Синестезия деген термин бар. Ол – адамдардың нәрсені сезім мүшелерінің біреуімен қабылдап, екіншісімен сезінуі. Мәселен, дыбыстан бейне көру немесе керісінше бейнеден үн есту. Бұл – көбінесе шығармашылық адамдарға тән құбылыс. Кейде ақындар өлең жазғанда әуелі әлдебір әуен келеді деседі.
Бір адамның болмысына қарап, түсін таныған кез болған шығар. Мәселен, Жұмекен Нәжімеденовті қоңырқай ақын дейді. Осы теңеу де синестезияның белгісі.
Жоғарыда аталған термин ақынның болмысын ғана емес, шығармашылығын да еске түсіреді. Оның өлеңдерінде қоңыр түстің алатын өз орны бар. Есенғали Раушанов: «Қазақтың түбі – түркі, түлігі – жылқы, түсі – қоңыр. Бұны ойымнан шығарып отырған жоқпын. Осының бәрі Жұмекен ағаның өзінің өлеңінде бар», деген еді. Сол өлең мынау.
«Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
көзін сулап, қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп –
қоңырқай ой маза берер емес түк.
Қоңырайып жатыр алда жол әлі –
кеудем кейде қоңыр күйге толады.
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы...»
Ақын қазақтың болмысын, танымын, өнерін, тұрмыс-тіршілігін танытатын түсті қоңырға телиді. Өзінің де бар бітімі осы өлшемнің қалыбында қаланған. Расында, қоңыр жырларынан қоңыр күй төгіліп тұрады. Кейде одан домбырасын алып қойсаң, ақындығы бірге жоғалатындай не ақындығы болмаса, домбырасы да болмайтындай көрінеді. Қоңырқай ақында кең танымымен тәрбиеленген күйдің тілін сөз қылып, не жазған жырларын күй қылып түсінетін түйсік бар. Оның пайым-парасаты да ерекше. Әдебиетші қауым жиналғанда «домбыра тартшы» деп бекер қолқаламайды. «Үндемес күйшіні тыңдағанда алдыңда кім отырғанымен ісің болмайды. Ол өзімен-өзі. Сен өзіңмен-өзіңсің. Айналаңда қалықтап күй ғана тұрады... Талай нәрсені ұмытып, талай нәрсені ойға аласың... Неткен рахат әлем! Салқын саз, сабырлы саз». Міне, осы әсерге елітеді. Әркім өз жанының сырымен күйдің тілін түсінбекке талпынады. Терең сүңгіп жүрегінен толғамды ой табады. Ал ол ойға күй жеткізіп үлгермесе, ақынның өлеңі үзілген тұстан қайта жалғап береді. Өйткені күй мен жырда бірін-бірі түсініп, біте қайнасқан сыр бар.
Сол жиында ақындар жарыса жыр оқып, кезек Жұмекенге келгенде ол тек «маржандай қып түсінікті жазылған қолжазбасын» ұсынады екен.
Әбіш Кекілбаев естелігінде: «Қолжазбаға үңіліп сен отырасың. Құлағыңда әлгі бір қоңыр әуен. Әлі бебеулеп тұр. Олар алаңдатып мына жырды ұғынтпай, мынау өлеңдер алаңдатып әлгі әуендерді ұмыттырып жібере ме екен деп қорқасың. Жоқ, өйтпейді... Күй мен жыр көп ұзамай бір әлемге айналады. Мынау үндемес ақын мына өлеңдерді жазғанда әлгі әуендерді естіп отырып жазғандай. Ал мына өлеңдер әлгі күйді қайталап шертіп тұрғандай. Сол баяғы шалқар көлдей мөлдірей тұнған кәусар әлемге күмп бересің», деп жазады.
Қазақ баяғыдан бір құбылысты екінші құбылыспен астарлап дәл жеткізе алған. Бұл – оның табиғатпен тамырлас шығармашыл түйсігінен туған сезімталдық. Кез келген талантқа ондай өрелі биіктік дарымайды. Ол үшін жүректі болу керек шығар. Сезім түйсігі адамгершілік қасиеттермен тәрбиеленуі керек. Танымы кең, түсінігі терең парасат иесі болуы қажет. Нағыз өнер осыдан туады. Жұмекеннің де болмысы сондай.
Айтолған ЖҮНІСХАН,
Еуразия ұлттық университетінің студенті