Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы қаралып, бекітілді. Бұл құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Дүниежүзілік банктің қатысуымен әзірлеген.
Тұжырымдамада көзделген негізгі нысаналы индикаторлар туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтып берді. Құжатта 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ІЖӨ-нің 25,1%-ына дейін жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 2026 жылы $25,5 млрд-қа дейін ұлғайту көзделген.
«Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Тұжырымдама жобасы инвестициялар тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешенін көздейді. Инвестициялық дамудың негізгі пайымы әрбір саланың экономиканы дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, инвестициялар тартуға теңдестірілген тәсілден тұрады. Өңдеу өнеркәсібі бәсекеге қабілеттілікті арттырудың түйінді драйвері болып табылады» деді бұл жөнінде Тимур Жақсылықов.
Мұнда еңбек өнімділігінің өсуіне, экспорттың көлемін ұлғайтуға және күрделілігін арттыруға, неғұрлым жоғары қайта бөлу өнімінің жаңа өндірісін игеруге және өндірісті кезең-кезеңімен оқшаулауға баса назар аударылады.
Бұл ретте мемлекеттік қолдау жеке капиталдың жетіспеушілігі бар жоғары технологиялық капиталды қажет ететін жобаларды іске асыру үшін басым көрсетіледі.
Екінші маңызды драйвер – қызмет көрсету секторы.
Фокус өңірлік және жаһандық жеткізу тізбектеріне тиімді интеграциялау үшін қажетті инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру үшін технологиялар трансферті мен кәсіби құзыреттерді ілгерілетуге шоғырландырылмақ.
«Мемлекеттің қатысуы стратегиялық және маңызды әлеуметтік саладағы жобаларда басым болады. Ел экономикасындағы үлкен үлеске байланысты шикізат секторы инвестициялар ағынының маңызды бағыты, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстық база болып қала береді. Бұл жерде негізгі салаларды дамыту үшін жалпы жүйелік жағдайлар жасауға, оның ішінде жаңа қайта бөлуді дамытуға, негізгі құралдарды жаңғыртуға, технологиялар трансфертіне, тиімділік пен экологияны жақсартуға баса назар аударылады», деді Т.Жақсылықов.
Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау тек деңгейлес шараларға ғана жүргізіледі. Олар – инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, жер қойнауын пайдалану құқығы, мемлекеттік кепілдіктер.
Елдің одан әрі инвестициялық дамуы барлық инвестиция үшін, әсіресе еңбек өнімділігі мен экспортқа бағдарланған инвестициялар үшін тиісті орта құрумен байланысты. Осыған орай тұжырымдама жобасы негізгі үш бағыт бойынша құрылған 45 нақты іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспарын қамтиды.
Бірінші – ашық және болжамды инвестициялық саясатты қалыптастыруға бағытталатын инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту. Осы бағыт шеңберінде құқықтық режімді жетілдіру, сот төрелігіне сенім мен ақпаратқа қол жеткізуді жақсарту, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту, сондай-ақ жобалар мен өндірушілерді ілгерілетудің цифрлы құралдарын жасау арқылы инвесторлар үшін институционалдық орта мен инфрақұрылым жетілдірілмек.
Екінші – нарықтарға қолжетімділікті жақсарту және компаниялардың қалыптасуы үшін тұрақты және ауыртпалық салынбайтын жағдайлар жасауды көздейтін жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуіне жәрдемдесу.
Үшінші – экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу. Бұл бағытта мынадай іс-шараларды іске асыру көзделген: тиімсіз меншік иелерін ауыстыра отырып, дәрменсіз кәсіпорындардың нарықтан жедел шығуы үшін банкроттық рәсімдерін оңайлату; капиталдар ел экономикасына қайтарылған жағдайда оларға рақымшылық жасау; қазақстандық компанияларды шетелдік юрисдикциялар мен офшорлық аймақтардан АХҚО юрисдикциясына ауыстыру және т.б.
Жалпы тұжырымдама жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу ESG талаптарын күшейту жағдайларында елдің тартымдылығын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар іске асырылады.
Тұжырымдама жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісе отырып жасалған.
Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров баяндады. Өңірлердегі инвестициялық жағдай туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтып берді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстанның шетелдік инвестициялар ағыны бойынша 46% үлесімен Орталық Азияда бұрынғысынша көш бастап тұрғанын айтты.
