• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Маусым, 2022

Шеберлікті шыңдаған медиамарафон

298 рет
көрсетілді

«Жазғаны – жақұт, же­гені жантақ» журналис­тер қауымының кәсіби мерекесіне де санаулы күндер қалды. Үкіметтің қаулысымен арнайы бекітілген 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары күніне орай ұйымдастырылған іс-шара­лардың алғаш­қы легі де басталып кет­ті. Осыған орай «Назар­баев Зияткерлік мек­тептері» (NIS) дербес білім беру ұйымы алғаш рет республикалық медиамарафон өткізді.

Жалпы кәсіби мерекелерді өткізудің қатып қалған қағидаты бар. Құттықтау шараларының көбі ресми форматта өтіп, лебіз білдіру, Алғысхат берумен шектеледі. Ал елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-те өткен іс-шара ерекше рәуіште өтті.

Журналистерді қарсы алған осы бағыттағы мектептің директоры Мей­рам Жакенов: «Журналист – қы­зығы мен қиындығы қатар жүретін, жауап­кершілігі үлкен мамандық. Төртінші билік өкілдері қашан да – қоғамның үні әрі айнасы. Әлбетте, ақпарат майданында жүру, жаңалық тарату оңай шаруа емес. Бүгінге дейін сіздер біздің елең еткізерлік оқиғаларымызды елге жеткізіп, сол арқылы зияткерлік мектептеріне, шәкірттерімізге қолдау көрсетіп келдіңіздер. Осы жолы сіз­дер­ді жұмыс істеп, жазу үшін емес, мерекелік көңіл күйді сезініп, бір сәт рухани демалсын деп арнайы шақырып отырмыз», дей келе ақпарат саласының өкілдеріне жылы лебізін білдірді.

Расымен іс-шараға шақырылған әр журналист медиамарафонның шын пейілмен, ұсақ-түйегіне дейін ойлас­­тырылып жасалғанына куә болды. Ал­дымен Мейрам Әміржанұлы бастаған ұжым журналистерге физика-математика бағытындағы мектептің тәжірибелік зертханаларымен, әртүрлі үйірме, секцияларымен таныстырды. Мұндағы ұстаздардың шеберлік дәрістеріне журналистердің өздері де қатысып, біраз саланың ішкі әлеміне үңілді.

Медиамарафонның алғашқы ше­бер­лік сабағы көнеден келе жатқан кәсіп түрі – қыш өнерімен танысудан басталды. Қосымша білім беру педагогі Асан Борончинов қалам ұстаған қауым­ға саз балшықтан құмыра, тостаған, табақ, тіпті сазсырнай жасаудың қыр-сырын көрсетті. Қызық біздің қолымызға небәрі 300 грамдық саз ұстатқанда басталды. Оны илеудің өзі күш екен. Дұрыс иленбесе, істегелі тұрған «ғажайып» туындыңның пішіні дұрыс шықпайтыны былай тұрсын, кепкенде үгітіліп сынып кетеді. Одан кейін иі қанған сазды үздіксіз айналып тұрған құмырашы шеңбердің ортасына дәлдеп жапсыру, одан қалаған пішінді жасап шығару әжептәуір күш-жігер мен шеберлікті қажет етеді екен. Керамист-шебер гончарлық өнер бір күнде үйренетін іс емес екенін, оған біраз уақыт қажет екенін түсіндірді.

Бұдан кейін «Шебер-Art» шебер­лік сабағы өтіп, онда журналистер өнер пәнінің оқытушысы Алтын Ерғазина­мен бірге, экологиялық сөмкелерге трафареттің көмегімен түрлі сурет са­луға машықтанды.

Ал қосымша білім беру педагогі Салтанат Омарованың «Арт-Дизайн» дәрісінде қатысушылар фетрден ұлттық нақыштағы шағын сөмке жасауды үйреніп, оларды түрлі әшекейлермен безендірді.

Өнер пәнінің мұғалімі Оразбек Еша­новтың да сабағы тағылымды болды. Қалам ұстаған қауым ағаштан бесік жасауды үйреніп, дайын бөлшектерді құрастырды. Шебер ұстаз бесіктің қа­дір-қасиетін түсіндіріп, атадан балаға мұра болып келе жатқан құндылығымыз әр қазақтың төрінде тұруға тиіс екенін айтты.

Естеріңізде болса, осы физика-мате­матика бағытындағы зияткерлік мекте­бінің 2021-2022 оқу жылы домбыра сабағымен аяқталып, мыңнан астам оқушы еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқта­ған­ның жетекшілігімен қазақтың күй­лерін домбырамен күмбірлеткен еді. Осынша оқушының бірмезгілде ұлт­тық музыкалық аспапта ойнауы «ең ауқымды домбыра сабағы» ретінде тір­келіп, Гиннестің рекордтар кітабына енуге үміткер болып отыр. Міне, осындай мықты ұстаздың алдын журналис­тер де көріп, А.Тоқтағаннан қазақтың «Еркем-ай» әнін домбырада ойнауды меңгерді.

Жалпы, NIS-те дәстүрлі оқу үрдісімен қатар, ұлттық құнды­лық­тарға, қазақтың ежелгі қолөнер түр­леріне де ерекше көңіл бөлінетіні бай­қалды.