Алматының Орталық стадионында жеңіл атлетикадан даңқты желаяқ, Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнир өз мәресіне жетті.
31-нші мәрте ұйымдастырылып отырған дүбірлі додада 15-24 шілде аралығында АҚШ-тың Юджин қаласында өтетін әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салынды. Сол себепті Жапония, Қатар, Малайзия, Таиланд, Тунис, Үндістан, Украина, Пәкістан, Аустралия, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан секілді мемлекеттер өздерінің бірқатар белді спортшысын Алатау баурайына аттандырды. Әсіресе Үнді елінің қыздары аталған жарысқа өте керемет даярлықпен келгендігін байқадық. Олардың арасынан Навджит Дхиллон (диск лақтыру), Абха Хатуа (ядро лақтыру), Чанда (1500 метрге жүгіру), Киран (400 метрге жүгіру), Сарита Ромит Сингх (балға лақтыру), Ансу Соян (ұзындыққа секіру), Анну Рани (найза лақтыру) және Даналаксми Секар (200 метрге жүгіру) сынды жеңіл атлеттері алдарына жан салмады.
Жерлестеріміздің арасынан Мария Ефремова (үш қарғып секіру), Ольга Сафронова (100 метрге жүгіру), Кристина Овчинникова (биіктікке секіру) және Анастасия Ермакова (сырықпен секіру) асқан шеберлік танытып, алтыннан алқа тақты.