Әр көліктің қозғалтқыш көлеміне қарай салығы да әртүрлі екені белгілі. Қозғалтқыш көлемі ұлғайған сайын салық та көп болады. Ал көліктердің ішінде лимузинге салық қалай есептеледі? Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары түсіндіріп берді.
Салық заңнамасына сәйкес лимузинге де қозғалтқыштың көлеміне қарай салық салынады. Оның көлемі айлық есептік көрсеткіш бойынша есептеледі. Әрі көлік салығының ставкасы бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткен және ел аумағына әкелінген күнге де байланысты, дейді Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Оның айтуынша, 2013 жылғы 31 желтоқсанға дейін бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткен немесе Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын лимузиндерге мына ставкалармен салық салынады: 3 мыңнан жоғары 4 мыңға дейін қоса алғанда – 15 АЕК, 4 мыңнан жоғары – 117 АЕК. Биыл бір айлық есептік көрсеткіш – 3 063 теңгені құрайды.
Ал 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін елімізде шығарылған немесе құрастырылған және осы аталған уақыттан кейін Қазақстан аумағына келген, қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын лимузиндерге мына ставкалармен салық салынады:
3 мыңнан жоғары
3 200-ді қоса алғанда
35 АЕК
3 200-ден жоғары
3 500-ді қоса алғанда
46 АЕК
3 500-ден жоғары
4 мыңды қоса алғанда
66 АЕК
4 мыңнан жоғары
5 мыңды қоса алғанда
130 АЕК
5 мыңнан жоғары
200 АЕК
«Лимузиндерге салық есептеуді көлік құралдарын есепке алу және тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган жүргізеді. Бұл норма 2011 жылдан бастап қолданылады. Егер салық қате есептелсе, салық органы есептелген салық сомасын қайта қарауға құқылы», дейді А.Сартаева.
Сонымен қатар салық заңнамасына сәйкес салық органы көлік құралдары салығы сомасын қайта қараған кезде сол кезеңге өсімпұл есептелмейді, дейді салық маманы.