• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Елорда 17 Маусым, 2022

Елордада Қазақстанның көмір өнеркәсібіне арналған форум өтіп жатыр

264 рет
көрсетілді

Бүгін елордада Қазақстанның көмір өнеркәсібінің III форумы өз жұмысын бастады. «Astana Mining & Metallurgy» Халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында ұйымдастырылған алқалы жиында көмір саласын дамыту мәселелері талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Форумның ашылу рәсімінде ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Тұрар Жолмағамбетов сөз сөйлеп, бүгінгі отандық көмір өнеркәсібі саласының ахуалы төңірегінде баяндады. Қазіргі таңда еліміздің көмір саласы электр энергиясының шамамен 70 пайызын өндіріп, кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық сектор мен ел халқының отынға қажеттілігін толық қанағаттандырады. Салада 30 мыңға жуық адам еңбек етуде.

Соңғы 30 жылдан астам уақытта отандық кәсіпорындар 2,7 млрд тоннадан астам көмір өндірген. Шамамен 0,8 млрд тонна жақын және алыс шетелге экспортталды.

Қазір елімізде көмір өндіру бағытында 30-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында «Богатырь Көмір» ЖШС, «Восточный» разрезі, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс Коал» АҚ, «Қаражыра» АҚ, «Майкубен Вест» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар бар.

Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үшін ішкі нарықты, оның ішінде халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету өте маңызды.

«Өткен жылыту маусымында министрлік сіздермен бірлесе коммуналдық-тұрмыстық секторды және халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Әрине, бұл жұмыс сіздердің қолдауларыңыздың және өндірістік процестерді тиімді басқарудың арқасында орындалды. Осылайша, тұтынушыларды көмірдің қажетті мөлшерімен қамтамасыз еттік. Біздің министрлік үшін көмір саласындағы әлеуметтік әріптестік маңызды», деді Тұрар Жолмағамбетов.

Бүгінде министрлік жанында әлеуметтік әріптестік бойынша салалық комиссия жұмыс істейді. Онда көмір саласы кәсіпорындарының өзекті мәселелері, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша компаниялардың оң тәжірибесі қарастырылады. Сонымен қатар комиссия әлеуметтік жобалар, кадр және басқа да мәселелерді зерделейді.

Сондай-ақ Тұрар Жолмағамбетов көміртекті бейтараптылық бағыты Қазақстанда көмірді терең кешенді қайта өңдеу жобаларын іске асыруға және көмір химия саласын дамытуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Оның пайымдауынша, көмірден сұйық және газ тәрізді отын алу стратегиясына баса назар аудару қажет.

Өз кезегінде министрлік қосылған құны жоғары өнімдерді алу үшін көмірді терең кешенді өңдеуге бағытталған саясатты әрдайым қолдайды.

Сонымен қатар форумның пленарлық отырысында «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Николай Радостовец, ҚР ЭГТРМ Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің директоры Олжас Ағабеков, «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Талғат Темірханов және көмір өндіруші кәсіпорындардың басшылары сөз сөйледі.