Соқпақбаев-Қарсақбаев тандемінен туған «Менің атым Қожаның» бас кейіпкеріне астана төрінен ескерткіш орнатылуын қоғам оң қабылдады. Ашығын айтқанда, Абдолла Қарсақбаев пен Бердібек Соқпақбаевтың кейіпкері өздерінен бұрын төрге озды, қос дарынның еленбей кеткен жарқын бейнесі алдында тағзым, өтелмей қалған парызы ретінде қабылданды. Олай деуге де негіз жоқ емес. Қазаққа Канн фестивалінің бас жүлдесін алып берген белгілі тұлғалардың көзі тірісінде тасада қалғаны, тасада қалдырғысы келетіндердің көп болғандығы туралы әңгімелер күні бүгінге дейін айтылады. Біз осы орайда Абдолла Қарсақбаевтың келіні, белгілі продюсер Майра Қарсақбаевамен сұхбаттасқан едік.
Суреткерге қарсылық әлі де сезіледі
– Майра ханым, Қожаға ескерткіш орнатылғаны туралы жаңалықты Қарсақбаевтар отбасы қалай қабылдады?
– Ескерткіш орнатылса деген арман бұрын тек тілек деңгейінде ғана жүрді. Ал сүйінші жаңалықты бізге бірінше болып Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. Әрине, бұл біз үшін күтпеген сый болды. Әсіресе, анамыз қатты қуанды. Араға қанша жыл салып, атамыздың мәңгі өшпес кейіпкерінің ескерткішке айналуы – режиссер шығармашылығына деген үлкен құрметтің бір белгісі. Өйткені осы уақытқа дейін Абдолла Қарсақбаевтың еленбей келе жатқаны белгілі.
– Канн фестивалінің арнайы сыйлығын алған алғашқы қазақты кім елемеуі мүмкін еді?
– Бәрін қазақтығымызға саламыз ғой. Көпке дейін мен мұны қазақтың ішінде болмай қалмайтын құбылыс деп қабылдадым. Тіпті аспанда бір шоқ жұлдыз пайда болса, сонымен бір мезгілде жарығын әлсіретуге тырысатын екі жұлдыз пайда болады екен. Содан кейін, әнебір жылдары Герольд Бельгер бір әңгімесінде шын талантқа кедергі келтіргендерден қуат кеткен соң, көзі тірісінде айтылған шөп-шалам әңгіме қурап қалған соң, бар болмысымен жарқырайды деген болатын. Атамыздың о дүниелік болғанына 30 жылдан асып барады. Көзі тірісінде айтылған шөп-шалам әңгіме ендігі қурайтын уақыт болды. Бірақ қарсылықтың ызғары әр-әр жерден сезіліп қалады. Анамыздан, яғни Абдолла Қарсақбаевтың жарынан өзім қызмет көрсетіп үлгірмеген атамыз жайлы көп естідім.
– Сонда көзі тірісінде қоғамнан көп шеттетілгені шын әңгіме ғой?
– Тіпті осы Канн сыйлығын табыстау рәсіміне де өзін жібермей қойған. Ал «Менің атым Қожаның» осындай фестивальден марапат алып, оған КСРО-дан кісі барып қатысқанын режиссердің өзі біраз уақыт өткен соң, радиодан естіген екен. Бізде сол кезден қалған ресейлік басылымдардың көшірмесі бар. «Қожаға» басты рөлді сомдағаны үшін қомақты ақшалай марапат та жіберіпті. Сол Канн фестивалінен кейін Болливудтың белгілі режиссері Радж Капур да Қарсақбаевтың туындысына оң баға беріп, бірге жұмыс істеуге ықылас танытыпты. Тіпті Мәскеудегі Үндістанның елшілігі арқылы шақырту жіберген. Бірақ Қарсақбаевтың бірнеше жыл бұрын «қайтыс болып кеткенін» хабарлаған жағдайлар да болған. Өмір қызық қой, 1970 жылдары Ташкентте өткен Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің Халықаралық кинофестивалінде Радж Капур мен Абдолла Қарсақбаев кездейсоқ жолығып қалып, үнді режиссері естіген хабарын айтып таңғалған. Осының өзі-ақ Абдолла Қарсақбаевтың «тілеулестері» аз болмағанын білдіреді. Өзі «артымда халқым бар» деген сөзді жиі айтыпты. Қиындықтарға мойымағаны да сол халқына деген сенімінен шығар.
– Режиссердің өзі де мінезді болғаны жайлы деректер естеліктерде айтылып қалады. Сонда аяқтан шалғандар биліктегілер емес, қасындағылар болып тұр ғой...
