Сербияның Прокупле қаласында өткен жүлде қоры 25 мың АҚШ долларын құрайтын ITF турнирінде Жібек Құламбаева табысты өнер көрсетті.
Үндістандық Пратхан Тхомбаремен жұп құраған жерлесіміз алғашқы айналымдарда Дария Лодикова (Ресей) мен Луиза Мейер-ауф-дер-Хайде (Германия) және Ивана Йорович пен Деяна Радановичтен (Сербия) басым түссе, жартылай финалда Ангелика Морателли (Италия) мен Илона-Георгиана Гиороайеге (Румыния) сан соқтырды. Ақтық сында олар Лейре Ромеро (Испания) мен Тара Вюрт (Хорватия) жұбымен шеберлік байқасуға тиіс еді. Алайда хорватиялық теннисшінің жарақат алуына байланысты қарсы жақ кортқа шығудан бас тартты.
Сөйтіп, Жібек Құламбаева ITF жарыстарындағы жеңістерінің санын 19-ға жеткізді.