Нұр-Сұлтан қаласында Ортаазиялық радиологтер мектебі (ОАРМ) «АСТАНА Туториал» Солтүстік Американың радиологиялық қоғамы (RSNA) визит-профессорлары халықаралық бағдарламасымен бірлесе отырып өз жұмысын бастап отыр. Бұл бағдарлама Қазақстан радиологиялық қоғамының бастамасымен University Medical Center корпоративтік қорында ұйымдастырылуда.
Радиологтер еуропалық мектебінің мақсаты – Қазақстанның жас радиологтеріне әлеуметтік мәні бар ауруларды (жүрек пен қантамырлар патологиясы, өкпе туберкулезі, қимыл-тірек аппараты және сүт безінің қатерлі ісігі) диагностикалауды радиологиялық халықаралық стандарттары және радиациялық қауіпсіздік ережелеріне сай білім беру.
Екі апта ішінде (ОАРМ) «АСТАНА Туториал» қатысушылары радиология саласындағы АҚШ, Канада, Аустрия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Бельгия, Ресей және Қазақстанның белгілі мамандарының дәрістерін тыңдайтын болады. Дәріс берушілердің қатарында Радиологтердің еуропалық мектебінің директоры, профессор Рейнмюллер Райнер, Ресей радиологтері қауымдастығының президенті, профессор Валентин Синицин, Пенсильвания университетінің радиология департаментінің нейрорадиология субспециализация бағдарламасының директоры, профессор Суяш Мохан, Қазақстан радиологтері қауымдастығының президенті, профессор Раушан Рақымжанқызы бар.
Іс-шара барысында баяндама оқып, түйткілді мәселелер төңірегінде ой өрбіткен Қазақстан радиологиялық қоғамының президенті, профессор Раушан Рахымжанқызы: «Бүгін мектептің ашылуының алғашқы күні. Біз 2018 жылы Азия-Тынық мұхиттық радиологтер қауымдастығының құрамына кірген болатынбыз. Соның нәтижесі ретінде осы мектеп ашылып отыр. Бұл екі апталық мектепте Азия елдерінің мамандары дәріс оқитын болады. Біздің орталықтың мүшелігіне кіруіміздің артықшылығы осы – бүгінгі екі апталық мектептің ашылуы. Мектеп мықты радиологтердің шығуына үлкен септігін тигізеді. Себебі әлем бойынша жоғарғы сапалы радиологтерден дәріс тыңдауға мүмкіндік туып отыр. Мысалы бүгін Канада, Тайваннан ғалымдар онлайн түрде дәріс оқуда», деді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараның координаторы, Қазақстан радиологтер қоғамының вице-президенті Тайырхан Бекболатұлы маңызды іс-шара жөнінде пікір білдірді.
– Бірнеше жыл бұрын осы шетелден профессорларды шақыру жайлы жобаны ұтып алған едік. Екі жыл пандемия кезінде өткізе алмадық. Биыл сол жобаны қолға алып отырмыз. Екі аптада мамандарымыз 60 дәріс тыңдайтын болады. Оған әсіресе жас радиологтерді шақырдық. Нұр-Сұлтанның өзінен 88 радиолог бар, 3 маман Қырғызстаннан келді. Бір айта кетерлік жайт, оқуды ақысыз қылдық. Бұған дейін 2014-2019 жылдар аралығында 6 рет ең үлкен Еуропалық радиологтер мектеп жобасын өткізгенбіз. Бүгінгі жобаны енді өзіміздің қоғамның атынан ашып отырмыз. Жобаның мақсаты – жастарды халықаралық деңгейде білім алуға, ойлануға үндеу, халықаралық көлемде жұмыс істеуді үйрету. Өйткені Америкада, Еуропада радиологтерді 4-5 жыл оқытады. Бізде әлі 2 жыл ғана оқытып келеміз. Биыл, міне, 5 жылдығын ашып жатырмыз. Меніңше, осындай мектептер қазақ радиологиясын халықаралық деңгейге көтереді деп сенемін. 60 лекция – балалар үшін білімнің мейрамы секілді. Өйткені екінің бірі шетелге барып, білікті ұстаздардан лекция тыңдауға мүмкіндік таба бермейді. Лекцияны Кореядан, Тайваннан онлайн форматта оқиды, жаңа ғана Канададан оқыды, Мәскеуден де ғалымдар онлайн түрде баяндамасын оқымақ» деді.
ESOR Astana Tutorial радиологтердің III Ортаазиялық мектебі Қазақстандағы диагностикалау қызметінің дамуына ықпал етіп, тәжірбиесін арттырары сөзсіз. Іс-шара 24-маусымға дейін жалғасын таппақ.