Соңғы жылдары Сырдың бойын жағалай жатқан елде елеулі өзгерістер болып жатыр. Құрылыс нысандарын салуда, бюджетке салық түсімін арттыруда республикада алдыңғы орындардан көрініп, бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетуде. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысындағы әрбір шаруа жоспарлы түрде жүзеге асуда. Біз бүгін аймақтың тыныс-тіршілігін білу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Нұржан ӘЛІБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Биылғы көктем Қызылорда облысы үшін біршама қиындықпен басталды. Жаңақорған ауданында қарғын су жүріп, елдің елеңдеп қалғаны жасырын емес. Аймақ көктемгі тасқын қаупінен қалай өтті?
– Былтыр дарияның 22,6 шақырым жерінде қорғаныс бөгеттері қайта қалпына келтіріліп, 6 дана су шаруашылық нысандары жөнделді. Оған 174,6 миллион теңге қаржы бөлінді. 2014 жылы су тасқынының алдын алу шараларына, яғни қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылғыларды қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 251 миллион 600 мың теңге қаралса, ал мұз жару жұмыстарына 15 миллион теңге қаржы берілді. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің төтенше жағдайдың алдын алуға және жоюға арналған жалпы резервтері 429 миллион 76 мың теңгені құрады. Оған қосымша облыс әкімдігінің шұғыл шығындар резервінде
466 миллион 949 мың теңге мөлшерінде қаржы дайын тұрды. Облыстағы барлық қызметтер өзендегі мұз жүру кезеңі аяқталғанша күшейтілген жұмыс режіміне көшірілді.
Қызылорда облысы бойынша Сырдария өзенінің жағалауы 73 учаскеге бөлініп, оған барлық қажетті арнайы техникалары бар 133 кәсіпорын бекітілді. Арнайы және инженерлік техника мен инертті материалдардың қорлары қауіпті учаскелерге жақын жерлерде шоғырландырылды.
Жалпы алғанда, биыл Қызылорда облысы сең жүру қаупіне тыңғылықты дайындалды. Соның арқасында дариядан келетін қауіптің алды алынып, көктемді дүрбелеңсіз өткіздік.
– Былтыр Қызылорда облысы құрылыс салу қарқыны бойынша республикада алдыңғы орыннан көрінді. Өңірдегі құрылыс қарқыны туралы айта кетсеңіз...
– 2013 жылы құрылыс және жобалау жұмыстарына республикалық һәм облыстық бюджеттен 28,0 миллиард теңге қаржы бөлініп, оның 26,9 миллиарды игерілді. Былтыр барлығы 99 нысанның құрылысы жүргізіліп, 61 нысан пайдалануға берілді.
Мәселен, білім беру саласы бойынша 5550 орынды құрайтын 19 мектеп салынды. Мұның сыртында біршама білім ошақтары кеңейтіліп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ал денсаулық сақтау саласы бойынша 25 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 17-сі пайдалануға берілді. Іске қосылған нысандардың ішінде 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 емхананың кеңейту жұмыстары, 2 емхана және 11 дәрігерлік амбулатория, 1 орталық аурухананың ішкі кәріз жүйелерінің құрылысы толық аяқталды. Мәдениет саласы бойынша 8 мәдениет нысанын өнерпаздардың иелігіне бердік. Олардың қатарында 1290 орындық 6 ауылдық клуб, 1 мұражай және 1 шығармашылық үйі бар.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 9 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 8-і пайдалануға берілді. Спорт және туризм нысандарын дамыту үшін Тереңөзек кентіндегі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілді, оны 2014 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
2014 жылы аймағымызда 83 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін оның 65 нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Қызылорда қаласы әуежайының жаңа терминалын салу үшін «Қазақстан темір жолы» компаниясымен келісімге қол қойылды. Жаңа терминал салу қандай қажеттіліктен туындап отыр?
– Қызылорда облысы географиялық жағынан өте тиімді орналасқан. Бүгінде біздің үстімізден көптеген халықаралық әуе желілері өтеді. Алайда, әуежайдың «халықаралық» мәртебесінің болмауына байланысты өзінің мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр. Сонымен қатар, әуе қатынасын пайдаланатын жолаушылар саны жыл сайын артып келеді.
