• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2022

Табиғатты тағылық тоздырып тұр

759 рет
көрсетілді

Мұнайлы Атыраудың тұрғындары ауа­ның ластанғаны жөнінде әлсін-әлсін шағым айтады. Әзірге жасыл желек көбеймей тұр. Оның үстіне климаты қаталдау өңірде табиғатқа қарсы тағылық әрекет толастар емес.

Ал облыстық экология департаменті бас­шысының орынбасары Сырым Тілегеновтің айтуынша, шаһар іргесіндегі Атырау мұнай өңдеу зауыты ауаға ластаушы заттарды шек­тен тыс шығарған. Бұл дерек 27 сәуір – 26 мамыр аралығында жоспардан тыс жүргізілген тексеру кезінде анықталып отыр.

– «АтМӨЗ» ЖШС-ның стационарлық көздерінен, өнеркәсіптік шығарындылардан, химиялық талдау мақсатында «Тухлая балка» булану алаңына ағызылатын сарқынды судан сынама алынды. Тексеру нәтижесінде зауыттағы жылу электр орталығының №3 қазаннан көмірқышқыл газы, ал №4 қазан­нан азот оксиді мен азот диоксидінің шекті рұқ­сат етілген шығарындысынан асқаны анықталды. Зауыт аумағында орналасқан газ тарату шкафтарының шырағынан табиғи газдың шыққаны белгілі болды. Қазір мұнай өңдеу зауытында анықталған деректерге байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабымен әкімшілік іс қозғалды, – дейді Сырым Тілегенов.

Сондай-ақ зауыттың санитариялық-қор­ғаныш аймағының шығыс бөлігінде атмосфералық ауаның сынамасы алынған. Сынаманы талдау қорытындысымен көмір­сутек мөлшері шекті концентрациясы­нан асып түскені тіркелді. Осылайша, қала­лық және ауылдық елді мекендердегі атмос­­фералық ауаның гигиеналық норма­тив­терінің талабы бұзылып отыр. Осыған бай­ланысты облыстық санитарлық-эпидемио­логиялық бақылау департаментіне «АтМӨЗ» ЖШС-на қатысты заңда көзделген шараларды қабылдау үшін хат жолданыпты.

– Атмосфералық ауаға санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг «Ұлттық сараптама орталығының» Атырау облысы бо­йынша филиалымен жоспарға сәйкес ай са­йын жүргізіледі. Қала ішінде және өндірістік аймақтарда ауа сынамасы бекітілген кестеге сәйкес түнгі уақытта да алынады, – деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпи­де­миологиялық бақылау департаменті бас­шысының орынбасары Әлия Бекешова.

Қоршаған ортаны ластау дерегі Жылыой ауданында байқалады. Аудан орталығы – Құлсары қаласының тұрғындары мұнай төгіл­геніне алаңдаушылық білдірген еді. Мұны анықтау үшін арнайы комиссия құ­рылды. «Құлсары қаласының тұрғыны әлеу­меттік желіге «Мұрагер» шағын ауданының аумағына мұнай өнімдері төгілгені туралы видео жүктеді. Департамент мамандары арнайы құрылған комиссия мүшелерімен бірге видеода көрсетілген жерде тексеру жүргізіп, шағын қала маңында мұнай өнімдері төгілгені анықталды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Аумағы 60х70 метрді құрайтын учаскеден темір бөшкелер, автокөлік дөңгелектері, 100 тоннаға жуық құрылыс қалдығы тасталған. Комиссия мүшелері Құлсары қаласының өндірістік аймағынан 400-500 метр қашықта ор қазылып, оған мұнай өнімдері төгілгеніне көз жеткізді. Өндірістік аймақтан шамамен 1 шақырымдай қашықта айналасы бетонмен қапталған қазан табылды. Қазанның ішіне су құйылған.

