Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл факт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша СДТБТ-ға енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды.
«Жедел уәкілдер Сайрам ауданына қарасты республикалық «Алматы-Ташкент» тас жолының бойында орналасқан жанармай құю бекетінің маңында күдікті ретінде жаяу кетіп бара жатқан жолаушыны ұстады», деді Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі.
Полицейлердің хабарлауынша, күдіктінің жеке басын тінту кезінде қолындағы сөмкесінің ішінен 14 дана полиэтилен пакетке салынған қоңыр-жасыл түсті айрықша иісі бар есірткіге ұқсас зат табылды. Ол өз еркімен өзіне тиесілі әмиянынан 1 дана пакетке салынған, сондай-ақ 1 дана қағазға оралған есірткіге ұқсас ұнтақ және «Трамадол» жазуы бар 5 дана психотроптық дәрісін тапсырды.
«Зерттеу қорытындысына сәйкес сөмкеден алынған заттың салмағы 1 келіге жуық «гашиш» болып шықты. Ал әмияннан алынған пакеттегі зат 1,5 грамм синтетикалық есірткі, қағаз орамадағы зат 1 грамм «героин» екені расталды», деп қосты ПД баспасөз қызметі.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аяна Тоғанбек