• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2014

Халықаралық стандарттарға негізделген кодекс

268 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында сотталғандарды тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғау үдерістерін қалыптастыруда қоғамның рөлін арттыратын Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы  депутаттардың қызығушылығын туғызды. Бұған дейін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы бірінші оқылымда қаралған-ды.   Екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар қылмыстық-атқару заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкес келуі үшін көптеген өзгерістер енгізді. Заң жобасын қабылдау қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды анағұрлым кең қолдануға және сотталғандар мен жазасын өтеуден босатылған тұлғаларды әлеу­меттік бейімдеуге және оңал­туға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, пенитенциарлық және пени­тен­циарлықтан кейінгі қылмыстың қайталану деңгейін азайтуға жағдайлар жасап, сотталғандармен жүргізілетін тәрбие процесіне жұртшылықтың қатысу тетігін қалыптастырады. Заңнаманы одан әрі ізгі­лен­діру мақсатында депутаттар сот­тал­ғандардың қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету тетігін нақтылауға бағытталған түзетулер енгізген. Сонымен қатар,  Қоғамдық байқау комиссиялары туралы нормалар едәуір кеңейтіліп, дербес тарау болып көрсетілген. Негізінен, кодекс жобасы ха­лық­аралық стандарттарға сәйкес әзір­леніп, көптеген жаңашыл­дық­тарымен ерекшеленеді. Былайша айтқанда, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеу тетігі барынша жетілдірілген. Бас еркінен айырылған адам қарапайым жағ­дай­да жазасын өтесе, ары қарай оның тәртібіне байланысты ол қатаң немесе жеңілдетілген жағ­дай­ға ауыстырылуы да мүмкін. Бү­гін­гі таңда түрме жағдайында мұн­­дай әлеуметтік лифт диф­фе­ре­нциациясының көмегімен жазалауды атқару жүйесі Нор­ве­гияда қолданылуда. Онда соттал­ғандар өз қылмыстарының ерекше­лігіне қарай қамақ жағдайы мен құқық­тық артықшылықтарды (кездесу­ге мүмкіндік беру және т.т) қарас­тыр­ған әртүрлі қабаттарда өз жаза­ларын өтеп келеді. Елімізде де жа­заны дифференциациялау ар­қылы сотталғандардың түзе­луіне барынша жағдайлар жасау қарастырылып отыр. Жалпы, депутаттар заң­дық құжатты халықаралық стандарт­тарға жақындатуға айтарлықтай үлес қосқандығын ерекше айта кет­­кен жөн. Кодекс жобасы қыл­мы­­­сы үшін әділ жазалау тетігін енгізу қа­ғидаттарына негізделген. Осы­лайша, жазалаудың басты мақ­­саты заңға қайшы әрекет жа­са­ған адамның өз қатесін түсі­ніп, қамақ орнынан босағанда ба­­рын­­ша жақсы жағына қарай өзге­ріп шығуын қамтамасыз ету. Депу­таттар кодекс жобасын жан-жақты талқыдан өткізгеннен кейін екінші оқылымда қолдау керек деп шешті. Күн тәртібінде осының алдында қаралған мәселелердің ал­ғашқысы «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өн­дірілуін және айналымын мем­лекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасы бірінші оқылым­да қолдау тапты. Заң жобасы бойынша баяндама жаса­ған Премьер-Министрдің орынба­сары – Қаржы министрі Бақыт Сұл­та­нов Дүниежүзілік денсау­лық сақ­тау ұйымы жүргізген зерт­теу­лер­ге ерекше назар аудартты. Келтірілген мәліметтерге қара­ғанда, спирт ішімдіктерін тұтыну жөніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің арасында 34-ші орынды иеленген. Былайша айтқанда, әрбір азаматқа шаққанда жылына орташа есеппен 5,5 литр таза этил спирті немесе 11 литр арақтан келеді екен. Бұл – Қазақстан Орталық Азия өңірінде ең көп ішетін ел деген сөз. