Футболдан Қазақстан чемпионатының 15-туры аясында жеті кездесу өтіп, соның үшеуінде қонақтар жеңіске жетсе, үшеуі тең аяқталды. Тағы бір бәсекеде алаң иелерінің мерейі үстем болды.
Сенбіде екі ойынды тамашаладық. «Ақжайық» Оралда Шымкенттің «Ордабасы» клубына есе жіберді – 0:1. Бұл матчтағы жалғыз голды 77-минутта Одилбек Әбдумәжитов соқты. Павлодарда «Ақсу» мен Қарағандының «Шахтеры» тең тарасты – 1:1. Жексенбіде тағы бес бәсекенің куәсі болдық. «Ақтөбе» «Астананы» 4:1 есебімен ойсырата ұтты. «Тобыл» Петропавловскіде жергілікті «Қызылжарды» 3:1 есебімен еңсерді. Осы жеңісінің арқасында қостанайлықтар көш басындағы «Астананы» қуып жетті. «Каспий» Ақтауда Түркістанның «Тұранына» жол берді – 0:2. «Тараз» бен «Қайрат» және «Мақтаарал» мен «Атырау» арасындағы кездесулерде 1:1 есебі тіркелді.
15-турдан кейін «Астана» мен «Тобыл» көш басында үзеңгі қағыстырып келеді. Екеуінде де 24 ұпайдан бар. Олардан бір ұпай кем жиған «Ақтөбе» үздік үштікті түйіндеуде. Ал көш соңындағы «Мақтаарал» небәрі
10 ұпайды қанағат тұтуда.