АСТАНА. 25 сәуір. Мысырдың туризм министрі 1 мамырдан бастап елге кіру үшін берілетін туристік виза құнының қымбаттайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Ntv.ru хабарлады.
«Енді саяхатшылар виза алу үшін бұрынғыдай 15 доллар емес, 20 доллар төлейтін болады», – деді Мысырдың туризм министрі Хешам Заазу. Оның айтуынша, визаның бағасын өсіру бұрынырақта жоспарланған, алайда, билік оның нақты күнін белгілемей келген. Бұдан бұрын визаның бағасы 2013 жылдың қарашасында, одан кейін биылғы ақпан айында көтеріледі деп хабарланған болатын.
Министр бағаның өсуінен туристер саны бәрібір азаймайтынын айтады. «Баға көтерілгенімен, ол әлі де әлемдегі ең арзан визалардың бірі саналады», – дейді Х.Заазу.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, үстіміздегі жылдың алғашқы екі айында Мысыр 1,3 млн. туристті қарсы алған. Бұл өткен жылдың дәл осы аралығындағы көрсеткіштен 28 пайызға төмен болып шыққан.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Ntv.ru.
Фото: Reuters.com.