• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Маусым, 2022

Қасиетті төрде елдіктің байрағы желбіреді

346 рет
көрсетілді

Қазақ халқының арғы-бергі тарихында ел көшін бастаған хандар мен билеріміз, көсемдеріміз бен шешендеріміз қандай да бір тағдыршешті кезеңде Ұлытауға жиналып, мәмілелескені тарихтан мәлім.

Жошы өзінің ғаламдық ұлы жорықтарына дәл осы қасиетті Ұлытауда ұлысымен баталасып, жолға шыққан. Берісі Ресейде, әрісі кәрі құрлықта атының ауыздығын ағытқан Батый да Жошының байрағын осы Ұлытауда қолына алған.

Алып шаһарларды отқа ораған Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа, ер Едігеге мәңгілік жер бесік болған мекен бұл. Түбі бір түркі көсемдерімен ымыраға келе алмай кеткен Әмір Темір өзінің тағдырын Алтыншоқыдағы тасқа қашап қалдырды.

Қасқа жолы жарғыға айнал­ған Қасым ханның ақтық асы өткен Ұлытау бұл.

Алатаудың арғы қапталында қапыда Кене ханның басы иығынан домалап бара жатқанда бір түйір топырағы бүлк ете қалған Ұлытау!

Ұлытау – біздің ата-бабала­рымыздың мыңдаған жыл рухани аңызына айналған, ақындар жырына арқау еткен, сын сағатта пәтуа мінбері бол­ған қасиетті төр! Қырым мен Үрімнің үрейін алған көш­пен­ділердің көшін бастаған хандар мен билердің жолы дәл осы Ұлытаудан басталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол қасиетті төрде елдік пен бірліктің байра­ғын желбіретіп, Ұлттық құрыл­тай шақырған еді. Сол сәттің мезгіл сағаты соқты. Салтанаты жарасқан байсалды Мәжілістен халықтың күтетін үміті мен сенімі мол.

Ұлытау байтағындағы Жо­шы хан кесенесінің іргесіне Ақ шатыр тігіліп, байрағы жел­біреген Ұлттық құрылтай Қазақ еліне, ел-халыққа қайырлы болғай!

 

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Мәжіліс депутаты