2020 жылға дейінгі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясына сәйкес өңірде келешегі бар бірқатар экономикалық саланы, оның ішінде металлургия, күріш, туристік кластерлерді дамыту көзделіп отыр. Бұған қоса ЭКСПО-2017 көрмесінің туристерге арналған нысандарының бірі ретінде әлемдегі бірегей кешен «Байқоңыр» қаласы да еніп отыр. Ал кешенге Қызылорда қаласының әуежайы арқылы да жолаушы тасымалданатын болады. Осыған сәйкес Қызылорда қаласының әуежайына халықаралық мәртебе алу қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан 2013 жылы бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы халықаралық талаптарға сай сағатына 250 адамға қызмет көрсете алатын жаңа жолаушылар терминалын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
– Өткен жылдың соңында Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында көгілдір отын тарту мәселесіне қатысты маңызды меморандум жасалды. Бұл құжат төңірегінде қандай шаруалар атқарылады?
– 2013 жылы 27 желтоқсанда Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасалған болатын.
Биыл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың инвестициялық қаржысы есебінен барлығы 16 миллиард теңгеге 4 аудан орталықтарына және Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен аудан ішілік газ құбырларының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, 2013 жылы «ҚазТранГаз Аймақ» АҚ-тың инвестициялық қаржылары есебінен 4 348,1 мың теңгеге Қызылорда қаласына «Бейнеу – Шымкент» магистралды газ құбыры арқылы екінші автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы жүргізілді. Бұл өз кезегінде Қызылорда қаласын толығымен және үздіксіз газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
– Ғасыр жобасына баланған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының 812 шақырымы Қызылорда аймағын кесіп өтеді. Жалғыз Қазақстан емес, әлемдік қауымдастықтың назарындағы жол құрылысының жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Облыс аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 812 шақырымы өтеді. Оның 246 шақырымы – I техникалық санатта, 566 шақырымы – II санатта. Бүгінгі күнге аталған жолдың 590 шақырымы немесе 73% толық аяқталды. Қалған 222 шақырымды құрайтын жол аумағындағы жұмыстарды «Аккорд Окан», «Тодини», «Солини» және «Евраскон» компаниялары осы тамыз айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.
Бүгінде облыс аумағынан салынып жатқан құрылыс жұмысында ешқандай кідіріс жоқ. Барлығы жоспар бойынша өрбіп келеді. Жалағаш пен Жосалы кенттерінің арасындағы құрылыста біршама қиындық болғанын жасырмаймыз. Дегенмен, өз жұмысына жауапсыз қараған мердігер компанияны сот арқылы шеттетіп, орнына басқа компания келді. Осылайша, ол аралықтағы жол құрылысы да қарқынды жүріп жатыр.
– Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы премьер-лигадағы алғашқы ойындарын жақсы нәтижесімен бастады. Облыста миллиондардың ойыны саналатын футболды дамыту үшін қандай шаралар жасалып жатыр?
– Облыс бойынша футболмен шұғылданушылар саны – 39377 адамды құрайды екен. Оның ішінде спорт мектебінде 97 топта – 1438 бала, әлеуметтік тапсырыс арқылы жұмыс жасайтын спорт нұсқаушылар арқылы 335 топта – 10165 адам шұғылданады.
2014 жылдан бастап «Қайсар» футбол клубының жанынан резерв қалыптастыру мақсатында балалар мен жасөспірімдер футбол орталығы ашылып, 11 жаттықтырушы 180 жасөспіріммен тыңғылықты жұмыс жасауда.
Аймақта футболды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы жасалды. Бағдарлама аясында орталық стадион және қосалқы футбол алаңы қайта жаңғыртудан өткізіледі. Қызылорда қаласында 30 шағын әмбебап алаңдар және аудан орталықтарында бір-бірден футбол алаңдары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 3000 көрерменге арналған жабық футбол манежі, 10 мың көрерменге арналған жаңадан футбол стадионын салу жоспарлануда. Оған қоса стадионның маңынан 6 футбол алаңы бой көтереді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.