Түркістан облысында тұрғынның ауласынан 30 түп сора есірткі өсімдігі табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі затын өсірді деген күдікпен аудан тұрғынын ұстады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) бойынша СДТБТ-ға енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері күдіктінің үйін тексеру кезінде ауласынан 26 түп, ауланың сыртында ағаштармен қоршалған жерден төрт түп есірткіге ұқсас өсімдік тауып, тәркіледі.
Айғақты зат ретінде алынған заттарға сараптама тағайындалды. Нәтижесінде, оның сора есірткісі екені расталды. Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аяна Тоғанбек