• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Маусым, 2022

Даналық туралы туынды

867 рет
көрсетілді

Жақында белгілі суретші, режиссер, Қазақстан Суретшілер одағы мен Еуразия суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының академигі және аталған академияның бірінші вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпір әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің Дамаск қаласындағы музейіне барып, ұлы ғалымның өмір жолын қылқалам күшімен айшықты бейнелеген кең көлемдегі «Балалықтан даналыққа жол» атты бес бөлімнен тұратын туындысын тарту етті.

Осыдан екі жыл бұрын елі­­мізде ғұлама ғалымның 1150 жылдық мерейтойы мем­лекеттік деңгейде аталып өтілді. Соның аясында тұғыр­лы тұлғаның ең­бек­тері қайта басылып, ғылы­ми конференциялар мен жобалар, түрлі іс-шара ұйымдас­тырылды. Талантты суретшінің айтулы еңбегі де осы мазмұнды шаралардың жалғасы деуге болады.

– Жалпы, бұл идея маған осыдан жеті жыл бұрын келді, – деп бастады сөзін Жан­ұзақ ағамыз. – Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Абай атамыздың өмір жолын ғана емес, халқымыздың болмысы, тұрмысы, бай этнографиясы көркем суреттелген. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, мен де Әл-Фараби бабамыздың Отырардан заманында білім мен ғылымның ордасы болған Самар­қан, Бұхара, Бағдат, Мерв, Каир секілді шаһарларынан бастап, ақырғы демі үзілген Дамаскіге дейін жүріп өткен жолын бейнелі бояу түсімен жеткізуді ойладым. Портрет деген бір адамның бейнесі болса, мен бұған ғалымның барлық өмі­рін сыйдыруға күш салдым. Алғашында оны «Әл-Фара­би жолы» деп атағам, кейін оған ғалымның өмір жо­лы балалықтан даналыққа жалғас­қандығын көріп, «Балалықтан даналыққа жол» деп қойдым, – деді суретші.

Бес бөлімнен тұратын көлемді картинаның бірінші бөлімінде ұлы бабамыздың балалық ша­ғы, туған жері – Отырар қаласы­ның сол уа­қыт­тағы көркем кел­беті бейнелі шыққан. Терезе алдында кітапқа үңіліп отыр­ған он жастағы зерделі бала­ның жүзінен болашақ ұлы ғалымның ойлы бейнесін көре­сіз. Оның маңайында ұшып жүрген көгер­шіндерден бейбіт өмірдің сазын сезінесіз. Арғы жағынан асық ойнап жатқан балалар мен алтыбақан тепкен құрбыларының дауысы құлағыңызға келгендей болады. Бір бүйірде түйе сауып жатқан апалардың сұлбасы ағараңдайды. Қысқасы, айтулы тұлғаның балалық ша­ғы арқылы қазақ жері де өркениеттің алтын бесігі болған­дығын суретші астармен көркем жеткізе білген. Ал екінші, үшінші, төртінші бөлімдерден – ғұлама ғалымның туған жерінен ұзап, керуенмен алыс сапарға аттанған көрі­нісін көресіз. Мұнда ұлы адам­ның жолы түсіп, білім алған Ташкент, Самарқан, Бұхара, Каир, Мысыр, Бағдат және т.б. шаһарлардың айшықты бейнесі сол дәуір көрінісімен жарасымды бедерленген. Самарқандағы Ұлықбек обсерваториясы да көзге бір­ден шалынды. Әлемнің екін­ші ұстазы атанған Әл-Фара­би Ұлықбектен екі ғасыр бұ­рын өмір сүрді. Сондықтан ғалымдар Са­мар­­қандағы білім мен ғылым­ның қалыптасуына Әл-Фарабидің үлесі зор деп айтады. Әлемнің 70-ке жуық тілін­де еркін сөйле­ген фи­лософтың өмір жолын­да атал­ған шаһарлардың әрқай­сы­ның орны үлкен. Мәселен, ол Бағ­датта 20 жыл тұрып, «Қайы­рымды қала тұрғындары» трактатын жазды. Сондай-ақ суретші еңбегіндегі 11 түйелі керуен – 1100 деген сан болса, түйенің ботасы 50 дегенді білдіреді. Соңғы бесінші бөлімде философ ғалымның Дамаскіге шаһардың шығыс жақ есігінен кіріп келе жатқан сәті суреттелген. Қала тұрғындары мен ғұламалардың бәрі жиналып, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабиді қарсы алып тұр. Олар­дың бірі қолына глобус ұс­таса, енді бірі қалам ұстап, ұлы ғалыммен кездесуді күтіп тұрға­нын байқайсыз.

Жалпы, біз сөз етіп отырған туындылармен көзіқарақты қауым таныс деп ойлаймыз. Былтыр Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы музейде және астанадағы Ұлттық музейде қылқалам шеберінің жеке көрмесі өткенде, бұл картиналар жұртшылық назарына ұсынылды.

– Осы іргелі еңбегімді аяқта­ған­нан кейін оны Дамаскідегі Әл-Фараби му­зейіне еліміздің және өз атымнан сыйласам деп ойладым. Содан Премьер-Ми­нистрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге хат жаздым. Ол кісі оны бірден қолдады. Сөйтіп, Дамаскіге жолымыз түсті. Сонау ерте заманнан өркениеттің орта­лы­ғы болған әлем астаналарының алғаш­қысы Эш-Шам бүгінде Дамаск шаҺары умаяттардың мешіттері көп орна­ласқан сұлулығына көз тоймайтын қала. Тар көшелерінің тас төселген жолдары ерте за­ман­ды еске түсіреді. Көне ша­һар­­дағы ұлы ғалым музейін Қазақстан салған. Мұражайдан бабамыздың зираты да алыс емес. Музейдің жалпы кө­лемі 6000 шаршы метрге жақын. Ішін­де Қазақ елінің тарихы және шығыс философының өмір жолы, тақуалық мағы­наларға толы шығармалары мен трактаттары сақталған. Сонымен бірге суретші Ағымсалы Дүзел­хановтың ұлы тұлғаның бейнесін келістіріп салған портреті ілініпті. Ал менің туындыларым музейдің бірінші қабатына қойылды. Қазір музейде үш қызметкер бар екен. Меңгерушісі, ғалым, профессор. Бізді жылы қарсы алып, құрмет көрсетті. Қала тарихын баяндап берді. Жол сапардан үлкен әсер алдым. Ол туралы арнайы жазамын. Осы сапарыма қолдау көрсеткен барлық азаматқа алғысымды айтамын», – деді Жанұзақ Керімбекұлы.