Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Анна Данилина Мадрид қаласында өтіп жатқан ITF W60 турнирінің жартылай финалына өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жарыстың бірінші ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен ресейлік Анастасия Тихонова ширек финалда болгариялықтар Алекса және Лия Каратанчевалармен шеберлік байқасты. Қазақстандық-ресейлік жұп қарсыластарын 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Бәсеке бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды. А.Данилина мен А.Тихонова финалға шығу үшін доданың 4-ракеткалары, мажарстандық Тимея Бабош – ресейлік Валерия Савиныхпен ойнайды.Сондай-ақ, Григорий Ломакин жұптық сында Блуа (Франция) челленджер турнирінің ширек финалына шықты. Ломакин украиналық Владислав Манафовпен бірге бастапқы кездесуін осы жарыстың бірінші ракеткалары, аустриялық Александр Эрлер – франциялық Альбано Оливеттимен өткізді. Қазақстандық-украиналық жұп екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта 7:6 (7:5), 6:7 (4:7), 10:5 есебімен жеңіске жетті. Г.Ломакин мен В.Манафов жартылай финалға шығу үшін үндістандықтар Шрирамбалай Нараянасвами – Дживан Недунчежиянмен кездеседі.
Аяна Тоғанбек