Шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын қаржыландыруға қосымша 97 млрд теңге қажет. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін осы жерге ел азаматтарын толғандырып жүрген аса маңызды сұрақты талқылау үшін жиналып отырмыз. Әңгіме шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінің әрі қарайғы жұмысы туралы болады. Қазір 495 мың бала 15 мың үйірме мен секцияға барады. Оған 32 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді. Жыл соңына дейін қосымша 97 млрд теңге қажет. Айтылатын сын мен қойылатын сұрақтардың алдында бір ғана дүниені айтқым келеді: артспорт – бұқаралық спортты дамытудың жалғыз механизмі емес», деді Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның дерегінше, бүгінге дейін 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін іске қосу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Оның 32-сі аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде ашылды.
«Сонымен қатар ауылдық жерлерде спорттық іс-шаралар мен секцияларды ұйымдастыруға жауапты 3 064 жаттықтырушы жұмысқа алынды. Жастарды спортқа тарту үшін өткен жылы баскетбол, волейбол, футзал, қазақша күрес, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен мектепішілік және студенттер арасында ұлттық лигалар өткізілді. Білім беру жүйесінің барлық деңгейінде дене шынықтыру пәнінің ұстаздарына сабақтан тыс іс-шараларды өткізгені үшін қосымша ақы тағайындалды. Яғни, бұл ретте 30 мыңнан астам дене тәрбиесінің мұғалімі қамтылды. 2022-2024 жылдары аталған мақсатта аймақтарға қосымша 21 млрд теңге бөлінеді», деді ол.
Министрдің дерегінше, бүгінге дейін балаларды қосымша спорт секцияларымен, үйірмелермен қамту 73 пайызды құрап отыр.
«Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі мен білім беру ұйымдарындағы секциялардан бөлек, балалар мен жасөспірімдерді оқытатын спорт мектептерінде тағы 386 мың бала білім алуда. 2022 жылы қаржыландырудың жалпы көлемі 123,7 млрд теңгені құрайды», деді Дәурен Абаев.
Аяна Тоғанбек