• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2014

Алып қоюды азайтсақ қайтеді, ағайын?..

283 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің өткен сәрсенбідегі жалпы отырысында­ кейбір заңнамалық актілерге этил спирті мен алкоголь өнімін шы­ға­ру және айналымын реттеу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы заң жо­басы талқыланды. Заң жо­басы жө­нінде баяндама жасаған Премь­ер-Министрдің орынбасары – Қар­жы министрі Бақыт Сұлта­нов­тың ай­­туына қарағанда, Қазақстан қазір спирт­ті өнімдерді тұтыну жөні­нен әлемдегі 188 елдің арасында 34-ші орын алады екен. Орташа ал­ғанда әрбір азамат бір жылда 5,5 литр спирт немесе 11 литр арақ іше­­ді екен. Нәтижесінде Орталық Азия ел­дері арасында бұл мәселеде бә­рі­­­нен озып, алдыңғы орында тұр екен­біз. Алкогольді өнімдерді тұтыну­­ды азайту бағытында Елбасы бір­қатар тапсырмалар берген. Со­ның біріншісі күшті алкоголь өнім­дерінің бағасын бірте-бірте көте­ру және екіншіден, сауда орын­дары тәртібін қатаңдату. Ұсы­нылып отырған заң жобасы осы тапсырмаларды орындауға ба­ғытталған, дей келіп, Бақыт Сұл­танов оның ерекшеліктерін атады. Алдымен министр 2014-2016 жылдарға күшті алко­голь өнім­дерінің акциздік мөлшер­ле­­месі 3,2 есе артқанын еске сал­ды. Екін­ші бағыт бойынша алко­голь­­ді өнімдер сататын сауда нүк­те­лері шектелетін болыпты. Осы жер­де министр заң жобасы бойын­ша алкогольді өнімдер бала­лар мен жасөспірімдер, спорт­тық және саламатты өмір сал­тын на­сихаттайтын мекеме­лер­де, ста­диондар мен жанар-жа­ғар­май стансаларында сатыл­май­тын­ды­ғын жып-жып етіп, тез айтып өтті. Сөйтсе, оның мәнісі бар екен. Бұрын алкогольді өнімдер сата­­тын сауда нүктелері балалар мен жас­өспірімдер мекемелерінен кем дегенде 100 метр қашықтықта бо­луы керек деген талап болған. Ал мына заң жобасы сол талапты алып тастапты. Министрдің заң жоба­сындағы осы бір келеңсіз жер­ден жып-жып етіп, тезірек өтіп ке­туге тырысқаны соған назар аударт­паудың амалы сияқты көрін­ген. Алайда, депутат Алдан Смай­ыл бұл қулықты сезіп қалып, бұрын­ғы та­лаптың түсіп қалғанына қын­жылыс білдірді. Сонымен бірге, депутат арақ­тың кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, қаншама бала жетім, қаншама әйел жесір қалғанын айтып өтті. Оның зардабын арнайы зерттеген бірде-бір адам жоқ. Егер араққа тосқауыл қою туралы әңгімені айта бастасақ, баяғы Горбачевтің кезін, сондағы біржақтылықты еске алып, сылтауды көбейтеміз. Жалпы, ұрпағын ойлаған елдерде заң әлдеқайда қатаң. Біз Норвегияда болдық. Ол жақта да арақты бір кезде қатты ішкен. Соның кесірі ме, кім білсін, бұл елде демалыс және мереке күндері ешқандай жерде арақ сатпайды. Тамаша. Әрине, Норвегия да арақтан түсетін пайданы ойлаған, алайда, ұрпақ үшін оның залалы әлдеқайда қымбатқа түсетініне көз жеткізген. Ресейдің Тыва, Саха сияқты республикаларында «арақсыз аудан», «арақсыз қала» сияқты бастамалар көтеріліп, бұл ішімдікті мүлде тыюға бет алды. Бізде де неге сондай қозғалыс жасамасқа, деді депутат одан әрі. Бұл пікірге депутат Владислав Косарев біршама қарсы шық­­­ты. Оның ойынша, қазір қазақ­стан­дықтар алкогольді өнімдерді тұты­ну­дың жоғары мәдениетіне қол жет­кізуге ұмтылып келеді. Өздеріңіз қараңыздаршы, соңғы 10-15 жылда мас болып жүрген адамдар саны шұғыл азайып кет­ті емес пе? Осы­ның өзі біздің халқымыздың бұл ішімдіктерді қолдануда мәдениетті қадамдар жасағанының көрінісі деп қалай айтпассың? Әрине, бұл қазақ халқының ділінде арақтың сүйкім­ді сусын қатарынан орын ал­майтындығынан да болар. Есте­ріңізде болса, бұрын жаназаларда міндетті түрде арақ ішілетін еді. Қазір ондайлар мүлде жоғалды. Тіп­ті, үйлену тойларында, мерей­той­ларда да арақ қоймау салтқа еніп ке­леді. Қандай тамаша. Әри­не, арақ-шарапты қоятын дастар­қандарға да кездесіп қаласың, алайда, ешкімнің де бұрынғыдай теңселіп, сөзіне шашалып, аяғынан шалынып жүргенін көрмейсің. Бәрі де белгілі нормамен ғана ішеді. Осының бәрін айтып отырған себебім, біз «жою», «тыйым салу», «құрту» дегенді қойып, жоғарыда айтқанымдай, арақ-шарапты мәдениетті тұтыну жолдарын насихаттай беруіміз керек. Сонда ұтамыз, деді депутат. Бұл пікір де жөн сияқты. Қатаң тыйым салудың тиімділігі көп емес екенін өмірдің өзі дәлелдеген. Сондықтан да ішімдік ішу мәде­ниетін насихаттай бергеннен ұта­рымыз көп. Ал тек ішуді көз­дей­тін «қызылкөздер» арақты қан­ша жерден тыйсаң да тауып ішері сөзсіз. Тіпті, арақ болмаса басты айналдыратын улы заттар ішкендерін де көрдік қой. Жалпы, алып қоюды азайтсақ қайтеді, ағайын?.. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».