• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Маусым, 2022

Мыңдаған гектар жайылым мемлекетке қайтарылды

254 рет
көрсетілді

Amanat партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды қолға алғалы біраз уақыт болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылымдық жерлерді қайтарудың маңыздылығын атап өткен еді.

Кезекті басқосуда партия хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек партия өкілдері Мемлекет басшысы тапсырған мәселені шешу жолында талмай тер төгетінін айтты. Оның айтуынша, соңғы бірнеше ай ішінде комиссияның күшімен Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 140 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекеттік меншікке қайтарылған.

«Жер – елге аманат, ел – ерге аманат» деген бар. Осы себепті жер мәселесін шешетін уақыт келді. «Жер аманаты» комиссиясының міндеті – пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді, заңсыз жекеменшікке өткен жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға көмек­тесу. Жасыратыны жоқ, олигополия тек орталық деңгейде ғана емес, аудандық, өңірлік деңгейде де бар, біз олармен тоқтаусыз күресеміз», деді Д.Кәрібек.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, комиссия мүшесі Ерлан Саиров аманаттықтар жағдаймен жеке танысу үшін еліміздің түкпір-түкпірін аралағанын жеткізді.

«Біз ең шалғайдағы ферма, қыстақ, жайлауларда болдық. Қайда барсақ та, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін айтатыны – жер мәселесі. Сондықтан қазіргі таңда партия жер мәселесімен нақты әрі жан-жақты айналысуға бел буып отыр. Міне, осы тұрғыда Amanat халықтың мұң-мүддесін қозғап жүрген халықтық партия болғандықтан, «Жер аманаты» деген комиссия құрылды. Оған елімізге белгілі, өзінің позициясы бар, жер мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың барлығы кіріп отыр», деді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жер мәселесі қоғам үшін қай кезде де өзекті екенін айта келіп, аудандарда адамдарға мал жаюға, агробизнеспен айналысуға мүмкіндік бермейтін олигополия бар екенін алға тартты. «Жергілікті олигархтар жердің бәрін меншіктеп алған. Бүгінгі таңда қоғам бос әңгіме емес, нақты нәтиже күтеді. Бұл істе Ауыл шаруашылығы министрлігінің неғұрлым белсенді болып, заңды шаралар қабылдамаған жағдайда құқық қорғау органдары әкімдерге қатысты іс қозғау үшін жергілікті атқарушы органдарға ұйғарымдар бергені жөн», деді А.Сарым.

Қоғам қайраткері, «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов ауылда жер талан-таражға түсіп кеткендіктен, ауыл азаматтары қалаға қоныс аудару­ға және қалаға келген соң үйсіз-күйсіз, жұ­мыссыз жүруге мәжбүр болып отыр­ғанын айтты.

Жерді тиімсіз пайдалануға қатысты заңгер Бақытжан Базарбек нақты мысалдар келтірді. «Маңғыстау облысындағы шаруашылықтардың бірінің жер көлемі 2015 жылы 3,5 млн гектар болды, бұл Молдова, Бельгия, Арменияның территориясынан асады. Қазіргі уақытта бұл шаруашылықта 1 млн гектардан астам жер бар, ал малы жоқ. Уәкілетті органға жер учаскесін алып қоюға не кедергі келтіріп отыр? Біз осы сияқты жағдайдың бәрін тексереміз», деді ол.

Тележурналист Мақсат Толықбай «Жер аманаты» комиссиясы жұмысының ерекшелігіне тоқталып, оған ел өмірі­не бейжай қарамайтын азаматтарды атсалысуға шақырды.

«Жасыратыны жоқ, бұл істің бар­лығын атқару министрліктерге қиынға соғады. Сондықтан қазір саяси партияның көмегі керек болып отыр. Партияның ресурсы үлкен. Комиссия жұмысын ашық ету үшін барлық тетіктерді іске қосу қажет», деді ол.

Айта кетейік, «Жер аманаты» комис­сия­сының құрамында Жанарбек Әшімжан, Қайнар Абасов, Артур Платонов сынды Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары, Бас про­куратура, Ауыл шаруашылық министр­лігінің өкілдері, Марат Бәшімов, Ки­рилл Павлов, Ғалым Байтоқ, Марат Ши­бұтов, Мақсат Толықбай сынды қоғам қайраткерлері мен блогерлер бар. Бұ­дан бұрын партияның араласуымен Қара­ғанды облысына қарасты Нұра ауданының тұр­ғын­дары 80 мың гектардан астам жайы­лымдық жерге қол жеткізген болатын.

Бұл жерлер ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдар ауыл шаруашылығы та­уарын өндірушілер, ауыл әкімдері және жергілікті қоғамдастық арасындағы меморандум шеңберінде берілді.

Ал мәселені жүйелі шешу үшін партия қолданыстағы заңнамаға өзгеріс­тер енгізуге қол жеткізуге ниетті. Атап айтқанда, жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес жөніндегі бюджеттік бағдарламаны облыстық деңгейден ауылдық округтер әкімдерінің деңгейіне беру, мал басын ескере отырып, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеме нормаларын жаңарту, елді мекен шекарасынан 5 км радиуста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жайылым беруге тыйым салу қажет.