Париж қаласында қазақстандық делегация «ЭКСПО-2017» тіркеу құжатын қорғады.
23-24 сәуір аралығында Париж қаласында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Атқарушы комитет отырысында «ЭКСПО-2017» тіркеу құжаты бойынша есеп берді.
Тіркеу құжаты көрме нысандарының барлық техникалық құжаттарын қамтитын соңғы жоспар болып саналады.
Р.Жошыбаев өз сөзінде Атқарушы комитеттің соңғы отырысынан кейінгі кезеңдегі атқарылған жұмыс туралы баяндап, қазақстандық тараптың Бас хатшы Висенте Лоссерталестің наурыздағы Қазақстанға жасаған сапары кезінде айтылған барлық ұсыныстары назарға алынғандығын жеткізді. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» комиссары көрме қатысушыларын аккредиттеу мен қазақстандық виза беру туралы толық ақпарат берді.
Отырыс қорытындысы бойынша Атқарушы комитеттің мүшелері «ЭКСПО-2017» көрмесінің Тіркеу құжатын бірауыздан қолдап, үстіміздегі жылғы 11 маусымда Парижде өтетін Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) 155-ші Бас Ассамблеясының мақұлдауына ұсынуға шешім қабылдады.
«Егемен-ақпарат».