• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 23 Маусым, 2022

Белсендірілген көмір брендке айналмақ

575 рет
көрсетілді

Елімізде жылына 1 мың тонна белсендірілген көмір өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорын Қарағанды қаласында орналасқан.

Зауыт «Шұбаркөл көмір» компаниясы коксхимиялық цехының базасында жұмыс істей бастады. Кәсіпорын жылына 1 мың тоннаға дейін өнім шығарады және абсорбент импортын ішінара өтейтін болады. Атап өтерлігі, өндірістің ТМД аумағында баламасы жоқ.

– «Шұбаркөл көмірде» өндіріс­ті әртараптандырудың бірінші кезеңі 2006 жылы спецкокс өн­ді­ретін зауытты іске қосудан бастал­ды. Арнайы кокстың ұнтақ­тарынан белсендірілген көмір алу – әртараптандырудың екінші кезеңі. Біз қосымша құны көмір құнынан екі есе жоғары өнім шығаратын боламыз. Мұндай жоғары технологиялық өндірісті іске қосу бүгінде өзекті екі мін­дет­ті қатар атқаруға септеседі. Бірін­шісі – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың эконо­ми­ка­ны декарбонизациялау ая­сында әртараптандырылған тех­ноло­гиялық экономика құру, екіншісі – көмір кәсіпорнын қайта құру, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов.

«Шұбаркөл көмірдің» коксо­хи­миялық цехының базасында спец­кокстың ұнтақтарынан белсен­дірілген көмірдің тәжірибе­лік-өнер­кәсіптік өндірісін құру идея­сын Шұбаркөл мамандары ойлап тапқан. Олар бұл жобаны ERG ин­но­ваторларының I форумында қорғап, жеңімпаз атанған болатын.

– Әрі қарай идея ERG-дің ғы­лы­ми-зерттеу инжиниринг орта­­лығының, Шұбаркөл көмір маман­дарымен және бірнеше елдің ғалымдарымен бірлесе пысық­талды. Осылайша, Шұбар­көл көміріне арналған жоғары техно­ло­гиялық және сұраныс­қа ие өнім шығаруға мүмкіндік беретін бірегей технологияны әзірлеп, енгіздік, – дейді ERG-дің ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының басқарма төрағасы Сергей Опанасенко.

Жобаның басты міндеті – импортты алмастыру. Белсендірілген көмірдің қолданыс ауқымы өте кең. Гидрометаллургия, алтын өндіру, фосфат өнеркәсібі, су­ды тазарту секілді бағыттарда қол­данылады. Оған қажеттілік жоға­ры болғандықтан (жылына 7 мың тоннадан астам), белсендірілген көмірдің барлығы Қазақстанға шетелден жеткізіліп келді. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты кәсіп­орынның одан әрі дамуы жағ­дайында ұлғайтылуы мүмкін.

Кокс-химия өндірісі қыз­метінің жетекшісі Сабыржан Иман­баевтың айтуынша, Шұбар­көл белсендірілген көмірінің негізгі артықшылығы – шикізат ретінде арзан кокс ұнтақтарын және қазіргі уақытта жағылып жатқан энергия тасымалдаушы ретінде кокс газын пайдалануда жатыр. Оның өзіндік құны да төмен. Бұл өндіріс қалдықтарын кәдеге жаратудың өте маңызды проблемасын шешуге септеседі. Сонымен қатар осы технология бойынша алынған белсендірілген көмірдің құны негізгі бәсекелестерге қарағанда 1,5-3 есе төмен болмақ.

Белсендірілген көмірдің үлгі­лері барлық қажетті зертха­налық сынақтан өтіпті. Жоба­ны сәтті енгізу кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақ­станда отандық өндірушілер шы­ғаратын өнім үлесін арттыруға мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, еліміздегі барланған көмір қоры шамамен 34 млрд тоннаға тең. Өткен жылы еліміздің көмір өндіруші компаниялары 111,7 млн тонна көмір өндірді. Көмірді қайта өңдеу арқылы 400-ден астам түрлі өнім алуға болады. Олардың құны көмірдің құнынан 20-25 есе жоғары. Әзірге Қазақстанда көмір өндірісінің жалпы көлемінде көмірден алынатын өнімнің үлесі шамамен 3 пайызды құрайды. Елімізде көмір-химиялық өнім­дердің кейбір түрлері шығары­латынын атап өткен ләзім. Олар – арнайы кокс, көмір шайыры және май, кокс газы, нафталин, пек, еріткіш, аммоний сульфаты. 2020 жылы «Шұбаркөл көмірде» белсендірілген көмірдің алғашқы сынақ партиясы алынды.