– Қиын сауал.. Әйтсе де, айтайын, талантты тұлғаның сағын сындырғысы келгендер көп болған. Әрине, енді оларды атап айтқаннан мән жоқ. Бірақ Абдолла Қарсақбаевты кино әлемінен шеттеткісі келгендер қазір халықтың ықыласына бөленіп жүр. Көреалмаушылық қазақтың қанына сіңіп кеткендей. Атамыз соның бәрін жүрекке жинаған секілді. Ол кезде қоғамнан шеттетіліп жатсаң, кімге барып жан сырыңды айтасың? Жолдастары да санаулы болған.
– Ел ішінде Абдолла Қарсақбаев пен Нұрғиса Тілендиевтің достығы туралы аңызға бергісіз әпсаналар жиі айтылады.
– Енді, сіз айтпақшы екеуі де мінезділердің қатарынан болған ғой... Бір-біріне батыл сын айта білгенін, оны екеуі де көтере алғанын апамнан естідім. Бірге оқығандығы, жерлестігі тағы бар. Олардың арасындағы шығармашылық талас-тартыс та болып тұрады екен. Бірақ ылғи адамгершілікке салып, ымыраға келіп отырған. Фильмдеріне Нұрғиса Тілендиевтің музыка жазуы да сол тіл табыса жұмыс істей алғандығы шығар.
Қожа – режиссер мен жазушының жүрек елегінен өткен кейіпкер
– Қазір кино саласында балаларға арналған туындылар кенжелеп қалды. Соңғы онжылдық бедерінде шыққан балалар тақырыбындағы кинолар есіме түспей тұр...
– Бұл да мені ойландырады. Кейде қазақ жазушылары, режиссерлерінің көкейінде жүрген, балалар туралы түсірсем деп жүрген балалар бейнесін «Қожа» бір өзіне жинап алған тәрізді әсер етеді.
– Қараңызшы, Қожа озат оқушы, ақылды, сонымен бір мезгілде мінезді, қырсық. Тіпті бүгінгінің баласы оның болмысынан өзінің мінезін таниды...
– Кез келген режиссер, сценаристің өнімі, жасаған еңбегі, жемісі автор өзінің деңгейінде ғана болады, одан аса алмайды. Жоғары сапалы фильм түсіру үшін шеберліктің шыңына жетуі керек. Абдолла Қарсақбаевтың парасаты, далалық рух, ұлттық бояуды сіңіргендігі қазақ киносы үшін үлкен олжа болды. Ол – халықтың адамы еді. Кітапты көп оқыған, Алашорданың тарихынан толық хабардар болған. Алаш тақырыбын сабақ ретінде де айтып отырады екен. Білім алу, сіңіру бір белес болса, халықты шын жақсы көру – ол тіптен бөлек. Ол кісінің кәсіби іргетасы да жақсы қалыптасқан еді. Қанша дегенмен, Мәскеуде жетік білім алып келгені сеп қой. Сол жақта үлкен адамдардан білім алды. Жан-жақты болған ғой. Тарихты білуі, халқын сүюі, кәсіби білімі бірінен бірі өтіпті. Қазіргі режиссерлерде осы үш қасиет қосылмай тұр. Бірі болса, бірі жетпей тұрады.
– «Бала болып көрмеген» адамның балаларға арналған өлмес туынды жасауында не сыр бар?
– Иә, ол кісіде балалық шақ болмаған. Отбасылық архивте өз қолымен жазып қалдырған автобиографиясы бар. 16 баланың ішінде аман қалған жалғыз тұяқ. Ашаршылықтың зардабын тартты. Арманындағы алаңсыз балалық шақты қиялына қанат бітіріп, экран арқылы сомдады. Бәлкім, өзінің бізге белгісіз болмысын Қожа бейнесі арқылы берді ме? «Жүректен шықпаған жүрекке жетпейді» деген аталы сөз бар. Қожа – Қарсақбаев пен Соқпақбаевтың жүрегінен шығып барып бізге жеткен кейіпкер.
– Қарсақбаев өмірде қандай адам болды...
– Қанша қиындық көрсе де, тағдыр оны қатайтпаған. Қатал болмаған. Балаларды қатты жақсы көрген екен. Режиссерлық өмірінде де солай. Дирижер оркестрді қалай басқарса, режиссер де бәрін солай уысында ұстаған.
Еңбектің лайықты бағаланғаны жөн еді
– Күйеуіңіз Тоқтар Қарсақбаев әке жолын жалғады. Сіз де танымал продюсерсіз. Ал атасының жолын қуған немерелері бар ма?
