• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Маусым, 2022

Талдықорғандағы тұрғын үйлер түгенделе ме?

583 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласындағы баспана кезегіне және тұрғын үйлерді құжаттандыруға қатысты мәселеге маңыз беретін уақыт келген сияқты. Қазір тұрғын үй кезегінің бірыңғай республикалық базасын қалыптастыру кезінде кезектен шығып қалған немесе кезек нөмірі өзгерген азаматтар әділдік іздеп жүр.

Мәселені шешу мақсатында соңғы бірер айдан бері тұрғын үй комиссиясы белсенді жұмысқа кіріскен. Жұмыс­тың ашықтығы мен жариялылығын қам­тамасыз ету үшін тізімге қоғамдық бірлес­тіктер және депутаттардан тұра­тын бақылаушылар енгізілген көрі­неді. Баспана кезегіне негізінен мүге­дектер, көпбалалы отбасылар, әлеу­меттік қорғауды қажет ететін адамдар тізім­делетіні белгілі. Бірақ тексеру бары­сында кезекте тұрғандардың көпшілігі тиісті жеңілдіктерін дәлелдей алмаған. Тізімді қайта тексеру негізінде 2 054 азамат кезектен алынып тасталған екен. Оның үстіне 2015 жылдан бері баспана беруде қала әкімдігі тарапынан ретсіздіктер орын алып, соның салдарынан қолданыстағы үйлерді құжаттандыруда да қиындық туып отыр екен.

– Бұған дейінгі берілген пәтерлердің басым бөлігі «Нұрлы жер» бағдарлама­сы шеңберінде жеңілдікпен кредиттеу бойынша алынған. Тұрғын үй кезе­гіндегі ашықтықты сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барысында жаңа жүйе енгізілген. Кезек толығымен электронды порталға ауыстырылған. Бұл – сыбайластықтың алдын алатын тәсіл. Бұған дейін тұрғын үй кезегі қызметкерлердің компьютеріндегі Excel кестесі бойынша жүргізілген. Олар жылына бір рет кезектерін көріп, құжат­тарын реттеп отыруы керек болған. Енді кез келген адам өз кезегін порталдан қадағалай алады. Иә, Excel фор­матындағы тізімдерді электронды кезекпен салыстыру кезінде 1 720 сәйкессіз­дік анықталды. Тексеру кезінде көпте­ген заң бұзушылықтың орын алғаны да ашылды. Мысалы, кезекте тұрған 576 адамның ЖСН-і болмай шықты. Кейбір мүгедек баланың ЖСН-і, кезекке тұру дәйегі анықталмағаны да белгілі болды. Біз қазір бұл мәселемен айналысып жатырмыз, – дейді Талды­қорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.

Биылғы дерек бойынша облыс орта­лығында тұрғын үй кезегінде тұр­ған адамдардың саны 16 333 шамасын­да. Олардың ішінде 6 мыңнан астам адам бюджеттік ұйым қызметкер­і екен. Ал 10 006 адам халықтың әлеу­меттік осал топтарына жатады. Олар­дың қатарына көпбалалы отбасы­­лар, толық емес отбасы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы, мүге­дек, жетім балалар да бар. Алайда бас­панаға мұқтаж топты үймен толық қамтуға мүмкіндік жоқ. Жалпы, қазір Талдықорған қаласы тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақ саналады. Бұдан кейін де осы бағыттағы жұмыс жалғаса бермек. Былтыр қаланың 9-шағын ауданында бюджет қаржысына 35 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Биыл осы шағын ауданда тағы 54 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады.

Ал Талдықорған қаласының ком­муналдық меншігінде 1993-2020 жылдар аралығында қолданысқа берілген 3 235 тұрғын үй бар. Өкінішке қарай, 2015 жылдан бері 1 014 тұрғын үйдің құжаты заңдастырылмаған көрінеді. Яғни азаматтарды тұрып жатқан тұрғын үйге қоныстандыру туралы шешім шығарылмаған. Құжаттары жоқ 330 пәтер жеке тұлғаларға және жұ­мыс істеп жүрген мемлекеттік қыз­метшілерге берілген. Аталған мәсе­лені шешу мақсатында пәтерлерді ведомстволық мақсатқа пайдалану үшін тиісті құрылымдарға бекітіп беру ұсынылды.

– Бұл бағытта үй берілген әрбір аза­мат­тың бұрын кезекте тұрған-тұрма­ғаны, кезек реті анықталып, соған сәйкес заң ая­сында шешім қабылданатын болады. Бұл ретте әлеуметтік әлжуаз топ­тағы­лардың жағдайы ескеріледі. Мем­лекеттік қызметшілердің үйі қызметтік үй ретінде рәсімделуі мүмкін. Қалай бол­ғанда да, жылдар бойы қордаланып қалған  түйінді мәселені шешуді қолға алып жатырмыз, – дейді қала әкімі Әсет Масабаев.

Жалпы, қалада тұрғын үй мәселесімен қатар басқа да коммуналдық-шаруа­шылық құрылымына қатысты шешімін күткен жағдайлар бар. Соның бірі, ішкі жолдардың жағдайы. Қаладағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 661,3 шақырымды құрайды. Ал Талдықорғанда 640 көше бар. Биыл 70,9 шақырым жол мен 105 көшені жөндеп, күтіп ұстауға бюджеттен 4,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ ұзындығы 18,9 шақырым болатын 27 көшені жаңадан салуға тағы 2 млрд теңге жұмсалмақ. Аулалар мен балалардың ойын алаңдарын абаттандыру да кезекте тұр. Ал қала бойынша 814 тұрғын үйге тиесілі 275 аула бар.

Облыс орталығында қоғамдық дәретханалардың жоқтығы да тұрғын­дар мен қонақтардың «бас ауруына» айналған. Ал қала әкімдігі бұл мәселені түбегейлі шешу үшін бюджет қаржысын жұмсауға шешім қабылдапты. Яғни биыл қоғамдық дәретханалар сатып алуға 8,5 млн теңге қарастырылған.

 

Жетісу облысы