• RUB:
    5.05
  • USD:
    491.71
  • EUR:
    529.97
Басты сайтқа өту
Күрес 27 Маусым, 2022

Елордада «Қазақстан Барысы» турнирінің финалы өтеді

533 рет
көрсетілді

3 шілдеде елорда күніне орай «Барыс-Арена» мұз сарайында «Қазақстан Барысы» ХІ республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан Барысының әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Дода ережесіне сәйкес сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан, облыстық (қалалық) деңгейдегі және күштік құрылымдар желісі арасында іріктеу жарыстары толығымен өтіп, оған еліміз бойынша бес мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішінен 36 балуан ақтық сынға жолдама алды.

Олардың ішінде осыған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаев бар. Бұдан бұрын өткен жылдың жеңімпазы Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турнирге қатыспайтынын мәлімдеген еді. Ал екі дүркін «Қазақстан Барысы» атанған Айбек Нұғымаров спорттық жолын аяқтағанын жариялады.

Турнирді Мәдениет және спорт министрілігі және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Qazaqstan Barysy» қоры мен Qazaq kuresi Ассоциациясы ұйымдастырады.

Қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты биылғы турнир «бүк» ұпайынсыз өтеді.

«Қазақстан Барысы» турнирі аясында жеңімпаз атанған балуанға 25 000 000 теңге, алтын белбеу мен ауыспалы алтын «тайтұяқ» табысталады. Екінші орынға 5 500 000 теңге және үшінші орынға 1 800 000 теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады.

Турнир Qazsport арналары арқылы тікелей эфирден көрсетіледі.