйкес еліміздегі ең сенімді көліктер ретінде Volvo XC90, Toyota Camry, Mercedes-Benz E аталған. Айталық, NCAP агенттігі краш-тест нәтижесінде Volvo XC90 автомобиліне 5 жұлдыз берген. Зерттеушілердің пікірінше, бұл көлікке отырған жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздік деңгейі 97%-ға жетеді. Оның бампер мен радиатор шілтері жабындысының жұмсақтығы сондай, байқаусызда көлік дөңгелегінің астында қалған адамның аман қалу мүмкіндігі 72%-ға дейін жетеді екен.

Toyota Camry көлігінің де қауіп­сіздік деңгейі жоғары болып шыққан. Оның қауіпсіздігіне жүргізілген тестің ең жоғарғы балы – 16 болса, көлік осы балдың түгелін еншілеген.

Сондай-ақ ең қауіпсіз автомобиль ретінде аталған Mercedes-Benz E көлігі апатқа ұшыраған жағдайда жүргізушінің аман қалу ықтималдығы 95%-ды құраған. Бұл да – жоғары көрсеткіштің бірі.

Жалпы, жеңіл көліктердің қауіпсіз­дігін әр ел өзінше бағалай­ды. Бұл сол мемлекетте танымал көліктердің маркалары мен жүргізушілердің таңдауына да көп байланысты. Мысалы, америкалықтар биылғы жариялаған рейтингіде ең сенімді көлік деп Hyundai Elantra моделін атаған. Олардың пікірінше, көліктің сырты берік болатпен қапталған, қан­дай апатта та төтеп бере алады. Заманауи электроникасы мен қауіп­сіздік жастықтары да ақылмен жасалған. Сонымен қатар АҚШ Kia Soul, Вольво ХС90 көліктерінің қауіпсіздігін де өте жоғары бағалапты.

Ал еуропалықтар Nissan Qashqai, Volvo C40 Recharge, Mercedes-Benz C-Class көліктерінің қорғау жүйесі мықты деп санайды. Автомобильдер қауіпсіздігі бойынша тест жүргізу жөніндегі Еуропалық комитеті Nissan Qashqai көлігінің құрылымы мен дизайны ғана емес, сыртқы қаң­қасы да берік жасалғанын айтады. Соның нәтижесінде көлік бетпе-бет соқ­тығысса да жүргізуші мен жолау­шының өмірі аман сақталатын көрінеді.

Ал Volvo C40 Recharge көлігінде төтенше жағдайларда жол жолағында көлікті ұстап қалу және оны сақтап қалу жүйесі бар болса, Mercedes-Benz C-Class моделінде апаттық жағдайда бірден іске қосылатын қауіпсіздік жүйесі бар екені, соның нәтижесінде ауыр жарақат алу ықтималдығы азая­тыны атап көрсетілген. Бұл көлікте визуалды және дыбысты дабылдар да орнатылған. Мұндай белгілер салондағы күдікті қимылдар туралы жүргізушіге үнемі ескертіп отырады. Осындай артықшылықтары да Volvo C40 Recharge моделін өте қауіпсіз әрі сенімді көлік етіп отыр.

Жапония елі Toyota Prius, Honda Jazz, Subaru XV моделдерін жоғары бағаласа, Қытай Baojun 730. Wulling Hongguang, GAC Trumpchi GS4 көліктерін тәуір көреді.

Ал ресейліктер Seat Tarraco, Hyundai Santa Fe, Toyota Highlander көліктерін сенімді деп санайды. Ресейлік авто­зерттеушілердің пікірінше, Hyundai Santa Fe машинасының шанағы өте берік. Сонымен қатар бұл көлікте қауіпсіздіктің жоғары технологиялық функционалы бар: апат алдында те­жеу­дің автоматты жүйесі, монито­ринг және көрінбейтін зонада автомобильдердің соқтығуының алдын алатын желі бар.

Toyota Highlander көлігінде бетпе-беттегі қауіп-қатерді ескертетін функция, жол белгілерін айқындайтын және мониторинг жасайтын белгі, алыстағы жарықты басқаруға болатын жүйе орнатылған. Сондай-ақ көліктің айбынды габариті мен қатты шанағы да ресейліктердің жоғары бағасына ие болыпты.

Иә, көлік – пайдалы механизм, бірақ оны дұрыс жүргізбесе, қауіпті екенін де естен шығармау қажет. Freedom Finance Insurance СК мамандарының кеңесіне құлақ түрсек, көлік сатып аларда оның қауіпсіздік деңгейіне де көңіл аударған жөн. «Жаңа көлік сатып алушылар көбіне көліктің арзанына жүгіреді. Бірақ оның қауіпсіздігіне де ерекше ден қойған абзал. Өйткені адамның өмірінен артық маңызды ештеңе жоқ. Қара жолда қаншама адамның өмірі үзіліп жатады. Кей жағдайда көліктің сапасыздығы да оған әсер етеді. Сондықтан көліктің сенімділігіне, бағасы мен сапасының ара қатынасына, техникалық сипаттамаларына айрықша назар аударып, автозерттеушілердің жоғары бағасына ие болған көлікке таңдау жасаған жөн», дейді мамандар.