АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ
«Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру ісі қолға алынған. Көп салалы шаруашылықтың үлгісін құру жөніндегі жұмыстар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Олардың базасында агроөнеркәсіптік сектордың соңғы жетістіктері қолданылатын болады».Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың
Беларусь Республикасы Президентімен кездесуінің қорытындылары
туралы баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінен.
_________________________________________
Бүгінде Батыс Қазақстан облысы республика өңірлері арасында Кеден одағына мүше елдерге ет экспорттау мәселесі жөнінен алдыңғы көште келеді. Айталық, Ақжайықта өндірілетін «Премиум» жоғары класты сиыр еті ресейлік нарықта қазірдің өзінде жоғары сұранысқа ие. Интеграциялық байланыстар шеңберінде көрші мемлекеттерге жіберілетін ет экспорты әлеуетін одан әрі арттыру ісі сала жетекшілерінің ұдайы назарында. Мысалы 2014-2015 жылдары жалпы құны 6,9 миллиард теңгелік бес инвестициялық жобаны іске асыру осындай өміршең ойдан туындаған. Нақтырақ айтқанда, алдағы жылы облыста он мың тоннаға жуық мәрмәр етті экспортқа шығару көзделген. Сөз жоқ, бұның өзі бір өңір үшін өте ауқымды жоба. Бұл айтуға ғана жеңіл іс. Мұны жүзеге асыру үшін тиісті өнімдерді кедергісіз өткізетін нарық кеңістігі қажет. Бүгінгі күні облыстағы басты бағыттың бірі осы арнаға бағытталған. Осы шеңберде өнім өткізу көкжиегін кеңейту мақсатында Батыс Қазақстан облысының әкімі мен Ресейдің Саратов және Самара облыстары губернаторлары арасында өзара келісімдер жасалуы алдағы үлкен істердің басы болмақ. Соған сәйкес Саратов қаласында батысқазақстандық ет өндірушілер үшін арнайы жер бөлінген. Сонымен бірге, онда қазақстандық сауда орындары мен павильондарын тұрғызу жөнінде жобалау-сметалық құжаттар жасалған. Біртұтас экономикалық кеңістік аясында бұл жобалар батысқазақстандық атқарушы органдар басшылары тарапынан «ҚазАгроҚаржы» АҚ және Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынылмақ. Орал қаласында биылғы жазда шекаралас аймақтардың экономикалық форумы өткізіледі деп күтілуде. Сол кезде бұл мәселелердің кем-кетігі тағы да түгенделмек. Бұл жөнінде газет тілшісіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов айтып берді. Иә, қалай десек те, батысқазақстандық ет өндірушілер үшін Орал қаласынан небары 250 шақырым қашықтықта орналасқан Ресейдің Самара қаласы таптырмайтын нарықтық орталық бола алатыны анық. Мұнда 1,5 миллион адам тұрады. Қала тоғыз әкімшілік ауданға бөлінген. Шаһарда ірі жеті базар жұмыс істейді екен. Таяуда Батыс Қазақстан облысының өкілдері Ресейдегі ірі өнеркәсіптік қалаға атбасын тіреп, Самара облысының губернаторы Николай Меркушинмен кездесті. Осы делегацияның құрамында бола жүріп, ет экспорты әлеуетін өсіруге қатысты бірқатар түйінді мәселелерге де куә болып едік. Мұнда ең алдымен Самараның тұтыну нарығына Оралдан ет жеткізу мәселелері ортақ әңгіменің өзегіне айналды. Губерния орталығында облыстық «Губерниялық базар» және дайын ет өнімдерін экспорттайтын «Гарибальди» компаниясы өндірістік базарлары ет экспорты мен импорты үшін тиімді екені байқалады. Осы тұста делегация жетекшісі А. Өтеғұлов батысқазақстандық тауар өндірушілер Самара облысына өз өнімдерін экспорттауға ықыласты екендіктерін жеткізді. Әрине, бұл тұста әңгіме сойылған шикі мал еті емес, әзір өңдеуден өткізілген ет және көкөніс қалбырлары жөнінде болғаны да айтуға тұрарлық мәселе деп ойлаймыз. Самара облысының басшысы бұған терең ықылас танытып, батысқазақстандық тауар өндірушілерге Самарадан өздерінің жеке сауда орындары мен павильондарын ашуды ұсынды. Сапар барысында тағы бір көңілге түйген жайт, ет өнімдерін делдалдарсыз тікелей өткізу жөнінде біздегі секілді бірқатар түйткілдер Ресейдің көршілес облыстарында да бар екен. Әрине, мұны реттеу ісі шекаралас өңірлердің қай-қайсысына да тиімді болары хақ. Гәп мынада. Самара аумағында көптеген азық-түлік өнімдері түрлері жабдықтаушылардың өзара келісуінің арқасында сауда желілері арқылы өткізіледі екен. Алайда ондағы ресейлік еттің үлесі онша емес. Сондықтан да іс басында жүрген самаралық басшылар желілердің үстемдігін төмендету жөніндегі шараларды қолға алыпты. Бұл үшін өңірде агроөнеркәсіптік парк құру көзделген. Кейін мұнда жергілікті өндірушілердің өнімдері жинақталып, содан соң бұл тауарлар орталықтандырылған күйде барлық сауда нүктелеріне таратылмақ. Кездесу кезінде Самара облысы өзін етпен елу пайызға ғана қамтып отырғаны айтылды. Соның өзінде де бұл тек сиыр еті ғана. Жылқы еті өндірісте мүлдем кездеспейді. Қой еті де өте тапшы. Сондықтан да шекаралас өңір өкілдері оның екеуіне де өз тараптарынан сұраныс жоғары екенін мәлімдеді. Егер Батыс Қазақстан облысынан Самараға қой және жылқы еттерін тікелей жеткізу мүмкіндіктері шешілсе, мұндай сапалы да арзан етті көбірек сатып алар едік. Сіздерде мұндай мүмкіндіктер мол деп санаймыз, – дейді Самара облыстық үкіметінің ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Виктор Альтергот. Мұндай басы ашық сауалға батысқазақстандық делегация жетекшісі Арман Өтеғұлов тарапынан да нақты жауаптар берілді. Оның басты түйініне келсек – ет өнімдерін делдалдарсыз тікелей экспортқа шығару шекаралас өңірлердің қай-қайсысына да тиімді болмақ. Бұл ретте көршілер тілегі толықтай қанағаттандырылмақ. Міне, халықаралық интеграция мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде шекаралас аймақтар арасында ет экспорты мен импорты үлесін көтеру жөнінде бүгінгі күні қолға алынған іс-шаралар кешенінің бір мысалы осындай. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Орал – Саратов – Самара – Орал.Дерек пен дәйек
2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 3 трлн. 122,2 млрд. теңгенің қаржысы жұмсалмақ. * * * Кеден одағы аясында елімізге әр жыл сайын әкелінетін 300 комбайнға жеңілдікті салық ставкасы қолданылмақ.