«Соңғы 5 жыл ішінде біздің еліміз жыл сайын 20 млрд доллардан аса инвестиция тартуда. Жаһандық пандемияға байланысты 2020 жыл ерекше жағдай болып, бұл кезде әлемдік инвестициялар ағымы 35%-ға азайды. 2021 жылы инвестициялық ағындар қалпына келіп, Қазақстан $23,7 млрд тартып, 37,7%-ға өсу көрсетті. Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасына сәйкес тікелей шетелдік инвестициялар жыл сайынғы ағыны 2026 жылға қарай $25,5 млрд-ты құрауы қажет», деді А.Айдаров.
Жалпы, 2021 жылы Қазақстанға негізгі инвесторлар ретінде Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей Федерациясы, Қытай, Бельгия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия және Франция кірді. Француз Республикасын қоспағанда, олардың барлығында өсім байқалды.
Сондай-ақ барлық негізгі салалар бойынша да өсім бар: тау-кен өнеркәсібі – 18,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 65,4%-ға, сауда – 46,7%-ға, қаржы және сақтандыру қызметі – 57,2%-ға, құрылыс – 37,8%-ға өсті. Бұл ретте инвестициялардың төмендеуі білім беру, денсаулық сақтау (61,6%), сумен жабдықтау (74,4%) салаларында байқалды.
2021 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік инвестицияларды тарту бойынша нысаналы көрсеткіштер 11 өңір бойынша орындалды және асыра орындалды. Ең жоғары өсімді Түркістан, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы көрсетті. Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары нысаналы көрсеткішке қол жеткізе алмады.
«Инвесторлармен жұмыс істеуде нақты тәсілді қамтамасыз ету үшін инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесі құрылды және олар табысты жұмыс істеуде. Сыртқы деңгей – бұл біздің жалпы саны 104 бірлікті құрайтын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері және KAZAKH INVEST өкілдері. 2021 жылдың қорытындысы бойынша олар 1,5 мыңнан астам компаниямен жұмыстар жүргізді. Орталық деңгей – бұл барлық министрлік пен квазимемлекеттік ұйымдар. Олар 2 700-ден астам кездесу өткізді. Өңірлік деңгей – бұл барлық әкімдік. Өткен жылы өңірлерге шығумен шетелдік делегациялардың 615 сапары ұйымдастырылды. Осы жұмыстардың қорытындысында жыл сайын кем дегенде шетелдіктердің қатысуымен 40 ірі жоба іске қосылады», деді А.Айдаров.
Президенттің тапсырмасы бойынша биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобаның бірыңғай пулы қалыптастырылды. Аталған пул тоқсан сайын жаңартылып, министрліктер мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды. Бүгінгі таңда пулдың жалпы көлемі 24,4 трлн теңгені құрайтын 765 жобадан тұрады және 112 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Көптеген жобаны іске асыру 2025-2026 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Осы жылы 3,2 трлн теңге сомасына 306 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен 40 жоба бар.
Енгізілетін жобалардың ішінде: араб инвесторларының Нұр-Сұлтан қаласында көпфункционалды кешен салуы, Қарағанды облысында Татнефть компаниясының шиналарын шығаратын зауыт, Ақтөбе облысында 48 МВт жел электр стансасының екінші кезегін салу бойынша ENI/General Electric жобасы, баламалы электр көздері бойынша ШҚО, Алматы, Түркістан, Ақтөбе облыстарындағы 5 жобалар және т.б. бар.
А.Айдаровтың айтуынша, шетелдік инвесторларға нақты ұсыныстар қалыптастыру үшін барлық саладан «инвестицияларға тапсырыстар» қалыптастырылады. Халықаралық стандарттарға сәйкес 200-ге жуық инвестициялық ұсыныс дайындалды және олар бойынша жұмыс жүргізу қолға алынды, олардың 159-ы бойынша жергілікті серіктестер бар.
Сыртқы істер министрлігі заттай гранттар, кедендік және салықтық жеңілдіктер ұсынуға арналған инвестициялық келісімшарттар жасайды. Пандемия мен басқа да дағдарыстық құбылыстарға қарамастан аталған мемлекеттік қызметті цифрландыру мен бизнес-процестерді тұрақты жетілдірудің арқасында инвестициялық келісімшарттардың саны мен инвестиция көлемі артуда. Мәселен, инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде егер 2018 жылы тек 33 келісімшарт болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 85 инвестициялық келісімшарт жасалған.
