• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Кино 23 Маусым, 2022

Білікті кинотанушы еді

476 рет
көрсетілді

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) тұңғыш рет кино мамандарын даярлайтын бөлімдердің ашылуы қазақ өнері мен мәдениетінің тарихындағы айтулы жаңалықтардың бірі болды. Бұл шынында да қазақ кино өнерінің болашағын айқындап берген өте маңызды қадам еді.

Аталған оқу орнында 1993 жылдан бастап кинотану, кинотеледраматургия, кино режиссері (көркемсуретті, деректі, анимация), кино және телевизия операторы, т.б. мамандықтары ашылып, алғашқы шәкірттері қабылданды. Әмен Қайдаров, Әкім Тарази, Камал Смайылов, Бауыржан Нө­гербек, Ерсайын Әбдірахманов сияқты қазақ өнері мен әдебиетінің, мәдениетінің белгілі қайраткерлері осы игі істердің басы-қасында болып, өздері де өзегін жарып дәріс оқыды. Олар қазақтың өз киномектебінің ашылғанына шынайы қуанды, әрқайсысы болашақ кинематографистердің рухани ұстазына айналды. Өйткені олар тәуелсіздіктің қадірін білетін ұр­пақтың өкілдері еді. Осылайша, жаңа мемлекеттің құрылысы жү­ріп жатқан тұста дүниеге кел­ген кинопедагогика ұлттық кине­ма­тографтағы ұрпақтар сабақ­тас­тығының үзілмеуінің бірден-бір себепшісі болды. Жалпы, бұл – келешек үшін қазақ киносының ең бір ұтқан маңызды сәті еді.

1993 жылы алғашқылардың бірі болып ашылған мамандықтардың қатарында кинотану да болды. Осы жылы белгілі кинотанушы, профессор Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек өзінің алғашқы шеберханасына он бір адам қабылдады. Солардың бірі – кейін өзі де ұстазының жолын қуып, қаншама шәкірт тәрбиелеген, қазақ кино­­тану саласына үлкен үлес қосқан Гүлжан Құрманғалиқызы Наурыз­бекова болатын.

Әрине әрбір жаңалықтың дүниеге келіп, қалыптасуы, бір арнаға түсуі оңай емес. Барлық кезеңнен өтетіні белгілі. Кинотану мектебі де осы жолдардың бар­лығынан өтті. Студенттік жылдардан бастап тәуелсіз Қазақ­станның ұлттық кино мекте­бінің, соның ішінде кинотану саласының қалыптасу сәттерінің куәсі болу мүмкіндігіне ие болдық. Міне, осы кезеңде Гүлжан Құрманғалиқызы ұстазымыз Бауыржан Рамазан­ұлының жанында жүріп, алғашқы оқу бағдарламаларын құрастырып, олардың оқу процесіне еніп, сту­денттердің білім алуына оң­тай­лы жағдай жасауға зор еңбек сіңіргендердің қатарынан болды.

1990 жылдардың соңына қарай енді ғана қанатын қомдап келе жатқан кинопедагогика саласына дәріс беретін мамандар ауадай қажет еді. Оқуын жаңа ғана тәмамдаған Гүлжан Құр­манғалиқызы кафедраға бір­ден оқытушы болып қабыл­дан­ды. Өйткені студенттік жыл­дардың өзінде-ақ ерік-жігерінің мық­тылығы, жан адамды жатыр­қа­­майтын көпшілдігі, ұйым­дас­­тырушылық қасиеті, еңбек­қор­лығы, мамандығына деген керемет сүйіспеншілігі, ізденім­паз­дығы ерекше байқалып тұ­ратын. Көп уақыт өтпей-ақ кафедра меңгерушісі болып та­ғайындалды. Осылайша, әлі де ше­шілуге тиіс мәселелері көп кино­­педагогиканың күрделі де қызықты өміріне бел шеше араласып кетті. Ең алдымен, кафе­драның оқытушылар құрамы толықтырыла бастады. Өйткені жыл сайын көбейіп келе жатқан студенттерге кино өнерімен бай­ланысты түрлі пәндерден дәріс беретін мамандардың келіп қо­сылуы заңды еді. Осылайша, бола­шақ кинотанушылар мен ки­нотеледраматургтерді дайындайтын кафедраның ісі алға қарай біртіндеп ілгерілей бастады.

