• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Маусым, 2022

Елордада Румыния Президентінің кітабы таныстырылды

414 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Конституция залында Румыния Президенті Клаус Йоханнистің «Біртіндеп басып биікке» атты кітабының  тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған тұста, Еуропада ең алғашқы болып таныған мемлекеттің бірі де осы Румыния еді.

Осының нәтижесінде 1992 жылдың 15 шілдесі күні Қазақстан Румыния мемлекетімен өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан болатын. Кейін 1993 жылы Румыния Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ашылса, 2003 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Румыниядағы Дипломатиялық миссиясы ашылып, екі елдің өзара әріптестік қарым-қатынасына серпін берілді.

2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Румыниядағы Қазақстанның Дипломатиялық миссиясы Румыниядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі болып қайта құрылды.

Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай Румыния Президенті Клаус Йоханнистің «Біртіндеп басып биікке» атты кітабының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтсе, Румыния астанасы Бухарест қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабының румын тіліндегі басылымының тұсаукесері өтті. 

Екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың отыз жылдығына орайластырып жасалған бұл рухани игі іс-шараның авторы – Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов. 

Румынияның қазіргі Президенті Клаус Йоханнис – екі бірдей мерзімге сайланып, 2014 жылдың 21 желтоқсанынан бері ел тізгінін нық ұстап келе жатқан басшы. Ол посткоммунистік Румынияның кейінгі тарихындағы ғана емес, жалпы Еуропа одағындағы беделді де, көрнекті саясаткерлердің бірі ретінде өзін таныта білген тұлға.  

«Біртіндеп басып биікке» – Румыния Президентінің бірер жыл бұрын жарық көрген кітабы. Кітапта автор өзінің жеке тұлға және саяси қайраткер ретіндегі өсу, біртіндеп қалыптасу жолын Румыниядағы және осы елдені шағын қала Сибиудегі өмірімен қатар өре отырып, қарапайым тілмен баяндайды.

Сондай-ақ бұл кітаптың тұсукесер рәсіміне көптеген құрметті қонақтар, атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Василенко Роман Юрьевич, ҚР Энергетика және табиғи ресурстар вице-министрі Сүлейменова Зүлфия Болатқызы, Қр Парламент Сенатының депутаты Жүсіп Нұртөре Байтілесұлы, Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мэдэлина Лупу және Румынияның ҚР Елшілігіндегі экономикалық кеңесшісі Николае Павалука, Румынияның ҚР Елшілігіндегі консулы Шербан Журебие, сондай-ақ зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі, ҚР-ның Румыниядағы бұрынғы Елшісі Төлеутай Ысқаұлы Сүлейменов пен Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов ЗУМ жүйесі арқылы байланыс жасап, іс-шараға қатысып отырды.

Тұсаукесер рәсімінің тізгінін ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет ұстады. Жазушылар одағының төрағасы Румыния мен Қазақстан арасындағы өзара әріптестік қарым-қатынастардың, соның ішінде әдеби-рухани байланыстардың барысына тоқталып өтті. 

Алғашқы болып сөз алған ҚР Сыртқы істер министрі болған және ҚР-ның Румыниядағы Елшісі қызметін атқанған Т.Ы.Сүлейменов мырза Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған кезеңнің бастамасы туралы естеліктерімен бөлісіп, іс-шараның барысына сәттілік тіледі. 

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Ю.Василенко өз сөзінде Румыния мен Қазақстан арасында қысқа мерзім ішінде екіжақты қарым-қатынастардың биік деңгейіне жеткендігіне, Оңтүстік-шығыс Еуропадағы Қазақстанның экономикалық әріптесі ретіндегі маңызына тоқталды. 

«Сауда айналымы бойынша Қазақстанның әлем елдері арасындағы он үшінші орындағы Румынияның транзиттік мемлекет ретіндегі мүмкіндігі зор. Кітап – ұлт пен ұлттың арасындағы таныстырушылық, ағартушылық мақсатты жүзеге асырудағы ең таптырмас құрал», дей келе Румыниядағы Елшіліктің игі ісіне алғысын айтты.

Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов бүгінгі іс-шараға қатысып отырған құрметті қонақтарға, барша жұртшылыққа, кітаптың жарық көруіне атсалысқан мекемелерге алғыс-ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар Румыния Президенті Клаус Йоханнистің мемлекет басшысы ретіндегі саяси тұлғасы, бүгінгі екі ел арасындағы байланыстардың лайықты дамып жатқандығы туралы баяндап өтті.

«Біз Румыния мен Қазақстан арасындағы мәдени, экономикалық байланыстардың одан әрі дами беретініне сенімдіміз. Көліктік-транзиттік байланыстардың әлеуеті зор. Екі елдің арасындағы дипломатиялық байланыстардың отыз жылдығына орай мемлекет басшыларының кітаптарын аударып, қалың оқыманға ұсыну жоспарымыз жүзеге асқанына қуаныштымыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы румын оқырмандарының қызығушылығын тудырарына күмәніміз жоқ. Президентіміздің қойып отырған ұстаным, талаптарына сай алдағы кезеңде қазақ-румын қарым-қатынастарын нығайта түсуге барынша күш салатын боламыз. Қазақстан-Румыния қарым-қатынастары дами берсін!», деген тілегін жеткізді Румыния Президенті.

Осылайша, Румыния мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына отыз жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараның бірінші бөлігі елордада ойдағыдай өтті. Румыния Президенті Клаус Йоханнистің «Біртіндеп басып биікке» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.