– Ұлымыз Мұса кішкентай кезінде киноға түсті. Режиссер бола ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Актерлік дарыны бар. Бірақ компьютерлік басқару жағына бүйрегі бұра береді. Канадаға барамын деп жоспарлап отыр. Тоқтар баяғыдан кино жағында. Бәлкім, Мұсаның баласы киноға келер. Тек пен қан деген жібермейді емес пе? Ал өзім қазір түрік фильмдерін осы жақта прокатқа шығарамын. Сосын үнді киносын осы жақта түсірумен айналысамын.
– Осы күнге дейін Абдолла ағаны ардақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Мен осы әулетке келгенге дейін де, келгеннен кейін де жұмыс тоқтаған емес. Мәселен, 2004-2005 жылдары Үкімет басшысына хат жаздық. Кезінде Уәлихан Қалижанов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсыновалар депутаттық сауал да жолдады. Өйткені сол уақытқа дейін Абдолла Қарсақбаевтың атында ешқандай көше, не мектеп атауы болмап еді. Нәтижесінде, Алматыдағы Ақбұлақ шағын ауданындағы көшеге, сосын мектепке де аты берілді. Кішкентай көше болса да, балаша қуандық. Одан кейін «Қожаның» 50 жылдығы қарсаңында «Қазақфильмнің» бұрынғы директоры Ермек Аманшаев та көп көмектесті.
– Ал мемлекет тарапынан қандай қолдау таптыңыздар?
– Қолдау деуге келмес... Біз көмек сұраған жерлер бір-біріне сілтейді де, соңы сиырқұйымшақтанып кете барады. 2018 жылы Лондонда өтетін «Еуразия» кинофестивалінде «Менің атым Қожа» фильмін көрсетуді ұйғардық. Дубляж жасауға қаржы іздедік. Өкінішке қарай, қаржы таппадық, сұраған жерлеріміз бас тартып жатты. Өз қалтамыздан қаражат шығарып, ағылшыншаға аударуға тура келді. АҚШ-тағы студияда мектептің актерлік шеберлік сыныбында оқитын студенттермен бірлесе дубляж жасап шығардық. Қызықты қараңыз, дубляж жоғары деңгейде жасалғанымен, видео сапасы өте нашар болды. Сапалы дүние шығуы үшін бар мүмкіндікті қарастырдық. «Қазақфильмге» де сұрау салып, ресми хат жолдадық. Жауапсыз қалды. Сол сапасыз күйінде Лондонда көрсеттік.
– Сонда қазақ кинематографиясының жауһарлары цифрлы форматқа көшірілмей қалған ба?
– Бұл – әлі де билік тарапынан терең зерттелуге тиіс тақырып. Өйткені Мәскеуде КСРО кезінде түсірілген фильмдердің түпнұсқасы сақталған «Алтын қор» бар. Бірақ бұрын мәдениет саласының басы-қасында жүргендер «Қазақфильм» туындыларын «түпнұсқасынан сапалы цифрлы форматқа көшіру үшін» Үкіметтен 5 млн доллар алған деген әңгіме айтылып қалады. Сосын «Қазақфильмнің» өзінде сақталған бірнеше көшірмені сандық жүйеге көшіре салған. Біз Мәскеудегі қордың өзіне хабарласып сұрадық. Олар «Қазақфильм» де, министрлік те хабарласпағанын, түпнұсқадан цифрландыру туралы ешқандай келісімшарт жасалмағанын айтты. Не сапа жоқ, не бөлінген қаржы жоқ, не одан есебін алған ешкім болған жоқ. Қордағы бір фильмнің цифрландырылуына 1-1,5 айдай уақыт кетеді. Құнды материал болған соң, әр кадрын бақылап отыру керек. Сондықтан да құны қымбат, шамамен 55 млн теңге.
Режиссердің 8 фильмін де, атап айтсақ: 1982 жылы шыққан «Балалықтың кермек дәмi» фильмі, 1979 жылы шыққан «Даладағы қуғыны», 1976 жылы шыққан «Алпамыс мектепке барады» фильмі, 1974 жылы шыққан «Оу, ковбойлар!» фильмі, 1971 жылғы «Біздің Ғани» туындысы, 1968 жылы шыққан «Балалық шаққа саяхаты»,1966 жылғы «Қилы кезеңі» мен 1963 жылы қалың көрерменге жол тартқан «Менің атым Қожа» фильмін түпнұсқасынан цифрлық форматтағы көшірме алу - басты тілегіміз. Ол еліміздің «Алтын қорына» әкелініп, өзімізде сақталуы тиіс дүние.
– Неге бұл жөнінде тиісті жерлерге хабар бермедіңіздер?
