Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алматылық еріктілер бір жылдан астам уақыт ішінде атқарған жұмыстарымен таныстырып, еріктілер қатарына қосылудың мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Qamgor charity қоғамдық қорының төрағасы Бағдат Анарбаева алматылық еріктілер жұмыла іске кіріскенде алынбайтын қамал болмайтынын алға тартты. Бір жылдан астам мерзімде үлкен тәжірибе жинап үлгерген еріктілер қолдауға зәру азаматтарға қолұшын беруге қашанда дайын. Әсіресе «Қасіретті қаңтар» кезінде төтенше жағдай режімінде жұмыс істей жүріп, еріктілер қиын жағдайға тап болғандарға барынша көмек қолын созғаны белгілі. Жекелеген азаматтармен қатар, мекемелер мен кәсіпорындарға барып, бүгінде мыңнан астам алматылық отбасының алғысына бөленіп отыр.
Қайырымдылық іс-шаралардың басым бөлігі қасиетті Рамазан айы кезінде іске асты. Осы кезде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға ауызашар беріп, қала көшелерінде құрма мен су таратуға атсалысты. Бұл – еріктілер жұмысының бір бөлігі ғана. Еріктілер миссиясы бір реттік акция емес, қайырымдылыққа негізделген дәстүрлі іс-шаралар түрінде іске асып келеді.
«Қалада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кәсіптік бағдар беру және қысқа мерзімді кәсіптерге оқытуға бағытталған «Әлеуметтік шеберхана» авторлық жобасы жұмыс істейді. Сонымен қатар еріктілердің Ulagat жобасы аясында жалғызбасты ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық көрсетіліп келеді. Ал мереке күндері еріктілер үшін түрлі қайырымдылық іс-шаралары мен экоакцияларға толы», дейді «Қазақстан еріктілері лигасы» ҚҚ төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыров. Оның айтуынша, еріктілер өздерінің нақты іс-әрекеттері арқылы қоршаған ортасын, туған елін өзгертуді мақсат етеді. Бүгінде мұндай ұйымдардың қатарын Bilim, Sabagtastyg, Qamgor, Taza alem, Үmit, Asyl mura, Ayala сияқты ұйымдар толықтырып отыр. Ал республикалық «Игі істер марафоны», «Ардагерлерді ардақтайық», «Шай ішейік», «Жарқын жұлдыз» акциялары еріктілер тарапынан тұрақты ұйымдастырылып келеді.
«Жыл басынан бері фронт-офистің қолдауымен 80-ге жуық жоба ұйымдастырылып, жүзеге асты. Қаланың барлық жоғары оқу орындарында «Қазақстан волонтерлар лигасы» қоғамдық қорының филиалдарын ашу жоспарлануда. Бүгінде бұл ұйымның филиалдары 23 жоғары оқу орнында жұмыс істейді», деп атап өтті Н.Бекқайыров. Қоғамдық қор басшысының айтуынша, еріктілер құрамы тек жастардан жасақталмайды. «Бүгінде «күміс волонтер» тұжырымдамасы әзірленуде. Олардың құрамына белсенді азаматтық ұстанымы бар еңбекқор азаматтар кіреді. Өйткені ерікті болу қоғамға жақсы көңіл күй сыйлаудағы еркіндікпен байланысты. Ерікті болғысы келетіндер фронт-офиске хабарласып, арнайы ақпарат алғаннан кейін команданың толыққанды мүшесі бола алады», дейді ол.
АЛМАТЫ