• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Маусым, 2022

Мемлекет қамқор болса, медицина сапалы болады

1579 рет
көрсетілді

Бала кезімізде мұғалім мен дәрігерден артық мамандық жоқтай көрінуші еді. Ал қазіргі балаларға мұғалім не дәрігер бол десең, ат-тонын ала қашады. Адамзатқа ең қажетті екі мамандықтың еліміздегі қадір-қасиетін осыдан-ақ бағамдайсың. Қазір қайта мұғалімдердің мәртебесі айқындалды, әлеуметтік жағдайы да жақ­сарды. Есесіне дәрігердің статусы мен жағдайын әлі күнге жақсарта алмай отырмыз. Медицина саласының сапасы да сын көтермейді.

Еліміздің денсаулық сақтау саласынан арыз-шағымдар арылған емес. Әлеуметпен тікелей байланысты сала болғандықтан тұрғындар да медициналық қызмет сапасына жиі наразылығын білдіріп жатады. Оның үстіне саладағы кемшіліктің бәріне дәрігерлерді кінәлайтындар бар. Бұл, айналып келгенде, дәрігер беделінің төмендеуіне әсер етуде. Пандемия кезінде ақжелеңділерге деген көзқарас түзеліп, жағдай оңалып келе жатқан сияқты еді, қазір бәрі де бәз-баяғы қалпына оралғандай.

Жалпы дәрігердің беделі дегенде бұл іспен алдымен құзыретті орган – Денсау­лық сақтау министрлігі шындап айналысуы қажет. Мысалы, мұғалім мәртебесі­нің айқындалуына қоғамның қолдауы ғана емес, тиісті министрліктің жауапкершілікті мойнына алуы да ықпал етті. Әрі ұстаздар да белсенділік танытты. Ал дәрігерлер – аса белсенді халық емес. Әлеуметтік желілерде де көріне қоймайды, мәселелерін де ашық айта бермейді. Бұл салада көп проблеманың қордаланып қалуы да сондықтан. Мысалы, қазіргі кезде дәрігерді ең көп қинайты­ны – қағазбастылық. Адамды ауруынан айық­тырумен айналысуға тиіс ақжелеңді уақытының басым бөлігін құжат толтырумен, есеп берумен өткізеді. Қалалық ауруханада жұмыс істейтін бір дәрігер құрбым бар. Қашан көрсең қағазға шұқшиып, бірдеңелерді толтырады да жатады: таңғы есеп, ақпараттық есеп, бас дәрігерге есеп, оның сыртында хаттама, келісім, күнделік дей ме, әйтеуір жазатын дүниелері жетеді. «Осы сендер адам емдейсіңдер ме, әлде қағаз «емдейсіңдер ме?» деп сұрасаң, «Бізде ісіңнен гөрі, есебің дұрыс болуы керек» деп жауап береді. Сон­дықтан дәрігер науқасқа көп көңіл бөлуі үшін медицина саласын алдымен бюрократиядан арылтып, қағазбастылықты жою қажет. Бірақ қандай өзекті болса да бұл тақырып дәрігерлердің аузынан шыға бермейді.

Бүгінде жұртшылықтың арасында «дәрі­герлер ақша берген адамға ғана жақсы қарайды» деген түсінік бар. Жасыратыны жоқ, бұл сөздің де жаны бар. Медицина қызметкерлерінің қарамағындағы науқастан ақша алуы, емделушінің оған пара беруі қайдан шықты? Бұрын мұндайды көп естімейтінбіз. Ал қазір жиі еститін болдық. Ақжелеңдінің «алдыма келген қандай науқасты да алаламай емдеймін» деген Гиппократ антынан тайқып, мұндай деңгейге түсуіне не себеп? Мұның бір ұшы – дәрігерлер жалақысының мардымсыздығында жатқаны анық. Әсілінде, дәрігерлер халықтың емес, мемлекеттің қамқорлығында болуы керек. Егер мемлекет медицина қызметкерлеріне жақсы жалақы төлеп, жан-жақты жағдай жасаса, олар елден ақша алып, одан қала берді жекеменшік ұйымдарда қосымша жұмыс істеймін деп титықтап несі бар?

Денсаулық сақтау саласында бірінен кейін бірі қабылданып жататын реформалар да көп. Біреу шетелге барып келеді де ондағы жағдай мен біздегі ахуалды салыстырып жатпастан, жаңа заң шығарады. Алайда оның «қызығын» көріп жатқан емделушілер де, емдеушілер де шамалы. Керісінше, бір жаңа бағдарлама дәрігердің мойнына тағы бір қосымша құжат жүктеп қоятыны жасырын емес.

Әнебір жылы еліміздің ең білікті дәрі­герлеріне «Қазақстан медицинасының сапасын көтеру үшін алдымен не істеу керек?» деген сауал тастадық. Сонда белгілі академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал Ормантаев: «Еліміздегі медицина саласының тұтқасын ұстап жүрген жоғары лауазымдылардың бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі – теоретиктер. Өмірі адам емдеп көрмеген, алған білімін тәжірибемен ұштастырмаған шенеунік елдің жағдайын қайдан түсінсін?! Біздегі реформалардың көбі сәтсіз болатыны да, медицинаның сапасы көтерілмеуінің бір себебі де осында», деп жауап берген еді.

Ендеше, Жаңа Қазақстанда еліміздің медицинасын жаңа деңгейге көтеретін де күн жеткен секілді. Ең бастысы, ақжелеңді абзал жандардың арын кір шалмаса дейсің. Мерекелеріңізбен, медицина қызметкерлері!