Еліміздегі кинопедагогиканың алғашқы кезеңіндегі ең бір күрделі мәселе – фильмдер қорының тапшылығы еді. Кино мамандары, әсіресе болашақ кинотанушы үшін отандық және әлем киносымен таныс болуы өте маңызды екені белгілі. Ол жылдары қазіргідей кез келген уақытта қалаған фильміңізді интернеттен тауып көре беретіндей мүмкіндік жоқ. Кино мамандарын даярлайтын бөлімдердің алғашқы студенттері отандық және әлем киносының шығармаларын не­гізінен Кино үйінде, кинотеатр­ларда жиі ұйымдастырылатын кино апталықтарында, шетел киносының онкүндіктерінде көріп, танысатын. Уақыт өте келе әлемнің белгілі деген небір режиссерлерінің фильмдері жазылған алғашқы VHS, кейінірек Betacam бейнекассеталары пайда бола бастады. Міне, осы кезде кинотанушы, ұстазымыз Раушан Оспанова фильмдер қорын жинауға ұсыныс білдіреді. Әрине жаңалықты, жа­ңашылдықты әрдайым жаны сүйетін кафедра меңгерушісі Гүл­жан Құрманғалиқызы бұл ұсы­нысты қолдай кетеді. Сөйтіп, көп уақыт өтпей-ақ №116 аудитория болашақ киногерлер үшін жұмақ мекенге айналып сала берді, өйткені ондағы шкафтың сөрелерінде әлем киносының небір жауhарлары жазылған кассеталар тізіліп тұратын. Бұл фильмдер қорының сол жылдары кино мамандарын, соның ішінде кинотанушыларды даярлайтын кафедраға  тигізген көмегі зор болды.

Гүлжан Құрманғалиқызы кинотану шеберханасының жетекшілігі және кафедра меңгерушілігімен бірге шығармашылығын да қатар алып жүрді. Баспасөз беттерінде қазақ киносы туралы мақалалары мен түрлі тақырыптарға арналған сұхбаттары жиі жарияланып тұрды. 2000 жылы Мұхтар Әуе­зов шығармаларының экрандалу мәселелері арнайы зерттелген «Әуезов және кино» атты монографиясы жарық көрді. Сондай-ақ 2005 жылы жарық көрген «Қазақ киносының тарихы» атты қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтың авторларының бірі әрі ондағы қазақ көркемсуретті киносының тарихы туралы бөлімнің авторы болды. Бұлардан бөлек студенттерге арналған қаншама оқу-әдістемелік құралдарды жария­лады. Еліміздің кинопедагогика саласына сіңірген тағы да бас­қа көптеген маңызды еңбек елеу­сіз қалмай, Білім және ғылым ми­нистрлігінің «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен» марапатталды.

Ұстазы, Қазақстандағы кәсі­би кинотанудың негізін қалау­шы, белгілі кинотанушы Бауыр­жан Нө­гер­­бектің мекте­бінен түлеп ұш­қан Гүлжан Құрман­ғали­қызының қазақ киносын зерттеу саласына, кино­педагогикаға қосатын үлесі, бола­шақ жоспарлары әлі де көп еді. Бірақ амал нешік... «Жаз­мыш­тан озмыш жоқ» дейді, осы жылғы нау­рыз айының соңында сұм ажал ортамыздан алып кетті.

Бүгінгі кинопедагогикада, киноөндірісінде, телевидение­де, кинофестивальдарда т.б. же­місті еңбек етіп жүрген қанша­ма шәкірттері, құрметтейтін дос­тары мен әріптестері бар Гүл­жан Құрманғалиқызының қазақ кино­сы, кинотану саласы үшін еткен еңбегі ешқашан ұмытыл­майтынына кәміл сенеміз!

 

Назира РАХМАНҚЫЗЫ,

кинотанушы,

Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры