• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Театр 22 Маусым, 2022

Astana opera – Рудный сахнасында

306 рет
көрсетілді

Astana Opera театры еліміздің ірі өндіріс орталықтарын аралап жүр. Бұған дейін Павлодар, Екібастұз және Қарағанды қалаларында өнер көрсеткен театр труппасы кезекті қойылымын Рудный кеншілеріне тарту етті.

Театрдың гастрольдік репертуарында ересек көрермендермен қатар, балаларға арналған қойы­лымдар да бар. Кеншілер қала­сындағы кішкентай көрермендерге арналған «Музыка әлемі» атты интерактивті кеш барысында театр музыканттары скрипка мен үрмелі аспаптарда ойнаудан шеберлік сыныптарын өткізіп, сопрано мен бас аралығындағы дауыс ерек­шеліктерін түсіндірді.

Жалпы, көрерменге арналған «Жібек саты» опералық драматур­гиясы Италия тілінде қойыл­ға­нына қарамастан, көпшілік шы­ғармаға терең бойлап, опера кейіпкерлерімен бірге қайғырып, бірге қуанып отырды. Театр репер­туарына 2019 жылы қосылған Дж.Россинидің бұл туындысы өнер сыншылары тарапынан да жоғары бағаланыпты. Опе­ра­лық шығармадағы бас партия­ны театр­дың жетекші солисі, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Жа­нат Бақтай орындады.

– Рудный көрермендерінің алдына алғаш шығып отырмыз. «Жібек саты» операсы камералық залға арналған. Яғни қойылымға шағын сахна қажет. Туынды шағын, гастрольдерге ыңғайлы болғанымен, мазмұны бай. Әрі көрермен де оны жылы қабылдап, көпке дейін есінде сақтайды. Бізге осындай түрлі сахналарда өнер көрсетіп, көрерменнің көңілінен шығудың өзі бір ғанибет, – дейді Жанат Бақтай.

Аталған спектакльдегі өзге партияларды опера майталмандары мен халықаралық Astana Opera академиясында тәлім алып жүр­ген талантты жастар шыр­қады. Мәселен, Дорвильдті Артур Габ­диев, Дормонтты Рамзат Балак­шиев орындаса, Джермано бей­несін Алтынбек Әбілда сомдап шықты. Бланзак пен Лючилла пар­тияларын опера театрының со­листері Евгений Чайников пен Татьяна Вицинскаялар шырқады. Спектакльді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Astana Opera театры­ның Абзал Мұхитдин же­тек­шілік ететін камералық оркес­трі сүйемелдеді.

Театрдың гастрольдік сапары осы айдың соңында Ақтөбе қала­сында түйінделеді.

 

Қостанай облысы