Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерді шегіртке және карантиндік зиянкестерге қарсы күрес, егістіктерді аса қауіпті зиянды организмдерден қорғау жұмыстарымен хабардар етті.
Оның айтуынша, республика аумағында ерекше қауіпті организмдердің 12 түрі, зиянды организмдердің 5 түрі және карантиндік объектілердің 14 түрі таралған.
«Биыл үйірлі шегірткелер жалпы 997,2 мың гектар алаңда, оның ішінде италиялық прус – 760 мың гектар, азиялық шегірткелер – 201 мың гектар және марокко шегірткелері – 35 мың гектар, саяқ шегірткелер 270 мың гектар алаңда таралған. Шегірткелерге қарсы күреске республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 659 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы пестицидтер мен химиялық өңдеу қызметтерін барлық болжанған алаңға сатып алуға мүмкіндік берді», деді спикер.
Облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлерде облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрылды және мониторингпен химиялық өңдеу жұмыстарды ұйымдастыру жұмыс жоспарлары бекітілді.
Үйірлі шегіртке зиянкестерінің ошақтарын анықтау үшін GPS навигаторларды, GPS трекерлерді, планшеттерді пайдалана отырып, 527 автокөлік пен 1 239 тексеруші тартылып, 38 млн гектар жер тексеріледі. Үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізуге 165 арнайы бүріккіш техника тартылды.
«Өңдеу уақтылы және жоғары биологиялық тиімділікпен жүргізіледі. Шегірткелердің ҚХР, РФ, ӨР секілді көршілес мемлекеттерімен шекаралас аумақтарымызға көшуін болдырмау үшін шегірткелер зиянкестерін анықтау мақсатында бірлескен зерттеулер жүргізілді. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерін зақымдау, сондай-ақ шегірткелер зиянкестерінің көрші мемлекеттердің шектес аумақтарына көшуі анықталмады. Айта кетейік, фитосанитарлық шаралардың нәтижесінде шегірткелердің таралу алаңы 1,7 млн гектардан (2018 жылы), 970 мың гектарға (2022 жылы) дейін қысқартылды. Зиянды арамшөптер бойынша биыл тексеру алаңы 8,7 млн гектарды құрады. Арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 14 млн гектар алаңда жүргізілмек. Биыл гербицидтерге бөлінген субсидияның 40 млрд теңгесі 24,7 млн гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы, 2022 жылы аса қауіпті зиянды организмдер бойынша таралу көлемі 2,1 млн гектар көлемінде болжануда, оның ішінде дәнді дақылдар аурулары – 1,7 млн гектар, астықтың сұр көбелегі – 221 мың гектар. Пестицидтердің құнын 50%-ға арзандатуға 2 млрд теңге сомасында субсидиялау көзделген, бұл өңделген аумақты – 1,8 млн гектар жерді субсидиялауға мүмкіндік берді», деді ведомство өкілі.
Осы жылдың мамыр айының соңында және маусым айының басында Ақтөбе және Атырау облыстарының жайылымдық жерлерінде шалғынды көбелектерінің ұшуы байқалды, шалғын көбелегінің бірінші дернәсілдерінен ауыл шаруашылығы егістіктері зақымданған жоқ.
«Зерттеуші мекеме мамандарымен 58 мың гектар алқапта зерттеу жүргізілді, шалғынды көбелегінің зияндылықтың экономикалық шегінен жоғары қоныстану алаңы 11,5 мың гектар көлемінде белгіленді. Бұл жерлер Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында. Фитосанитарлық ахуалдың нашарлау тәуекелдеріне шұғыл ден қою мақсатында шалғын көбелекті аса қауіпті зиянды организмдер тізбесіне ауыстыру жөнінде шаралар қабылданып, тиісті бұйрық бекітілді. Бұл бұйрық жергілікті атқарушы органдарға өз есебінен күреске қаражат бөлуге рұқсат етеді. Қабылданып жатқан шараларға қосымша фитосанитарлық ахуал нашарлаған кезде шұғыл фитосанитарлық іс-шараларды жүргізу тәртібін регламенттеуді көздейтін бұйрық жобасы әзірленді. Ол мемлекеттік органдармен келісуден өтіп жатыр. Жақын арада бұл бұйрық бекітіледі деп күтілуде», деді спикер.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының айтуынша, Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдіктері жергілікті бюджет қаражаты есебінен шалғын көбелекке қарсы шұғыл фитосанитарлық өңдеу жүргізуді ұйымдастыру және шалғын көбелегінің ауыл шаруашылығы егістіктерін зақымдауына жол бермеу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу мәселесін пысықтады.
«2020 жылға дейін шалғынды көбелекке қарсы фитосанитарлық іс-шаралар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілген. Бірақ 2019-2020 жылдардағы реформаның қорытындысымен АШТӨ-нің талабы бойынша, «Атамекен» ҰКП-ның келісуі кезінде шалғын көбелегіне қарсы қорғау іс-шараларына кеткен пестицидтердің құнына 50% субсидия бере отырып, жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың жауапкершілігіне берілген», деді А.Марс.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс бақылау-қадағалау функциялары бойынша атқарылған шараларға тоқталды.
Оның айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғандарға 455 млн теңгеге айыппұл салынған, 6,1 мың заң бұзушылық анықталған. 2022 жылдың алты айында 137 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұлдар салынды, 1,8 мың заң бұзушылық фактісі тіркелді.
«Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Комитет экспорттаушы елдерге өнімді жеткізу кезінде бірыңғай карантиндік фитосанитарлық талаптарына сай келмегені туралы 165 нотификация жіберді. Оның ішінде 37 нотификация карантиндік объектілердің анықталуына байланысты. Мысалы, Литвадан төрт факті тіркеліп, импортталған гүлден карантиндік зиянкес – батыс гүлдер трипсі анықталып, 35 мың дана хризантема және роза гүлдеріне тиісті нұсқама беріліп, тәркіленіп жойылды. Сонымен катар Нидерланд елінен әкелінген 40 кг сәбіз тұқымында карантиндік ауру – зебра чип анықталып, жүк толық жойылған», деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті фитосанитарлық талаптарды импорттаушы елдермен келісу бойынша жұмыстар атқаруда. 6 айдың ішінде Қытайға экспорт құқығы бар кәсіпорындар тізімінде қазақстандық кәсіпорындардың саны 95-ке жетті. Фитосанитарлық талаптар бойынша 11 хаттамаға қол қойылды.
Спикер аса қауіпті және зиянды организмдердің ошақтарын оқшаулау және жою бойынша уақтылы қабылданған шаралар еліміздің фитосанитарлық жағдайына қолайлы әсер еткенін жеткізді. Сондай-ақ ол «химиялық өңдеу қалай жүргізіледі, халыққа бұл туралы ескертіле ме?» деген журналистер сауалына жауап берді.
«Химиялық өңдеу жұмыстарын қолға алмас бұрын алдын ала бірқатар шара жүргізіледі. Оның ішіне халыққа жайылымға мал шығару-шығармау жөнінде және химиялық өңдеу жұмыстарының қай жерде жүргізілетіні жайлы ескерту де кіреді. Бұл жұмыстарға ауылдық округ әкімдері де қатысады. Шегірткеге, басқа зиянкестерге қарсы тиісті жұмыстарды өткізудің мерзімдері бар. Бұл туралы жергілікті жердегі халық уақтылы хабардар етіледі», деді спикер өз жауабында.