Қазақстанда ғылыми коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсы басталды. Бұл туралы Ғылым қоры хабарлады.
Ғылым қоры жанындағы Жобалық дирекциясының директоры Манат Келдібеков кейінгі жылдары елімізде белгілі бір коммерциялық әлеуеті бар перспективалық жобалардың пулы қалыптасқанын жеткізді.
«Біздің қор 2018 жылдан бастап ғылыми және ғылыми-техникалық нәтижелерді қаржыландыру конкурсын ұйымдастырып келеді. Осы уақыт ішінде елімізде белгілі бір коммерциялық әлеуеті бар перспективалық жобалардың пулы қалыптасты. Отандық ғылыми әзірлемелерге негізделген үздік инновациялық тауарлар мен қызметтер мемлекеттік қолдауға ие болып, қаржыландырылады және экспортқа шығарылады. Ғалымдар өз жобаларын жүзеге асыру үшін 300 млн теңгеге дейін қаржы ала алады. Сондай-ақ ғылыми жобалар тек Қазақстан аумағында енгізіледі», деді М.Келдібеков.
Конкурсты ұйымдастырушы ұйымның мәлімдеуінше, жобалар экономиканың денсаулық сақтау, сапалы білім беру, цифрландыру, геологиялық барлау, энергетикалық кешенді жаңғырту, өңдеу өнеркәсібі, мұнай-химия өнеркәсібі, экология, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия, металл өңдеу, туризм және т.б. сияқты салаларды қамтиды. Гранттық конкурста ашықтық пен транспаренттілікке бағытталған жаңашылдықтар бар. Коммерцияландыру жөніндегі арнайы құрылған ұлттық кеңестің өкілдері қаржы бөлу үшін жобаларды іріктейді. Оның құрамына жетекші ғалымдар, венчурлық бизнестің, салалардың өкілдері, инновация саласындағы сарапшылар кіреді. Кеңес Үкімет қаулысымен бекітіледі.
Байқау талаптарына сәйкес жоба 3 жыл ішінде аяқталып, сатылымға шығуы керек, ал қоса қаржыландыру грант сомасының кемінде 20%-ын құрауға тиіс. Командалар құрамында 5 адамға дейін қатыса алады.
Өтініштерді қабылдау басталып кетті, бұл 5 шілдеге дейін жүргізіледі. Өтініштерді «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, яғни www.is.ncste.kz сілтемесі арқылы жіберуге болады. Қажетті құжаттар тізімі Ғылым комитетінің (www.gov.kz/memleket/entities/sc?lang=ru), «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ (www.ncste.kz/ru/competition) және Ғылым қорының (www.science-fund.kz) веб-сайттарында орналастырылған.