Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы елшісі Берік Арын МАР Уақыфтар министрі Мұхтар Жұмамен және Туризм министрі Хишам Заазумен кездесті.
МАР Уақыфтар министрі М.Жұмамен кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың үстіміздегі жылғы 18 қыркүйекте Астанада өткізілуі жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының ХІІІ отырысына қатысты хатын табыс етті.
М.Жұма аталған маңызды шараға өзі басшылық ететін мекеме өкілінің қатысатынын қуаттай отырып, Қазақстанның жаһандық деңгейде дінаралық және өркениетаралық үнқатысуды ілгерілетудегі үлесін жоғары бағалады. Ол Мысырдың Орталық Азиядағы саяси және экономикалық тұрғыдағы жетекші мұсылман мемлекеті – Қазақстанмен бұл бағыттағы өзара іс-қимылға белсенділікпен атсалысуға дайындығын атап өтті.
Сонымен қатар, М.Жұма Б.Арын тапсырған Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы М.Әзілхановтың Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын ризашылықпен қабыл алды.
Екі ел арасындағы білім және дін саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында тараптар «Нұр-Мүбәрак» бірлескен қазақ-мысыр университеті қызметінің алдағы даму болашағы жөнінде пікір алмасты. Мысырлық министр «Нұр-Мүбәрак» университетін үздік бітірушілердің келешекте Әл-Азһар университетінің магистратурасына қосымша талаптарсыз қабылдануын, сондай-ақ, Әл-Азһардың қазақстандық оқу орнының дипломдарын тануын қамтамасыз ету үшін аталған жоғары оқу орнындағы білім беру сапасын көтеру бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді.
МАР Туризм министрі Х.Заазумен кездесу кезінде елші оған Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің 21-23 мамырда Астанада өтетін VII Астана экономикалық форумы мен ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияға қатысуға жолдаған шақыруын табыс етті.
Министр Х.Заазу өз кезегінде Мысырдың қазақстандық туристерді тартуды қалайтындығын жеткізді және оны жүзеге асыру мақсатында МАР үкіметінің биылғы жаз мезгілінде Алматы мен Шарм Аш-Шейх арасында тікелей әуе жолы байланысын ашу бойынша тиісті шараларды қолға алуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
«Егемен-ақпарат».