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында енді күшті алкогольге біртіндеп бағаны көтеру, сату орындары мен уақытын шектеу және сауда тәртібін орнату, сондай-ақ, этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірілуі мен айналымына мемле­кеттік бақылауды күшейту көзде­ліп отыр. Вице-премьер бұл ретте күшті алкоголь өнімдерін сату мейрамханалар, дәмханалар мен барларды қоспағанда, жұмыс және демалыс күндеріне бөлінбестен кешкі сағат 21-ден бастап, келесі күнгі 12-ге дейін сатуға тыйым салынатынын ерекше атап кетті. Мұндай шектеу негізінен 30 градустан жоғары спиртті ішімдіктерге қатысты болса, ал күштілігі төмен алкоголь өнімдеріне бұрынғыша түнгі 23-тен таңғы 8-ге дейін тыйым салынады. Сондай-ақ, базарларда, көтерме сауда орындарында, дүңгіршектерде және де белгіленбеген орындарда алкоголь өнімдерін сатуға рұқсат жоқ. Заңдық құжат, сонымен қа­тар, денсаулық сақтау, білім беру, балалар мекемелері, дене шы­нық­тыру-сауықтыру және спорт ғимараттарында алкоголь өнім­дерін сатуға тыйым салуды қарастырады. Мұндай тыйым салу автожанармай құю бекеттеріне де қатысты. Заңдық құжатта бизнес субъектілерін контрафактілік және заңсыз алкоголь өнімдерін сатып алудан сақтандыру мақсатында есептік-бақылау таңбаларының дұрыстығын анықтайтын құ­ралдарды енгізу көрініс тапқан. Б.Сұлтановтың айтуынша, заң жобасын әзірлеу еліміздің эко­но­микалық мүдделерін, эконо­микалық қауіпсіздігін, азамат­тардың өмірі мен денсаулығын қор­ғау қажеттігінен туындап отырған көрінеді. Бұл ретте мемлекет этил спирті мен алкоголь өні­мінің өндірілуі және айналымы үдерісінде туындайтын құқық­тық қатынастар саласындағы қаты­сушыларға ықпал етудің тиімді тетіктерін иеленуі тиіс. Палата бұдан басқа «Қа­зақ­стан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақ­стан Республикасы мен Ресей Федерациясының әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйесін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да мақұлдады. Ол бойынша өңірдегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс міндеттерін шешу үшін Қазақстан мен Ресей арасында әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірыңғай өңірлік жүйесі құрылады деп күтілуде. Аталған әуе қорғанысы – ТМД-ға қатысушы мемлекеттер әуе шабуылына қарсы қорғанысы біріккен жүйесінің құрамдас бөлігі. Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров Бірыңғай өңірлік жүйенің мақсаты екі мемлекеттің әуе кеңістігін күзету және қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Оның сөзі­­не қарағанда, жүйенің негіз­гі міндеттері құрылу және әскер­лерді қолдану қағидалары келісім­нің ажырамас бөлігі болып табы­латын ережеде көзделген. Әйтсе де, бірыңғай жүйе бейбіт уақыт­та әскерлердің жауынгерлік кезек­шілігін атқару мен бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастыруды қарастырады. Соғыс жағдайында тараптар өз ұлттық заңнамаларына сәйкес әскерлері мен құралдарын қолдану туралы өз шешімдерін қабылдау құқығына ие. Қазақстан мен Ресей әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйесінің әскерін тараптардың қорғаныс министрлерінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федера­ция­сының Президенті тағайындайтын қолбасшы басқаратын болады. Және де Мәжіліс кешегі отырысында «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» заң жобасын және оған ілеспе заңдық құжатты екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің құқықтық мәртебесін, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық ай­мағын басқару ерекшеліктерін айқын­дайды. Атап айтқанда, «Инно­­вациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық айма­ғы­ның басқару органын коммер­ция­лық емес ұйымға –дербес клас­терлік қорға қайта ұйым­­дас­тыру көзделген. Әсі­ресе, ше­тел­дік жұмыс күшін тарту­дың жеңілдетілген рәсімі белгі­ленеді әрі тех­но­логиялар паркінің әлеуетті қатысу­шы­ларына қойылатын талаптар нақты көрініс табады. Инновациялық технологиялар паркін дамыту аясында ғылым мен білімді және өндірісті интеграциялау шаралары қарастырылған. Сонымен бірге, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеудің басым бағыттарын дамыту назардан тыс қалмаған. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».