– Қорықтым. Ол кездері министр мырзаның абырой-беделі дүркіреп тұрған еді. Одан кейін қызметінен кетті. Бірақ министр болмаса да қолы ұзын адам, маған кім сенер еді? Сосын тағдырыма балта шабыла ма деп те қорқасың. Кейіннен «Қазақфильмнің» «Отырардың күйреуі» фильмін де цифрландырмақ болғанын естідік. Барып сұрасақ, жолатпады. Мүмкін сапасыз дүниені көрсетуге ұялған шығар? Бұл жөнінде де талай хат жазылды. БАҚ бетінде айтылды да. Белгілі журналист, қазіргі Сенат депутаты Дана Нұржігіт те бұл мәселені көтеруге септесті. Министрлік тарапынан ешқандай жауап болмады. Жанайқайыңды жазасың, тиісті жеріне жетпей, жарты жолда хатың жоғалып кетеді. Осындай үлкен мәселеге кеше ғана оқу бітіріп келген әлдебір жас маманды орындаушы етіп қояды. Мен мұны қазақ кино қорының ертеңіне жаны ашымағандық деп білемін. Өйткені ол таспаларды тағы 10 жылдан кейін цифрландыру бүгінгідей сапа бермеуі мүмкін.
– Абдолла Қарсақбаевтың атында музей бар екен. Ол қайда орналасқан?
– Атаның қолданған заттары, фильмдерінен естеліктері, жеке дүниелері, фотосуреттері бір музейге жетпесе, кем емес. Десе де, оның атында музей бар деп ауыз толтырып айтуға келмес. Өзіміз сұрап жүріп, жеткеніміз ғой. Бір мектептің ішіндегі көркемдік бұрыш іспетті. Мерейтойларында барып тұрамыз. Реті келгенде Нұр-Сұлтан немесе Алматы қалалары Орталық мұражайынан Қарсақбаевқа арналған кішкене бұрыш ашылса екен деймін. Сонда атамыздың артында қалған мұралар көптің назарына ұсынылар еді...
– Мерейтойы демекші, 2016 жылы атамыздың 90 жылдығы неге тойланбады?
– Біз бір жыл бұрын тиісті орындарды жан-жақты хабардар етіп, ұсыныс жасадық. Әдеттегідей елеген ешкім болмады. Ең болмаса, қолдағы ол туралы қызық деректер мен әңгімелерден, естеліктерден тұратын кітап шығарғымыз келген, реті келмеді.
– Ендігі төрт жылда 100 жылдығы келе жатыр. Дайындық туралы не айтасыз? Бәлкім, ЮНЕСКО шеңберінде тойлау туралы ұсыныстың айтылар кезі келген шығар..
– Иә. Тағы да аталмай қала ма деген алаң көңіл бар. Бұл арман анамызды да толғандырады. Қазаққа қалдырған туындылары әлі күнге көрерменін жоғалтқан емес. Сіз айтпақшы кейіпкерлері төрге озды. Ал өздері... Тірісінде лайық құрмет көре алмады. Одан кейін де әйтеуір аты үлкен мінберлерде көп атала бермеді. 100 жылдығын ел болып, дүркіреп атап өтсе де артық емес. ЮНЕСКО көлемінде тойланса екен деген тілегіміз бар. Ол үшін Президент назарына алынса құба-құп. Әлі ешкім қолына алып, атап айтып жатқан жоқ. Мәскеуден өзі түсірген 8 фильмді түпнұсқасынан цифрландырып, ойда жүрген кітабын сапалы етіп шығарғымыз келеді. Бұл атаның жүз жылдығына үлкен сый болар еді. Арқалаған аманатымыз да, алға қойған мақсатымыз да осы.
– Әңгімеңізге рахмет.
P.S. Асыра айтқандық емес, күллі қазақты тәрбиелеген ұлт мақтанышы – Абдолла Қарсақбаевтың туындылары қазақтың болмысын кино әлемінде таңбалап кетті. Өміршең. Онда өзіндік сыр бар. Ол сыр Қарсақбаевтың фильмдерінен қазақы бояу, халықтық педагогика, далалық рух пен ұлттық тәрбие төгіліп тұр. Ол сыр – Қарсақбаевтың кеңестік кезеңдегі қысымға қарамастан, халықтың қиналысын, қазақтың өр рухын өз фильмдері арқылы жеткізіп отырғандығында да болса керек. Оның өміршең кейіпкерлері барда, қазақ киносы да, қазақтың Қарсақбаевы да өлмейді. Халқы барда, ұлы режиссер ұлықтала да береді. Тек, әлем мойындаған тұлғаның 100 жылдық тойы дүбірлеп өтсе, көзі тірісінде құрмет көре алмай кеткен алаштың ұлы Абдолла қайта дүниеге келгендей қуаныш болмас па еді?!