Төтенше жағдайлар министрлігіне қа­рас­ты өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Аты­рау облысы бойынша департаментінің мемле­кеттік инспекторлары «Норт Кас­пиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиа­лы­ның қауіпті өндірістік нысандары мен техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді. «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы, «Батыс Ескене» темір жол кешені, «Самал» вахталық кенті, химиялық зертхана, құбыр желісі, газ жабдықтары секілді 682 нысанды тексеру кезінде өнеркәсіп қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 1 366 дерегі анықталды. Мемлекеттік инспекторлар анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама берді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 298-бабының 1-бөлігімен, 306-бабының 4-бөлігімен әкімшілік айып­пұл салынды.

– Компанияға фланецті қосылыстардан бу, құбырлардағы күкірт, сорғылар мен шы­ғын өлшегіштердегі май ағу уақты­лы жойылмаған. Қысыммен жұмыс істей­тін ыдыс­тарды техникалық куәландыру, теңіз құ­бырларын техникалық куәландыру кестесіне сәйкес кәсіпшілік және кәсіпшілікаралық мұнай-газ құбырларының теңіз учаскесінің дефектоскопиясы (құбырішілік диагностика) мерзімінде жүргізілмеген. Нысандардағы қауіпсіз жұмысқа жауапты қызметкерлер даярлықтан және қайта даярлаудан уақтылы өтпеген. Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін осындай бұзушылықтарға байланысты облыс­тық мамандандырылған ауданаралық эконо­микалық сотқа қауіпті өндірістік нысандарды және қауіпті техникалық құрылғыларды (қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды, ұңғы­малар мен аралдар арасындағы кәсіп­шілік құбырларды) тоқтата тұру туралы талап арызды жіберу түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды, – деп хабарлады комиеттің баспасөз қызметі.

Тексеру қорытындысымен компания өкіл­дерімен кеңес өткізілді. Онда тексеру ке­зінде анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі талқыланды. «НКОК Н.В.» филиа­лы 1 маусым мен 15 шілде аралығында жүр­гізіліп жатқан кешенді күрделі жөндеу жоспарына сәйкес жерүсті және теңіз ке­шендерінің қауіпті өндірістік нысандарында жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Күрделі жөндеу өндірістік қон­дыр­ғыларды пайдаланудан шығару және кейіннен қысымды түсіру, дренаждау, үрлеу, тазалау мақсатында жүргізіледі. Жөн­деу кезінде тексеруде анықталған заң бұзу­шылықтарды жою жоспарланып отыр.

Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының дерегіне сүйенсек, жаңа Экологиялық кодекс пен «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның талаптарына сәйкес биылғы 1 қаңтардан бас­тап қоршаған ортаны қорғау саласында­ғы жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсе­туге, оның ішінде қауіпті қалдықтарды қай­та өң­деуге, залалсыздандыруға, кәдеге жа­­ра­туға немесе жоюға лицензия талап еті­леді. Алайда «Атаким» ЖШС мем­ле­кет­­тік сатып алу туралы шарттарға сәй­кес Атырау қаласының медициналық мекеме­леріне тиісті рұқсат құжаты болмаса да медициналық қалдықтарды кәдеге жарату қызметін көрсетіп келген. Осыған байланысты прокурорлық ден қою шараларымен қаладағы 15 емхана, 2 оңалту орталығымен 22,4 млн теңгеге медициналық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша қызметтерді мемле­кеттік сатып алу туралы жасалған 19 шарт бұзылды. Бұған жауапты 14 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ал жақында облыстық экология депар­таментінің мамандары қоршаған орта­ның тазалығына профилактикалық бақы­лау жүргізіп, үш өрескел, алты елеулі бұзушылықты анықтап отыр. Мәселен, «Direct Construction Service» ЖШС-ның өндіріс орны аумағында 50 тонна құрылыс мате­риалдары мен бетон қалдықтары жина­лып қалған. Бұл серіктестіктің жобаларында құрылыс материалдар, бетон қалдықтарын жинақтау, сақтау, қайта пайдалану жұмыстарын жүргізу көрсетілмеген. Сол себептен, серіктестікке қоршаған ортаға эмиссияларды рұқсатсыз жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде ұйғарым берілді.

 

Атырау облысы