«Осы жылы 44 келісімшарт жасалды, енді тағы 100-ден аса келісімшарт жасауды көздеп отырмыз. Келісімшарт жасау тұрғысынан Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау, Қарағанды және Алматы облыстары – неғұрлым белсенді өңірлер. Жаңа Инвестициялық саясат тұжырымдамасын, ESG қағидаттарын, сонымен қатар еліміздің қажеттіліктері мен әлемдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, мына салаларға инвестиция тартуға назар аударуымыз қажет: бұлар тікелей шетелдік инвестициясының үлесі 1%-дан аз болатын агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика, қызмет көрсету секторы, финтех, жасыл энергетика, сирек жер металдары», деді А.Айдаров.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, осы жылдың 5 айында қала экономикасына 131,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29%-ға ұлғайды. Жыл соңына дейін 538 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, оның көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 16%-ға артады деп күтілуде.
«Жалпы, 2022-2025 жылдары қалада жүзеге асырылатын құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 242 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында құны 550 млрд теңгені құрайтын 45 жоба іске асырылады», деді М.Әйтенов.
Қала әкімі ірі жобаларға тоқталды. Бірінші, KAZALPACK компаниясы осы жылы құны 23,4 млрд теңгені құрайтын алюмин банкілерінің өндірісі жобасын іске қосып, 150 жаңа жұмыс орнын құрды. Сондай-ақ бұл кәсіпорын 2023-2025 жылдары алюминий тақталары өндірісі жобасын іске асырады. Оның инвестиция көлемі – 40 млрд теңге, 350 жаңа жұмыс орны ашылады.
Екінші, Karlskrona компаниясы құны 26 млрд теңгені құрайтын гидравликалық насостар өндірісі жобасын жүзеге асырады. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Үшінші, өзбекстандық инвестордың қатысуымен Orient Ceramic компаниясы құны 13 млрд теңгеге керамикалық тақталар өндірісі жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Төртінші, 1 мың орындық көпбейінді университеттік клиника мен заманауи емхана жобасын іске асыру көзделген. Инвестиция көлемі – 120 млрд теңге.
3 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадан өтуде.
Бесінші, Asia Trafo компаниясының құны 7 млрд теңгені құрайтын трансформатор өндірісі. Жоба аясында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары кернеулі реакторлар шығарылады.
Шымкент қаласының әкімі биыл өңдеу өнеркәсібі саласында құны 83 млрд теңгеге 25 жоба іске асырылатынын атап өтті. Нәтижесінде, 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Бүгінгі күні қалада жалпы аумағы 743 гектарды құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Аймақтардың толымдылығы 90%-дан асты.
«Қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұмыстары басталды», деді Мұрат Әйтенов.
Бірінші, «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Аумағы – 306 гектар. Бүгінгі күні инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта 200 млрд теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады. 5 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Бүгінгі таңда, 17 жобаға жер телімдері беріліп, инвесторлар жұмыстарын бастап кетті.
Екінші, «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Аумағы – 132 гектар. Басты бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеу. Инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Аймақта 23 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда 7 млрд теңгеге 6 жобаны іске асыруға жер телімдері ұсынылды.
Үшінші, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту. Қазіргі таңда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту бойынша қосымша 175 гектар жер учаскесі анықталды. Бұл аймақта құны 150 млрд теңгеге 30-дан астам ірі жобаны жүзеге асырып, 3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Төртінші, «Стандарт» жеке меншік индустриялық аймағы. Аумағы 119 гектарды құрайды. Бұл аймақтың ерекшелігі – инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Шымкент қаласының әкімдігі 2025 жылға дейінгі инвестиция тарту жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізуде. Біздің жоспарымыз бүгінгі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі ұсынған 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес келеді», деді қала әкімі.
Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген. Құжат ел экономикасына тартылатын инвестициялардың өсуіне айтарлықтай ықпал етеді деген сенім бар.
Жалпы, Қазақстан инвестициялар өсімінің пандемияға дейінгі деңгейіне жетті. Мәселен, биылғы 5 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5%-ға өсіп, 4,1 трлн теңгені құрады.
Ақмола облысы, Шымкент және Алматы қалалары негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімінің жоғары қарқынын көрсетіп отыр. Түркістан және Қарағанды облыстарында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеп кеткен.
Ә.Смайылов Қазақстанның тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды ел екенін және бұл жағынан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұрғанын атап өтті. «Қазіргі жағдайда біз осы ұстанымымызды одан әрі нықтай түсіп, шетелдік инвестициялар үшін күресте белсенді қимылдауымыз керек және инвесторларға барынша оңтайлы жағдай жасауымыз қажет. Сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек. Бүгін ұсынылып отырған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің бастауы болуға тиіс», деді Үкімет басшысы.
Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет елдің инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын бекітті.
Премьер-Министр орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Инвестициялық саясат тұжырымдамасындағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.