• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Маусым, 2022

Қабанбай мен Барқытбел аудандары құрылса...

570 рет
көрсетілді

Президент Жарлығымен жаңадан құрылған Абай облысының құрамына бұрынғы Семей өңіріне қарасты аудандар енгені мәлім. Осыған орай, бұрынғы Мақаншы, Таскескен, Шар аудандарын бес саусағымдай жақсы білгендіктен ой бөлісуді жөн санадым.

Иә, Абай облысы «шаңырақ көтеріп», әкімшілік шекаралары белгіленді. Облыстық мәслихат депутаттары да, өңір басшысы да бекітілді. Бұл ретте бұрынғы Семей облысы аумағына кірген Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Шар, Аягөз, Үржар, Мақаншы, Таскескен, Шұбартау аудан­дары­ның әкім­шілік құрылымын жаңғырту жөнінде ойланғанымыз жөн. Мәселен, қазіргі Жарма ауданы бөлініп, Шар ауданы қайта ашылса дұрыс болар еді. Оған Жарма стансасынан бастап Жаңғызтөбе, Күншуақ кенті, Белтерек ауылдық округтері, Бірлік ауылынан Семейге қарай шығатын жолдағы ауылдарды, Суықбұлақ, Карповка, Теріс­таңбалы, Әуезов кенті, Шалабай ауылдық округі, Арқалық, Ар­қарлы, Қарасу, Үлкен Қарасу, т.б округтер кіргізілсе деген ұсы­ныс бар. Семей қаласы ма­ңайынан Жаңасемей ауданы ұйым­дастырылып, оған орталығы – Жаңа-Шүлбі кенті ма­ңайындағы шағын ауылдар: Жаңа Баженовка, Климентьевка, Приречное, Утинка, Жарқын, өзеннің екі жағындағы шағын жақын ауылдар қаратылса көп­тің көңілінен шығар еді. Абы­ралы өңірі аудан болып, қайта ұйымдастырылып, Дегелең ауданы деп аталса, орталығы – Кур­чатовта болса, оның атауын Дегелең деп өзгертсе иісі қазаққа сауапты іс болмай ма?! Өйткені 40 жыл қазақ топырағында жой­қын жарылыс жасаған Кур­чатовты төрімізге ескерткіш етіп қойдық. Бұл құндылықтарды өзгертетін уақыт жетті. Курчатовтан бергі Семейге дейін, Бөдене, Шаған, Шақаман сықылды аралары 10 шақырымнан болатын ауылдарды да жаңа ауданға қаратқан жөн сияқты.

Абай облысы құрамында болатын аудан­дардың бюджеттері 2022 жылы бекітіліп, қаржы жолдары қарастырылған. Сонда жаңадан құрылатын – 4 (төрт) ауданға ғана шығын қарастыру қажеттігі туады.

Осыдан біраз бұрын еліміз­дің бас газеті «Егемен Қазақ­станға» мақаласы жарияланып, Үржар ауданын екіге бөліп, Мақан­шы өңірін жеке аудан етуді, оған үржарлықтар келіс­пеген жағдайда – аудан орта­лығын Мақаншы, ал аудан атын «Үржар» деп атауға ұсыныс айтылған еді. Үржар өңірінің бір­талай зиялы азаматтары содан кейін телефон шалып, көп­шілігі қуаттап, қосымша ұсы­ныс­тарын да білдірді. Бұл ұсы­ныс­тардың негізі – Мақаншы аудан орталығы болса, оған – Үр­жардың Көлденең, Аксаковка, Науалы, Елтай ауылдық округтері және Мақаншының бұ­рынғы аудан кезіндегі территориясына кіретін елді мекендер кір­гізілсе деген тілек айтады. Аудан атауын «Қабанбай ауданы» деп жаңаша қойса өте дұрыс қа­былданады деген пікірді жиі ес­тідік. Өйткені бұл өңірдің жер­­гілікті тарихы Дарабоз, Хан батыр атанған Қаракерей Қа­банбай батырдың есімімен тығыз байланысты, сонымен қатар шекаралық өңір, еліміздегі ең еңселі Қабан­бай ес­керткіші де осы Мақаншыда тұр.

Ал Үржар ауданы – Барқыт­бел ауданы деп өзгертілсе, орта­лығы Үржар кенті бо­лып белгіленіп, оған тау етегіндегі, тау алқы­­мындағы барлық ауылдар, бұрынғы Тас­кес­кен ауда­нының ауылдық округтері енгі­зіліп, Таңсық, Қола ауылдары, Ақтоғай кент­тері қаратылса, аудандағы Егінсу, Қара­қол су қой­ма­ларының төңірегіндегі егіс­тіктерге қызылша отыр­­ғы­­­зылып, Талды­қорған облы­сындағы Көксу қант зауыттарын өніммен қамтып отыр­са, бүкіл республикаға тиімді болар еді. Сондай-ақ Тас­кескен, Шол­пан, Қарақол ауылдық округ­тері жастарына да жұмыс орындары ашылуға мүмкіндік туады деген ойды айтады.

 

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Мәдениет қайраткері

 

Абай облысы