Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен түркі әлеміне ортақ 3 түрлі оқулық әзірленді. Бауырлас елдер арасындағы білім саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға бағытталған оқулықтар Түркі елдерінің мемлекет басшылары қатысқан Саммиттегі тапсырмаға сәйкес басталған еді. Сараптамадан сәтті өткен кітаптар енді еліміздегі мектептерге таратыла бастайды. Сондай-ақ Қазақстан Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесіне төрағалық етпек. Бұл туралы елордада өткен кеңестің V отырысында айтылды.
Ғылыми кеңестің V отырысына Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әмреев, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан елдерінің Қазақстандағы елшілері мен Түркия елшілігінің өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әмреев:
– Қазіргі таңда Түркі мемлекеттері ұйымының аумағындағы интеграциялық үлгісінің ажырамас бөлігі саналатын ғылым, білім және мәдениеттің маңызы артты. Бұл салалар – еліміздегі әлеуметтік өзгерістерді, экономиканың дамуын, халқымыздың әл-ауқатын көтерудің негізгі факторы, – деді.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов түркі елдері арасындағы ынтымақтастықтың маңызы жыл өткен сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ыстанбұл саммитінде айтқандай, Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін дұрыс қолдануымыз керек. Осы мақсатта түркі елдері арасындағы білім және ғылым саласы бойынша интеграция аса үлкен маңызға ие. Бұл ретте Халықаралық Түркі академиясының маңызды жобаларының бірі – мектеп оқушыларына бағытталған «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтарын әзірлеу. Бұл оқулықтар әбден қаралып, сараптамадан өтті, – деді министр А.Аймағамбетов.
Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев «Ортақ түрк тарихы» оқулығы өз елінің оқу бағдарламасына енгізіліп үлгергенін, осы оқулықпен әзербайжандық оқушылардың білім алып жүргенін жеткізді.
– Ыстанбұлда өткен сарапшылар жиынында ХV ғасырға дейінгі «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтары бойынша мүше елдер арасында табысты талқылаулар болған еді. Бір нәрсені айта кету керек, академия тарапынан Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркиядан сарапшылардың қатысуымен түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің мектеп оқушылары үшін дайындалған ХV ғасырға дейінгі «Ортақ түрк тарихы» 2019-2020 жылдан бастап еліміздегі 151 мектепте факультатив пән ретінде 8-сыныптарда оқытылып келеді. Әр оқу жылында бұл пәнді әзербайжан және орыс тілінде білім алатын 14 мыңға жуық оқушы оқып жатыр. Қалған екі оқулық та өзге түркі елдерінің оқу бағдарламасына енгізіледі деп үміттенемін, – деді Э.Амруллаев.
Басқосу барысында Түркия тарапы Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесіне төрағалық міндетін Қазақстанға табыстады. Аталған кеңестің төрағалығын қабылдап алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл мандаттың үлкен жауапкершілік екенін айтты.
– Қазақстанның Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің төрағалығын алуы – біз үшін өте үлкен жауапкершілік, маңызды оқиға. Неге десеңіз, Қазақстанда елеулі реформа жасалып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» деген жаңа көзқараспен, ауқымды жоспармен елімізде стратегиялық өзгерістерді бастады. Жаңадан тағайындалған Ғылым және жоғары білім министрі ретінде ғылыми-қолданбалы зерттеулерді және жоғары білім саласындағы интеграцияға салмақ беруді ұсынамын. Академияға мүше мемлекеттердің білім-ғылым саласы басшыларының ой-пікір, ұсынысымен өз күш-жігерімді осы екі бағытты жүзеге асыруға арнағым келеді. Біздің ғылыми-зерттеу институттар түркі әлемі, жалпы түркі тарихы, жағрапия, әліппе зерттеулеріне өз ресурстарын қосады, – деді С.Нұрбек.