• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Пікір 20 Маусым, 2022

Қоғам кеселден арылуы керек

291 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақстан 30 жылдың ішінде еңселі мемлекетке айналды. Әлемдік қоғамдастықта абырой мен беделге ие. Халқымыз «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп бекер айтпаған. Бүгінгі таңда қоғам жаңа серпіліс үстінде. Жетістігіміз ешқайда кетпейді. Ал кемшіліктерімізді түзететін уақыт жетті. Елдің дамуын тежейтін қандай залалдардан арылуымыз керек? Осы сұрақтар әрбір азаматты алаңдататыны анық.

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі кезеңнен шығудың жолдарын айқын көрсетіп берді. Соның ішінде сайлау жүйесін түбегейлі өзгерту тура­лы бастамасы халық тарапынан қол­дауға ие болды. Елімізде ауыл әкім­­­дерін сайлау жүйесі енгізілді. Енді облыс әкімдері баламалы негізде тағайын­­далады. Келешекте аудан, қала әкімдері сайлау арқылы жүзеге асырылса, орынды болмақ.

Жариялылық, ашық сайлау – шынайы демократияның көрінісі. Ендеше қандай деңгейдегі әкім болса да, билікке сайлау арқылы келгені жөн. Халықтың қолдауына ие болып, ашық сайлауда жеңіп шыққан әкімдердің нәтижелі жұмыс істейтіні әлдеқашан дәлелденген.

1980-жылдардың ортасында ша­руа­шылық басшыларын халық­тың өзі сайлайтын үрдіс шықты. Сол кезеңде өзім де Ақтөбе облы­сын­­да еңбек еттім. Саяси-әкім­ші­лік қыз­меттерге араластым. Тұр­ғын­дар­дың дауыс беруі арқылы сай­­ланған кеңшар басшыларының абыройға бөленгенін, сенімді ақтап шыққанын көзбен көрдім. Олар артта қалған шаруашылықтың жұмысын ілгері бас­тырды, жарты жыл сайын атқарылған істер туралы халыққа есеп беріп тұрды. Тұрғындардың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы анағұрлым жақсарды. Адамдардың жұмыс істеуге, ауылды өркендетуге деген ын­тасы артты. Ауыл тұрғындары еңбекқорлығын іспен дәлелдеді.

Біздің қоғамдағы тағы бір кесел – әкімдердің және басқа да бас­шылардың тағайындалған жеріне өз командасын алып баруы. Осы жағымсыз әрекет әлі қалмай келеді. Бір облысқа әкім болып барған адам бұрыннан істеп жүрген азаматтарды түгел қызметтен шығарып, орнына бұрын өзі істеген өңірден жаңа қыз­меткерлерді тағайындайды. Бұл – жұмысты жүйелі жүргізу емес, сыбайлас жемқорлыққа жол ашу­дың көрінісі. Мықты басшы, шебер ұйым­дастырушы өз бойындағы іскерлік қабілетін, ақылы мен тәжіри­бесін, білімі мен біліктілігін сол өңірдегі азаматтарды ортақ іске тарту арқылы көрсетуі керек. Басшы қызметкерлерді білімі мен іскерлігіне, жұмыс істеу қабілетіне, адамгершілік қасиетіне, халықпен сыйласа білуіне қарап таңдап, лауазымға тағайындауға тиіс.

Ал сырттан келген мамандардың әкім ауысқан кезде бірге кететінін халық көріп жүр. Керісінше сол өңір­дің азаматтары ауданның жер-суының, климатының ерекшелігін, тұрғындардың менталитетін, мораль­дық ахуалын жетік біледі. Өзінің туған жерін өркендетуге бар күш-жігерін салады. Қандай міндетті жүктесең де алып кетеді деп есептеймін. Қыз­меттен кеткенде де олар ешқайда қашпайды. Ар-намысы болса, мемлекет қаржысын жымқыруға бармайды. Жерлестерінің алдында ұятқа қалғысы келмейді. Кейбір әкімдер сырттан әкелген адамдар арқылы кадрлардың сапасын жақсартамын дейді. Бірақ оның ешқандай нәтижесі болмайды.

«Команда ілестіріп жүруді қою керек» деп елдің басшысы талай рет айтқан еді. Бірақ өкінішке қарай, соған құлақ аспайтындар көп. Қабыл­данған заңдар, берілген тапсырмалар орындалуымен құнды. Жоғарыда айтылғанымен, жергілікті жерде орындалмайды. Ол үшін заңның орындалуына бақылауды күшейту керек. Қай өңірге барсаңыз да, халық «командасын» ертіп жүргендердің келеңсіз әрекеттері туралы айтып береді. Парламент Мәжілісінің депутаты болған тұсында ақын Фариза Оңғарсынова апамыз бір әкімнің Атырау облысына «командасымен» барып, әкімшіліктегі барлық қыз­меткерді заңсыз жұмыстан шығарып жатқаны туралы өткір сын айтқан еді. «Командамен» барып басқарған басшылардың нәтижесі қандай болды? Айталық, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында сондай келеңсіз жағдай­лар болды. Салалық бөлім басшыларын жан-жақтан әкелді. Облыстың астаң-кестеңін шығарды. Кейін бәрі кетті. Алайда өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы нашарлап қалды. Мықты басшы, өзіне жүктелген мін­детті абыроймен атқарып шығады. Қазақта «Сол елдің түлкісін өзінің тазысымен аула» деген тамаша нақыл сөз бар. Келешегін, елдің жағдайын ойлайтын басшы сол өңірдің азамат­тарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Іскер қызмет­керлерді таңдай біледі.

Қазақстанның келешегіне деген сеніміміз мол. Мемлекет басшысы ұсынған барлық бағдарламаны қолдаймын. Қазір көп нәрсені түбе­гейлі өзгерту ісі қолға алынуда. Қа­лыптасып қалған жүйе тамырын жайған арам шөп сияқты. Мәселен, егіс­тікке арамшөп қаптап кетсе, оны бірден жұлып тастай алмайсың. Әуелі тамырынан құрту арқылы нәтижеге қол жеткізесің. Сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа бейімделіп кеткен жүйе­ні жөнге келтіру оңай емес. Кей­бір жерлерге халықтың жағдайын ой­ламайтын, өзінің қара басын, құл­қынын ойлайтын, обал, сауап, тоба, күнә, қанағат дегенді білмейтін бас­шылар тағайындалып кеткен. Сондай-ақ бас-көз жоқ шетелдің тәжіри­бесін бізге енгізгісі келетін, ұлттық құндылықтарды білмейтін, тамырынан ажыраған жас басшылар да кездеседі. Қай істі де елеп-екшеп, қалпына келтіру – уақыт талабы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақ­сыз, құбылмалы әлемде Қазақ­станымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің аман­дығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады» деген сөзі айқын мақсатқа жетелейді.

 

Мақсұт СЕЙТЖАПАРОВ,

заңгер,

Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының мүшесі