Полицейлер елорда орталығында жертөле қабатындағы жалға алынған үй-жайда құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірген екі ер адамды ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тінту кезінде қарасора өсіруге арналған арнайы жабдықтар алынды: шамдар, желдеткіштер, контейнерлер. Сонымен қатар тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған препараттар мен тыңайтқыштар, буып-түю материалдары, электронды таразылар тәркіленді», делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, күдіктілер қылмыстық ниетті іске асыру мақсатында жылу режимі мен ылғалдықты сақтай отырып, желдеткіштерді, шамдарды, тамшылатып суару жүйесін орнату арқылы есірткі өсімдіктерін өсіруге жағдай жасаған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды.
Аяна Тоғанбек