• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2014

Жол. Көлік. Жүк

324 рет
көрсетілді

Көлік және коммуникация министрлігі 2016 жылға дейін көлік саласын дамыту жоспарын бекітті. Аталған жоспар 2014 жылғы  еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатының бірінші кезекті іс-шаралары жол картасын іске асыру аясында жасалған. Оған транзитті ұлғайту, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға бағытталған 70 іс-шара кірген. Бұл жайында кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте Көлік және коммуникация министрлігі  Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асавбаев айтты. «Көлік және логистикалық инфра­құрылымды әртараптандыру мақсатында министрлік нақты іс-шаралар кешенін жос­парлады. Оның негізгі бағыттарына мемлекет жекеменшік серіктестігі тетігін пайдаланып, шетелдік инвестицияларды тарту және біріккен ұйымдар  құру арқылы Ақтау теңіз портында 3 құрғақ жүк терминалдарын салу, «Қорғас – Шығыс жолдары» арнайы экономикалық аймағы  «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісінде қозғалысты ашу кіреді», деді Көліктік бақылау комитетінің төрағасы. Қазіргі таңда министрлік портты солтүстік бағытқа қарай кеңейту жұ­мыстарын жүргізуде. Әсет Асавбаевтың ай­туынша, порттың кеңейтілуі оның өткі­зілім мүмкіндігін, құрғақ жүкті ауыстырып тиеуді жылына 2,5 млн. тоннаға көбейтпек.   Сондай-ақ, жоспар бойынша «Қорғас – Шығыс жолдары» АЭА аймағында құрғақ порт құрылысын қамтамасыз ету шаралары да қарастырылған. «Жетіген – Қорғас» теміржолы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі әлеуеттерін пайдаланып, құрғақ порт салу ірі логистикалық хаб қалыптастыруға жағдай жасамақ. Автомобиль, теміржол және әуе инфрақұрылымымен байланысты контейнерлік, жүк және қойма қызметтерінің интеграциясы Азиядан Батыс Еуропаға, ТМД және Шығыс бағытына жүктерді тасымалдайтын клиенттерге бір жерде логистикалық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек.  Порттың құрылысы 2014 жылдың шілдесінде басталады. Сонымен қатар, «Жезқазған – Бейнеу» темір жол желісінде қозғалысты ашу жоспарланған. 2013 жылы «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» теміржолдарының бас бағыттарын түйістіру іске асырылған. Аталған учаскелерде құрылыстың жал­ғастырылып жатқанына байланысты, стансалар мен разъездердегі инфрақұрылым нысандарын және әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар салуға 10 мыңнан астам адам жұмылдыру көзделген. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».